11
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ережеп айы кіргенде...

Ережеп айы кіргенде...

Мақалалар
Жарнама

Мінекей, күллі әлем мұсылмандары көптен күткен қасиетті айлар да басталды. Жаратқан Жаббар иеміздің мейірім-рахымымен Ережеп айы есік қақты.

Қасиетті Рамазан айын сүйіншілеуші қос айдың қарсаңында тұрмыз. Соның бірі Ережеп айы болса, онан соң шарапаты мол шағбан айы бізді оразаға жақындатпақ.

Хақ Тағала айтады:

إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَات وَالأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Оның төртеуі құрметті айлар» («Тәуба», 36 аят). 

Демек, біздің күнтізбегіміздегі 12 ай – пенденің ойынан шығарғаны емес, бәлкім Алла Тағаланың даналық есебі.

Аяттағы:

مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ

«Оның төртеуі құрметті айлар» сөзге келер болсақ, бұл жерде ай күнсанағының мухаррам, зүл-кағда, зүл-хижжә және ражәб (ережеп) айлары. Бұл айлардың ішінде мухаррам айы – жыл басы.

«Мухарам» сөзінің өзі «қасиетті, тыйым салынған»деген мағынаны бідіреді. Осы атауға сай тіпті жәһилийа дәуірінде мухаррам айында қан төгіске тыйым салынатын.

«Ражәб» сөзінің мағынасы – қорқу, қауіптену. Ережеп – ай күнсанағының жетінші айы. Бұл айда мұсылмандар қан төгістен тыйылатын.

«Зүл-қағда» сөзінің мағынасы – отыру, бір орында тұрақтау. Осы атауға сай Зүл-қағда айында қан төгіске жол берілмейтін.

«Зүл-хижжә» сөзінің мағынасы – қажылықты орындау. Дәл осы айда мұсылмандар Исламның бесінші парызы болған қажылық құлшылығын орындайды.

Жоғарыда аяттың жалғасында Алла Тағала:

فَلاَ تَظْلِمُواْ فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ

«Қасиетті айларда өздеріңе-өздерің зұлымдық етпеңдер», - деген.

Міне, аталмыш айларды қасиетті етіп тұрған Жаратушы Иенің осы талабы. Яғни, пенделер өздеріне өздері зұлымдық етпеуі.

Абдуллаһ ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу) осы аятқа түсініктеме беріп айтады: «Қасиетті айларда – яғни, Алла Тағала он екі ай бойы күнә істеуден тыйып, кейін сол он екі айдың төртеуін қасиетті етіп, олардың ерекшелігіне нұсқады. Осы себептен бұл төрт айда күнә істеу – ауыр қылмыс, ал игі іс істеу – үлкен іс әрі оның сауабы да соған сай».

Қатада (рохматул-лаһи ғаләйһи) айтады: «Қасиетті айларда зұлымдық ету – тым үлкен қателік әрі бұл айларда күнә істеу өзге айларда күнә істеуден әлде қайда айыпты. Әрине, зұлымдық істеу қашанда ауыр күнә болады. Дегенмен, Алла Тағала өз қалауынша өзі қалаған нәрсенің дәрежесін жоғары етеді».

Осы сөзінен соң Қатада (рохматул-лаһи ғаләйһи) былай деген: «Алла Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті».

Ережеп айында орын алған тарихи оқиғалар мәселесіне келер болсақ, ережеп айында исра мен миғрәж болды деген сөз бар. «Сөз бар» дейтініміз, исра мен миғрәж болған тарихына қатысты ғалымдардың арасында ихтиләф бар. Мәселен, имам Ибн Хажәр (рохматул-лаһи ғаләйһи) исра мен миғрәжға қатысты ғалымдар оннан астам пікір айтқан деген. Дегенмен, ғалымдардың басым көпшілігі исра мен миғрәж ражәб айының 27-ші түні болды деген көзқарасты ұстанған. Қандай болғанда да біздер, мұсылмандар, исра мен миғрәжды ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) ұлық мұғжизаларының бірі деп білеміз.

Исра – Пайғамбарымыздың (ﷺ) Меккеден Иерусалимге түнгі сапары.

Миғраж – Пайғамбарымыздың (ﷺ) жеті қабат көккке көтерілуі.

Айта кету керек, дәл осы миғраж түні мұсылмандарға бес уақыт намаз парыз болды әрі осы миғрәж түнінен соң Әбу Бәкр (родиял-лаһу ъанһу) «Сыддық» (шыншыл) деген мәртебеге ие болды. Солай болу керек те еді. Өткені тіпті мұсылмандардың көбі Пайғамбарымыздың (ﷺ) миғраж еткеніне күмәнданған кезде тек Әбу Бәкр (родиял-лаһу ъанһу) ғана сөзге келместен Пайғамбарымыздың (ﷺ) жеті қабат аспанға көтерілгеніне нық сенді.

Алла Тағала баршамызға ражәб айының игілігін нәсіп етіп, тағдырымызға бұл қасиетті айды құлшылықпен өткізуімізді жазған болсын! Әмин!

Абдусамад МАХАТ

Бөлісу: