Құран Кәрімде:
وَذَكِّرْ فَإِنَّ الذِّكْرَى تَنفَعُ الْمُؤْمِنِينَ
«Ескерт! Өйткені, ескерту мүміндерге пайда береді» («Зарияті» сүресі, 55-аят),-дәп әмір етеді. Салауат – зікірдің бір түрі. Салауат – Алла Тағалаға мадақтау мен Пайғамбарына игілік пен сәлем айту дұғасының жиынтығы. Салауаттың қасиеттері жайлы аяттар мен хадистер негізінде 40 хикметі табылған. Ендеше, сол хикметтері мен сырларын назарларыңызға ұсынамыз:
- Салауат – Алла Тағаланың әмірін орындау;
- Салауат – Алла Тағаланың сөзімен қатар жүреді. Алла Тағаланың Пайғамбарға салауаты – мақтау және шарапат көрсету болса, мұсылманның салауаты – Алла Тағаладан тілегін сұрап дұға ету;
- Салауат – Періштелердің Пайғамбарды мақтауы. Салауат айтумен мұсылманның тілегі, періштелер тілегімен ұштасады;
- Бір салауат – Алла Тағала тарапынан он жарылқауға себеп;
- Бір салауат – мұсылманның мәртебесін он есе көтереді;
- Бір салауатқа – он сауап беріледі;
- Бір салауат – он қателікті жуып шаяды;
- Дұғадан алдын айтылған салауат тілектің қабыл болу үмітін арттырады;
- Салауат – Пайғамбар (ﷺ) шапағатына лайық болудың бірден-бір себебі;
- Салауат – күнәнің кешірілуіне себеп;
- Салауат – Алла Тағала тарапынан адамның уайым-қайғысының кетуін қамтамасыз етеді;
- Салауат – қиямет күні Пайғамбарға (ﷺ) жақын тұруға себеп;
- Салауат – жағдайы төмен адам айтса, садақаның орнын басады;
- Салауат – мұң-мұқтаждықтың өтелуіне себеп;
- Салауат айтушыны – Алла Тағала жарылқайды, оған періштелер дұға жасайды;
- Салауат – айтушының жан дүниесін тазартады;
- Салауат – адамның тірі кезінде жәннатпен сүйіншіленуіне себеп;
- Салауат – қиямет қорқынышынан құтылуға себеп;
- Салауат – ұмытқан нәрсені тез еске түсіруге көмектеседі;
- Салауат айтсаңыз, сәлеміңізге Пайғамбар (ﷺ) жауап қайтарады;
- Мәжіліс басында салауат айту – жиынға берекет келтіреді және азын-аулақ кемшіліктерді жояды;
- Салауат – кедейлікті жояды;
- Салауат – мұсылманның сараңдығын жояды;
- Салауат – Пайғамбарымыз жазғырған адамдар қатарынан құтқарады;
- Салауат – жәннатқа апатарын жолға жетелейді;
- Салауат – Алла Тағаланы тілге алмайтын мәжілістен сақтайды;
- Салауат – сөзді толықтырушы дұға. Әр маңызды әңгіме Алла Тағалаға мақтау және Пайғамбарға (ﷺ) салауат айтумен басталады;
- Салауат – қыл көпірде мұсылманға мол нұр сыйлайды;
- Салауат – адамды дөрекіліктен құтқарады;
- Салауат арқылы Алла Тағала сізді жер мен аспанды мекен еткен жаратылыс арасында жақсы атқа лайық етеді;
- Салауат – адамның өзіне, амалына, өміріне және әрбір оның мүддесіне қажетті шаруада берекет береді;
- Салауат – Алла Тағаланың рақыметіне бөленуге себеп;
- Салауат – мұсылманның Пайғамбарына (ﷺ) деген ұдайы сүйіспеншілігінің белгісі;
- Салауат – Алла Елшісінің (ﷺ) сүйіспеншілігіне себеп;
- Салауат – мұсылманның тура жолда жүргенінің белгісі;
- Салауат – айтушының аты-жөні Пайғамбар (ﷺ) құзырында ескерілуіне себеп;
- Салауат – қыл көпірде мұсылманның аяғы нық болуына және аман-есен өтуіне себеп;
- Салауатпен – үмбеті ретінде аз да болса Пайғамбар (ﷺ) алдындағы борышы өтеледі;
- Салауат – адамзатқа жіберілген ең үлкен нығмет Пайғамбар (ﷺ) үшін Алла Тағаланы зікір ету және шүкіршілік білдіру сөздерін қамтиды;
- Салауат – дұға, ол дұғада мұсылман Раббысына ең абзал адамға, яғни Алланың досы Пайғамбарға (ﷺ) мақтау айту, оның мәртебесі мен дәрежесінің ұлғаюуын сұрайтын дұға.
Мұхаммед Ибраһим