- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі осымен бесінші мәрте өткелі отыр. Бірнеше жылдан бері рухани көсемдердің басын қосып келе жатқан съезд жалпы рухани әлемге, Батыс пен Шығыс арасындағы қатынасқа не берді?
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен осымен кезекті мәрте ұйымдастырылғалы отырған мұндай құрылтай бұрын-соңды әлемде болмаған тарихи жиын. Дәстүрлі құрылтай бұған дейін бір үстелдің басына біріктіру мүмкін болмай келген дін өкілдерін ортақ мүдде, ортақ құндылықтар жолында тоғыстырды. Осылайша, дәстүрлі діндер съезі ең алдымен Батыс пен Шығыстың арасын бір-бірімен жақындастыру, ортақ мүддеге жұмылдыру мүмкін екендігін, олардың өзара түсінісе алатынын дәлелдеді. Жалпы алғанда, мұсылман елдерінің діни тұлғаларының ортақ мүдделерді талқылауға кірісуі – әлемдік аренада сенсация тудырған жағдай болды.
Шыны керек, арабтар мен еврейлердің арасындағы қарым-қатынас бүгінгі таңда өте шиеленісіп тұр. Кей жағдайда әлемнің саясаткерлері, ойшылдары, сарапшылары «бұл шиеленіскен қатынастарды түзету мүмкін емес», «қақтығыстарды тоқтату, реттеу бір тарапты жоғалтумен ғана мүмкін болады» деген пікірлерге баруға шақ қалып отырды. Бірақ, біз дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайын өткізу арқылы мұның жаңсақ пікір екенін дәлелдедік. Себебі, бұл жиында араб әлемі мен еврей халқының діни тұлғалары бір үстелде бас қосты. Бейбіт диалог, бейбіт келіссөздер арқылы ортақ құндылықтар жолында біріге отырып, қақтығыстарды тоқтатуға болатынын көрсеттік.
Түрлі дін өкілдері қатысып келген құрылтайдың басты нәтижесі ретінде дінаралық диалог қағидаларының бекітілгендігін атап өткім келеді. Дінаралық диалогтың басты мақсаты не? Бір-бірін жақындатып, ортақ ұғым қалыптастыру ма? Әлде баршаны бір дінге біріктіру ме? Осындай сұрақтардың жауабы берілген съезд әлемдегі барша дәстүрлі діндердің бірге өмір сүруі мүмкін екендігін, әр діннің өмір сүруге құқығы бар екендігін дәлелдеп берді. Сонымен бірге, съезд терроризм, экстремизм идеяларының дінге жат екендігін көрсетті. Бастысы, түрлі дін көшбасшылары осы мәселемен келісе отырып, әлемге үлгі бола алды.
- Кезекті съезде нендей мәселелер көтеріліп, нендей жайттар шешімін табуы тиіс деп ойлайсыз?
- Әлемде бейбітшілікті қалыптастыруда діни тұлғалар мен саяси көшбасшылардың алатын орны ерекше. Кезекті съездің негізгі тақырыбы осындай қайраткерлердің әлеуетін біріктіре отырып, әлемде бейбіт өмірді қалыптастыру және жан-жақты даму мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Дінді саясаттан бөліп қарастыруға бола ма? Мемлекет мәселесін дінге араластырмай шешу қаншалықты мүмкін? Яғни, съезде діндегі саясаттың, саясаттағы діннің рөлі, дін мен саясаттың қарым-қатынасы қаралмақ.
Съезд қиын жағдайда өткелі отыр. Өйткені, әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан бүгінгі ахуал күрделі. Діни ұғымдарды бұрмалаған түрлі топтар, ағымдар пайда болды. Олардың агрессиялық пікірлері құрамындағы мүшелерін лаңкестік әрекеттерге итермелеуде. Осы проблемаларды қайткенде бірлесіп шеше аламыз? Әлем елдерінің ИШИМ-ге («Ислам және Шам ислам мемлекеті» ұйымы)қатынасы қалай болуы керек? Аталған ұйым жасап отырған лаңкестік әрекеттерге қайтсек қарсы тұра аламыз? Радикалдық әрекеттердің алдын қалай аламыз? Әртүрлі дін өкілдері бұл мәселелермен қайткенде бірлесіп күресе алады? Осы мәселелер құрылтай барысында қамтылады деп ойлаймын.
Жастар жайы да өз алдына талқы тақырыбына айналмақ. «Жастардың дінге деген қарым-қатынасы қалай болуы керек? Дәстүрлі емес діндердің жастарға ықпалы қандай деңгейде? Жастарды жат ағымдардан сақтандыруда ақпарат құралдарының ықпалы қандай? Жастарды радикалдану қасіретінен қалай сақтандырамыз?» деген мәселелер нақты жауабын табады деген болжам бар. Бұл съезде жастар тақырыбы текке қозғалмайды. Өкінішке орай, әлемнің жүздеген, мыңдаған жастарының арасында ИШИМ сынды жалған идеологиядан құралған ұйымдарға қосылып, тіпті отбасымен, бала-шағасымен бірге шетел асып, қақтығыстарға араласып жатқан топтар өте көп. Бұл – қазір әлемдік қауымдастықты алаңдатып отырған ең басты мәселелердің бірі. Сонымен бірге, өзара диалог мәселесі де талқыға түспек. Күрделеніп тұрған саяси жағдайларда дінаралық диалогты, өркениетаралық диалогты қаншалықты пайдалану керек? Арағайындық мәселесін бұрынғы форматта жалғастыру қаншалықты тиімді бола алады? Кезекті съезд осы мәселелерге жаңа көзқараста жауап береді деп сенемін.
