Күздің кезінде Аягөз маңында үлкен съез болып, Құнанбай мен Барақ[1] қазақ үйде отырады.
Үй ортасында қара қидың оты жанып тұрады. Барақ қара шақшаны қонышынан суырып алып, насыбай атады. Сонда Құнанбай Бараққа: «әрі ысырап, әрі харам, осы насыбайда не өшің қалды? Осы былғаныш харамды иман айтатын аузыңа саласың. Осыдан нәпсіңді Қалай тия алмайсың? Мұны қойсаң нетті»,- дейді. Сонда Барақ: «ал, енді мен насыбайды қойдым, нәпсімді тыйдым, сенің көргенін осы болса»- деп, шақшасын жанып тұрған отқа лақтырып жіберіп: «сайтанға еріп, нәпсісін тия алмай, құдай қоспаған, ар сүймеген істі істеп, өзінін келінін қатын қылған өз Олжайыңды көрмей, менің насыбайымды көрдің ғой» дейді, ол кім деп сұраса да Барақ айтпайды. Бірақ, естігенін анық екенін оңашада айтып береді, қай Олжайың екенін өзің тап, менің атын айтуым лайық емес»,- деген сөзді айтады. Съезден қайтып келген соң Құнанбай Олжайдың басты адамдарын жиып алып, Барақтың бетіне басқан сөзін айтып береді. Біраз уақыт өткеннен кейін, Бөкеншінің басты адамдары - Сүйіндік би мен Тайлақбай келіп, келінін алып жүрген Бөкенші ішінде Борсақ атанатын таптан Қодар екенін айтады. Қодар өзі палуан, ожар, тоңмойын адам болады. Ол баласы өліп, жесір қалған келінін алып, елге қосылмай Шыңғыстың ішінде жалғыз үй қалатын болған.
Құнанбай бұл сөзді естіген соң, мұның анықтығын білу керектігін ақылдасады. Ол үшін әр рудан адал, өтірік айтпайтын үш адамды жолаушы жүрген етіп, Қодар жайын білуге жібереді. Олар Қодардыкіне барып түсіп, алыс жерге жолаушылап бара жатқан адам болып ас ішіп, түнде жүріп кетеді. Үйдегілер жатты-ау деген мезгілде, жолаушылар байпақшаң, білдірмей келіп Қодардың келінімен жолығып жатқанын көреді. Бұған анық көздері жеткен соң, ел адамдары жоғары діни орны Муфтиге кісі жіберіп, мұндай іске шариғатта қандай жаза берілетінін сұратады. Муфтиден – ондайларды дарға асып, таспен атып, аяусыз жаза беру керек деген ахбар келеді. Сөйтіп, Қодарды ұстап алып келіп, сұрап мойнына салғанда: «Құдай баламды алды – мен құдайға ерегісіп істедім»,- деген. Қодардың келіні мен екеуінің өлтірілуі жайы осы. Қандай адам, қандай заң Қодардың айуандық ісін ақтай алар екен?
Қодардың баласы Көгетай, оның баласы Қиясбайды біз көрдік. Ол Абайдың ағасы Тәңірбердімен құрдас. Қодар өлгенде Абай бармақ түгілі туған да жоқ шығар. Құнанбай, атасы Қодар сайтанға еріп, құдай қоспаған адам баласына жатпайтын кінамен өліп еді деп, онан қалған Қиясбайды қатты еркелеткен және балаларына еркелетіңдер деп тапсырған. Содан ел, әрі Құнанбай балалары, әсіресе Абай еркелетіп кетті. Мұны жазбаса да болатын еді. Бірақ, мен басындағы айтқаныма қарай тарих шындығын жаздым. Ал, шынында былай қарау керек. Жазушы тарих жазып отырған жоқ қой. Ол роман жазды ғой. Оған болмаған істі де жазуға, не өзгертіп жазуға ерік бар емес пе? Жазушының мына сөзі де рас. Жазушымен[2] оңаша сөйлесіп: «Осы романдағы адамдар кәдімгі мен білетін адамдар ма?» дегенімде, жазушы: «Тек олардың аты ұқсас болғанымен, дәл өздері емес, істеген істері де емес, және мұнда біржола жоқ адамдар да бар?»- деп, бірнеше кейіпкерлердің (Айдар, Ажар т.б.) аттарын атады. «Бәрі Абай үшін, қазақ үшін айтылған»,- деді. Осы дұрыс болуға керек. Тағы бір айтқаны - тип, прототип дегендер болады деп ұқтырып еді. Мұнда жағымды адамдардың жағымсыз болып, жағымсыз адамдардың жағымды болып жазылғаны сөзсіз. Мысалы, Абайды қара жерге отырғызып, алдап кететін, үстінен арыз беріп жамандайтын Ербол – жағымды кейіпкер болып шығады. Бұл біз білетін Ербол емес, жазушының ойдан қосқан, өзі жасаған Ерболы т.б. Абайдың:
Күшік асырап ит еттім,
Балтырымды қанатты.
Мергендікке үйреттім,
Мерген болды, мені атты,-
деген Ерболы емес пе!
Осы романдағы[3] Құнанбайдың қалыпсыз зорлық, жуан-дықтарын алып тастап, адамшылық, беріктік, ұстамдылық, сөзге шешендігін ойшылдығын қалдырса, Құнанбайдың, мен айтып отырған Құнанбайдың өзі шыға келеді. Жазушы ақын, жақсы Құнанбайды өзі іздеп тауып алсын деп отырған жоқ па?!
Қазақтың келешек қамын ойлап, келешекті болжап, сол қараңғы кезде, орыс мәдениетіне бой ұрып, балаларын орысша оқуға берген, дін оқуы болса да, қазақ баласының жайын ойлап, жағдай туғызған, үй салып, мешіт салдырып, балаларды оқыттырған сергек, сезімтал Құнанбайды басқа надан, тоғышар, зорлықшыл, парақор, өз басын ғана ойлайтын өзімшіл, топас би, жуандармен бірге найзаға түйрей, олармен бірге қоқсыққа қосып өртеп жіберемін деу дұрыс болмас. Оған асыл жаралған Құнанбай өртене де қоймас!
Ахат Шаһкәрімұлы
(атасы Құнанбай туралы естелігінен)
____________________
[1] Құнанбайдың көп жолдас болған кісі. Екеуі жақсы қалжыңдасатын болған.
[2] М. Әуезовты айтып отыр.
[3] «Абай жолы» эпопеясы.