Қарқаралы петициясы…
1905 жылы тағдырын қатерге тіккен 42 баһадүр бабамыз қол қойған бұл құжат Ресей патшалығын дүр сілкіндірді.
Құдайсыз қоғамда өмір сүрмеуге тас бекінген Әлихан Бөкейханов пен Жақып Ақпаев жазған петицияның 47 пунктін қайта қарап, рухтанып қалдық…
Дала өлкесінің көкейін тескен, мінезін көрсетіп, мақсатын айқындап берген 47 талаптың мән берер кейбір тұстарына тоқталып кеткен абзал. Қол қойғандар патшаға: «…Біз қымбат құнмен есеп айырысамыз» депті. Дала халқының түйсігіндегі қымбат құн қайсы?
Бірінші талап: «Қырғыз (қырғыз деген – қазақ ұлты) халқының аты мұсылман қырғыз деп аталып, әскери міндеттен босатылсын»;
Тегінде петицияның осыдан басталуы тегін емес. Асылында «мұсылман» сөзі «Аллаға бойсұнушы» дегенді білдіреді. Бірінші талап «біз, мұсылман қырғыз халқы әуелі Аллаға бойсұнамыз» дегенді меңзеп тұрғандай… Бұл – «Құдай жоқ» деген идеологияға қарсы бірінші қадам еді.
Үшінші талап: «Қырғыздарға мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын…»;
Асыл дінімізде мешіт пен медресенің орны айрықша мәнге ие. Мұсылманның өмірі мешітпен тығыз байланысты. Шыр етіп, дүние есігін ашқан сәтте сәбиге ең алғаш жасалатын діни һәм дәстүрлі жоралғының бірі – құлағына азан шақырып, ат қою. Әліпті «таяқ» деп үйрететін мекен – мешіт пен медресе. Үлкен өмірге қадам басқан жас жұбайлардың некесі мешітте қиылады. Отбасылық кеңестер мен уағыз-насихат Алланың үйінде айтылады.
Алаштың ардақты тұлғалары ең алғашқы діни һәм дүниеуи сауатын мешіт-медреседегі молдадан ашқан. Сондықтан мешіт, медресе салуға рұқсат сұрау – мұсылманша өмір сүруді талап ету деген сөз.
Он екінші талап: «Халық сотынан, бидің билігінен алып, мұрагерлікті толығымен молда мен шариғатқа бағындырсын»;
Бұл талап-тілек иманды, жүректі адамның ғана қолынан келетін іс. Молда қай қоғамда өмір сүрмесін, оның ықпалы қашан да сол ортаға әсер ете бермек. Елдің үнемі көз алдында жүретін молдалар көп жағдайда халықтың сынымен қоса алғысына да бөленеді. Жалпы жұртты игілікке жұмылдыру оңай шаруа емес. Осынау ұлы істе халықтың қошеметіне кенелесің, сынына да ұшырайсың. Десе де, сот пен билікті молда мен шариғатқа бағындыруды талап ету – әділдікті аңсау, ізгілік пен игілікті тілеу деген сөз.
Жиырма екінші талап: «Қажылыққа баруға шек қойылмасын, еркіндік берілсін»;
Аталарымыздың арманы, тектілердің тілегі бүгін орындалды. Аллаға шүкір дейміз. Алайда өжеттіліктен туған әрекеттерінің жемісін өздері көре алмай кетті. «Біз көрмесек те, игілігін ұрпағымыз көрер» деп дұға жасаған болар. Асылында мұсылманның ұрпағына жасаған дұғасы қабыл. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде: «Үш түрлі дұға қабыл, оған күмән жоқ. Ол: мазлұмның (жәбір көрушінің), мүсәпірдің (жолаушының) және ата-анасының баласына жасаған дұғасы».
Жиырма төртінші талап: «Қырғыз халқының ішіне миссионерлердің баруына тыйым салынсын»;
Шығыс даналығы: «Терезені ашсаң, саф ауамен бірге шаң-тозаң да кіреді» дейді. Кезінде санаға да, салтқа да жат ағымды есігімізден кіргізіп алдық. Қазір соның зардабын көріп келеміз. Теріс пиғылды миссионерді елге кіргізбеу мәселесі қай заманда болсын өзінің өзектілігін жоғалтқан емес.
Жиырма бесінші талап: «Қырғыздардың, әсіресе, кәмелетке толмаған жастардың басқа дінге өтуіне тыйым салу керек. Ал басқа діннен мұсылман дініне өтемін деушілерге егер олар сауатты болса рұқсат ету керек…»
Ұрпақтың діни санасын қорғаудың дана жолы һәм төтенше тәсілі осы болса керек. Сауатты болған жағдайда ғана өзгелердің мұсылман дініне өтем деуіне қарсылық жоқ! Діни түсінігі толық қалыптаспаған жеткіншектің тағдырына қатты алаңдаған бабаларымыздың бұл әрекеті ерлік емей, немене?!
Отыз екінші талап: «Мектептерде міндетті түрде мынадай шарт орындалуы керек: алдымен, қырғыз оқушыларына мұсылманның діни сабақтары оқытылады, кәмелетке жеткендерге діннің бес негізгі шартынан сабақ беріледі, ал одан кейін ғана орыс тілінен сауатын ашу сабағы жүреді. Мектепті бітіргенге дейін мұсылман діні сабағы негізгі болып есептеледі»;
Адамның өлшеулі өмірінде мектептің маңызы үлкен. Мектеп – ізгіліктің іргетасы. Оқу ордасынан рухани сусындаған оқушы діні мен тегінен ажырамайды.
Шығыс елдерінде (әсіресе жапондар) баланы 7-8 сыныпқа дейін әуелі ана тілінде тәрбиелейді. Одан кейін шет тілін үйретеді. Өйткені тіл – тәрбие құралы.
«Мектепті бітіргенге дейін мұсылман діні сабағы негізгі болып есептеледі»; Патшалық Ресейдің бодауында өмір сүре отырып, осындай талап қою – халқымыздың күрескерлік мінезінің бір көрінісі.
Бұдан басқа пункттерде «мешіт пен медресенің пайдасына «Вакуф» құру» (28 талап), «шариғатқа сәйкес дүние мүлкінен алынатын зекет, пітірді кедейлерге үлестіру» (46 талап) сынды мәселелер көтерілген. Бұл – мұсылмандық құқықтарға қатысты талаптар ғана. Тіл, әлеумет, сот, әкімшілік, басқару, т.б. мәселелер петицияда қамтылған.
Қарқаралы петициясының 34 пунктінде мынадай жолдар бар: «…шындығында, патшаның қоластындағы – халықтың ішінде қырғыз халқы көнбіс-күй талғамайтын, шыдамды, бәрін кешіре білетін, кек сақтамайтын, өте жоғары дәрежеде қарапайым, шын ықыласымен патшаға бағынған, әркезде оның діни әрекеттеріне ғана қарсы шығатын халық».
Біздің айтпағымыз: дінін, ділін, Отанын, дәстүрін, ар-намысын, мал-мүлкін, т.б. құндылықтарды қорғау – мұсылманның мызғымас міндеті. Ислам дінінен қуат алған ата-бабаларымыз өз өміріне қауіп төнсе де осынау күрескерлік жолды таңдаған.
Ал бүгінгі бейбіт күнде дінді, ділді қорғаудың төтенше тәсілі – біліммен қарулану…