- Әлемдік дін лидерлерінің съезі араб елдеріндегі жағдайды реттеуге белгілі бір деңгейде ықпал ете ала ма?
- Құрылтай араб елдерінде орын алып жатқан жағдайды реттеуге зор үлес қосты немесе қосады деу қиын. Бірақ, съезд араб, еврейлердің бірге өмір сүре алатындығын, олардың арасында келіссөздер болуы мүмкін екендігін дәлелдеп берді. Бүкіл дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Әбдел Мухсин Ат-Турки, ислам әлемінің қара шаңырағы деп атауға тұрарлық Әл АзҺардың шейхы Мохаммед Саид Тантауи съезге көзі тірісінде келіп, қатысты. Израиль елінің бұрынғы президенті Шимон Перес келіп қатысқан кездер болды. Бұл съезді әлемнің көптеген саяси көшбасшыларының қолдайтынын көрсетеді.
Нақтылыққа келер болсақ Таяу Шығыстағы мәселе өте күрделі. Ондағы жағдайда экономикалық, саяси аспекті ғана емес, жаһандық кейбір мүдделер де бар. Сондықтан, әлемнің саяси басшылары, саяси тұлғалары діни, дипломатиялық форматта үзбей отырып келіссөздер жүргізетін болса, белгілі бір деңгейде нәтиже шығары хақ.
- Исламофобиямен күресте, Батыс елдерінде ислам елдеріне байланысты қалыптасқан теріс ұғым, көзқарастар сеңін сетінетуде съезд жұмысын нендей тиімді жолмен пайдаланған дұрыс?
- Исламофобия – қолдан жасалып отырған жағдай. Оны жасауда исламды қолдамайтын, исламға дұрыс көзқараспен қарамайтын кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен саяси тараптар айтарлықтай «еңбек» сіңіріп отыр. Ислам әлемі саяси, экономикалық тұрғыда қуатты болса, оның дүниежүзіне ықпалы қандай болатынын тарих дәлелдеп берді. Сол себепті, исламофобияны қолдан жасаушылар ИШИМ сияқты ұйымдардың ессіз әрекеттері арқылы әлемді үрей құшағында ұстағанды жөн көруде.
Исламофобия мәселесін шешуге съезд жұмысына ислам әлемінен келіп қатысатын тұлғалар атсалысуы керек деп ойлаймын. Сонымен бірге, исламның қаншалықты бейбітсүйгіш дін екендігі, тарихта исламның өз-өзін қаншалықты дәлелдегендігі, исламның жер бетін гүлдендіруге, өркендетуге, адам ресурсын дамытуға үлес қосқан дін екендігі туралы мәселелер съезде міндетті түрде көрініс табуы керек сияқты. Бұл мәселе әлемдік БАҚ-та, атап айтқанда батыстық ақпарат құралдарында көбірек насихатталуы тиіс. Өкінішке орай, батыстық ақпарат құралдары исламға қатысты жағдайда объективті ұстанымнан ауытқып отырады. Мұны саяси дипломатиялық тұрғыдан да батыстық ағайынға ескертетін кез келді деп ойлаймын.
- Осы уақытқа дейін өткен съездер экстремизм, терроризм мәселесімен күресте еліміз үшін жаңа тәжірибелерге жол аша алды ма?
- Бұрынғы посткеңестік елдермен салыстырғанда, Қазақ елі мұндай сын-қатерлермен идеологиялық, интеллектуалдық тұрғыда күрес жүргізіп келеді. Мәселен, экстремизммен күресте Тәжікстан қару қолдану қадамдарына барды. Өзбекстандағы жағдайдың қалай болғанын да баршамыз білеміз. Біз терроризммен күресте көп жағдайда түсіндіру, насихаттау секілді идеологиялық және интеллектуалдық тәсілді таңдап отырмыз. Бұл барынша адам ресурсын сақтай отырып, жүргізуге бағытталған күрес болып табылады. Ертең Астанада өтетін съездің де негізгі идеясы осы. Себебі, әлемде адам ресурсынан қымбат ештеңе жоқ. Қоғам мынаны түсінуі керек. Қандай дінді ұстанса да, адамның өмір сүруге толық құқығы бар. Хақ діннің өкілдері оларды сауатты түрде, мәдениеттің барлық ережелерін сақтай отырып қана насихаттауға тиіс. Меніңше, осы идея мейлінше сақталуы керек. Максималды тұрғыдағы ізгілік – Елбасы ұстанған саясаттың негізгі тұтқасы екенін ұмытпауға тиіспіз.
- Съезд жұмысының басқа елде емес, Қазақстанда өтуі елімізге не береді?
- Бірін-бірі мойындамайтын, қажет болса бірін-бірі мүлдем жоққа шығаратын дін көшбасшыларын бір үстелдің басына жинап, ортақ мүдде, ортақ мақсат тұрғысында тоғыстыру бұрын-соңды Батыста да, Шығыста да болған емес. Кофи Аннан, Джордж Буш сынды өз заманында ел басқарған басшылар бұл съезді әу баста қолдады. Мұның барлығы әлемдік шиеленістерді реттеуде, әлемдік ахуалды оңалтуда Қазақстанның өзіндік рөлі, салмағы бар екендігін тағы бір мәрте дәлелдейді деп санаймын.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Бөлісу: