27
Сәрсенбі,
Қараша

һижри

Бас имам: Егемендік - біз үшін өте қастерлі ұғым

Бас имам: Егемендік - біз үшін өте қастерлі ұғым

Мақалалар
Жарнама

Қадірменді халайық, ардақты отандастар!

Сіздерді, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы үмітін үзбей аңсаған асыл арманы орындалып, азат ел болу үшін жасаған дұға-тілектері қабыл болған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік - ұрпақтары баябан даланың төсінде баяшат ғұмыр кешуі үшін «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», өздерінің бар мүмкіндігін сол жолға арнаған бабаларымыздың мағыналы ғұмырының жемісі. Тарихы ұзақ, алпауыт елдердің бірі болған Қазақ хандығы құлатылғаннан кейінгі бірнеше ғасырға созылған бодандық жылдарда да аталарымыз осы күннің қайта оралуын аңсап дұға-тілек жасады, сол жолда сабырмен талай сынақтан өтті. Талай бодау берді. Міне, сондықтан да, біз үшін егемендік – бабаларымыздың көкейіндегі мұсылманшылық бекзада қасиеттерінің бізге жеткен нұр шұғыласы іспетті өте қастерлі ұғым.

Алаш баласына азат күн келуімен қатар ана тіліміздің мәртебесі артты, ата дініміз өркен жайды, салт-дәстүріміз оралды. Рухани жаңғыру үрдісін басынан кешіріп жатқан қазақ қоғамының әлі де талай жоғы түгенделіп, өшкені жанып, өлгені тірілетіні анық.

Елбасымыз өз Жолдауында айтып өткеніндей, еліміз бірқатар тиімді реформалар, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған кешенді бағдарламалар нәтижесінде алға қадам басып келеді. Ұлы Даланың төсінде рухы биік, бірлігі бекем Мәңгілік Ел болу жолында ел іргесінің тыныштығы мен ағайын бірлігінің тас түйін болмағы аса маңызды. Осы жолда бәрімізде нығметтің қадірін біліп, бір ниет, бір тілекте жұмыс жасасақ аспайтын асу, алмайтын қамал болмайтыны сөзсіз.

Мерейі асқақ, мәртебесі жоғары қастерлі күніміз, ұлық мерекеміз Тәуелсіздік күні құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болғай!

Асқар Әбітайұлы

«Нұр Астана» мешітінің бас имамы

Бөлісу: