21
Жексенбі, Шілде

һижри

Рамазан айы шығынға ұшырамасын десеңіз

Рамазан айы шығынға ұшырамасын десеңіз

Мақалалар
Жарнама

Соңғы жылдары ауыз бекітуші бауырларымыз саны көбеюде. Рамазан айы кірмей жатып алдын-ала ораза кестесін сұрап, дайындалып жатқанын көргенде қатты қуанамыз. Алайда, көбінесе ораза таң атқаннан күн ұясына батқанға дейін су ішпеу және түйірдей болса да тамақ жемеу, деген ұғыммен шектеліп қалып жатқан тұсы да бар. Ал, кейде ораза ерікті түрде, әркім өз қалауы бойынша тұтылады деген түсініктегі адамдар да кездесіп жатады.

Рамазан оразасы Ислам дінінің негізін құраушы бес анықтың бірі. Оразаның дәрежесі намаз, зекет және қажылық ғибадаттарымен бір. Бұл оразаны ешбір үзірлі себепсіз тұтпаған мұсылманға үлкен күнә жазылады. Өйткені рамазан оразасы ата дініміздің бес діңгегінің бірі. Ал, қасақана орындамау үлкен күнә, ал «ораза шал мен кемпірдің, жұмысы жоқтың ермегі» дегендей сөздер айтып, жүрегімен мүлдем мойындамайтын болса ол діннен шығады. Себебі тікелей әмір етілген Құран үкіміне қарсы шығу, адамды иманнан айырады.

Ораза һижраның екінші жылы, шағбан айында парыз етілді. Насаи хадис жинағында Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте әз Пайғамбарымыз (ﷺ) рамазан айы келгенде сахабаларына:

قد جاءكم شهر مبارك افترض الله عليكم صيامه, تفتح فيه أبواب الجنة, و تغلق فيه أبواب الجحيم, و تغلّ فيه الشياطين...

Мағынасы: «Ақиқатында Алла Тағала сендерге оразаны парыз еткен мүбәрак ай келіп жетті. Бұл жәннат есіктері ашылатын, жаханнам есіктері жабылатын және шайтандар шынжырланатын ай...», - деген екен. Сондай-ақ, хадис ғалымдарының барлығының еңбектерінде кездесетін Пайғамбарымыздың (ﷺ)  мына сөзінде:

من صام رمضان إيماناً واحتساباً غفر له ما تقدّم من ذنبه.

Яғни: «Кімде-кім рамазан айында шынайы иманмен және сабырлық танытумен ораза тұтып шықса, оның өткен (кіші) күнәлары кешіріледі», деген. Бұл хадисті Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен.

Адам баласы болған соң ұсақ-түйек қателіктер жасап қоямыз. Міне, рамазан тек асқазанға дамыл беріп, денсаулықты түзету ғана емес. Жан дүниемізді тазарту. Рухани денсаулығымызды емдеу.

Оразаның осы қағидаларын басшылыққа алып, ауыз бекіткен мұсылман баласы нағыз ораза құлшылығының дәмін татары анық.

Ислам діні парыз еткен барлық құлшылықтың әсіл мақсаты тәрбиелеу. Адамның тұла бойына жақсы қасиеттердің ұрығын сеуіп, терең тамырлауына жағдай жасау. Нөсер жаңбыр іспетті өмірдегі түрлі қиыншылықтар кезінде жауынға бой бермеген егіндей, адамдағы жақсы қасиеттердің жоғалмауына жәрдем ету. Бұл айтылған сөзді құран мен сүннет қуаттай түседі.

Намаз үлкен ғибадат, бұл құлшылықтың мақсатын құранның Анкабут сүресі 45-аятында:

وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ

Яғни, «...Намаз оқы, расында намаз бұзықтық пен жамандықтан қайтарады», деп көрсетеді.

Адам баласын жамандықтан қайтару. Пендені жаман сөз бен жаман іс әрекеттен пәктеу. Міне намаздың негізгі міндеті.

Осы мағыналас хадис құдсиде:

إنما أتقبّل الصلاة ممن تواضع بها لعظمتي, و لم يستطل على خلقي, و لم يبت مصرّاً على معصيتي, و قطع النهار في ذكري, و رحم المسكين و ابن السبيل و الأرملة, و رحم المصاب.

Яғни: Алла Тағала «Шын мәнінде намазымен Менің құдіретіме бас иген адамның намазын қабыл етемін. Сондай-ақ, Менің құлдарыма қысым көрсетпейтін, істеген күнәларын қайта-қайта жасамайтын адамның намазын қабыл етемін. Және күнін Менің зікіріммен өткізетін, мүсәпір мен жолаушыға және басына іс түскен бейшараға рақым ететін кісінің намазын қабыл етемін», - дейді.

Сондай-ақ, зекет құлшылығы да қалтаға салмақ түсіретін салық түрі емес. Керісінше ең әуелі адамның бойына мейірімділік пен жұмсақтық дәнін егу, қоғамдағы түрлі топтарды ажыратып тұрған тосқауылдарды бұзып арада берік байланыс орнату.

Құран зекеттің мақсатын баяндай келе, Тәубе сүресі 103-аятында:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِمْ بِهَا

«(Мұхаммед (ﷺ) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендірсең...», делінген.

Демек, адамның жанын түрлі кірден тазартып, қоғамды ең үлгілі имани деңгейге көтеру бұл құлшылықтың ең бірінші сырларының бірі.

Сол себепті де Алла елшісі (ﷺ)садақа сөзінің ауқымын, ұғым өрісін кеңейтіп:

تبسمك في وجه أخيك صدقة, و أمرك بالمعروف و نهيك عن المنكر صدقة, و إرشادك الرجل في أرض الضلال لك صدقة, و إماطتك الأذى و الشوك و العظم عن الطريق لك صدقة....

Мағынасы: «Бауырыңның жүзіне жылы шыраймен қарау сенің берген садақаң, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарғаның сенің берген садақаң, жол таппай келе жатқан жолаушыға бағыт сілтеп жіберуің сенің берген садақаң, жол бойында жатқан тікен, сүйек секілді кедергіні алып тастау сенің берген садақаң....»,-деген. Міне, садақа тек қаржылай жасалмайды. Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) қоғамға пайдалы әрбір игі істі садақа деп түсіндіріп, ең әуелі адам тәрбиесіне назар аударып тұр.

Сол сияқты Исламның негізін құраушы құлшылықтың бірі оразаға тек тәулік бойы ашығып, шөлдеп жүру деп қарауға болмайды. Бәлкім, ораза нәпсіні тәрбиелеу жолы деп түсінген жөн. Бұны әз-пайғамбарымыздың (ﷺ)мына сөзінен ұғынуға болады:

من لم يدع قول الزور و العمل به فليس لله حاجة في أن يدع طعامه و شرابه.

Мағынасы: «Кім жаман сөз бен жаман іс-әрекеттен тыйылмаса, оның жейтін тамағы мен ішетін суынан тиылғанының Аллаға керегі жоқ»,-деген. Жаман сөз ғайбаттау, өсек айту, жалған сөйлеу секілді тілге қатысты күнәлар. Мұсылман рамазан айынан басқа уақытта да тілін бұл күнә істерден тиюға міндетті. Ал, оразада тіптен сақ болғаны жөн. Ал, жаман іс өзіне және басқа адамдарға зияны тиетін әрекет. Демек, шариғатқа келмейтін әрбір сөз бен іс-әрекет бұл рухани құлшылықтың сауабынан мақұрым етеді. Оразаның мақсаты тәрбиелеу. Адамның жан дүниесін түрлі жат қылықтар мен жаман әдеттерден тазарту. Осы орайда пайғамбарымыздың (ﷺ)бір сөзін айта кетейік:

Пайғамбарымыздан (ﷺ) бір кісі: «уа, Алла Елшісі! Пәленше деген әйел көп намаз оқуымен, ораза тұтуымен және садақа көп жасауымен танымал. Алайда, оның тілінен көрші-қолаңы жәбір шегеді?, - деп қалай болатындығын сұрайды. Пайғамбар: «ол әйел тозақы», - деп жауап қайырған екен. Әлгі кісі сауалын жалғастырып: «уа, Алланың пайғамбары! Пәлен деген әйел аз намаз оқиды, оразаны да аз тұтады, ал садақа ретінде сиыр сүтінін біразын ғана береді. Бірақ көршілеріне тілімен зиян тигізбейді», - деді. Әз-пайғамбар: «ол әйел жәннаттық», - деп жауап қатты. (Хадис имам Ахмед муснадында келтірілген.(

Пайғамбарымыздың (ﷺ) бұл жауабы мінез-құлыққа берілген жоғары баға. Демек, адам құлшылығының таразысы мінез-құлық. Адамның тақуалығы әдебімен өлшенеді.

Ораза жайлы тағы бір хадисте:

ليس الصيام من الأكل و الشرب, إنما الصيام من اللغو و الرفث, فإن سابّك أحد أو جهل عليك, فقل: إني صائم.

Яғни «Ораза тамақ және сусыннан тыйылу емес, ораза бос әңгіме мен жаман әрекеттерден тыйылу. Егер біреу сізге дөрекі сөйлесе немесе надандық көрсетсе: мен оразамын, деп айт»,-деген екен. Ауыз бекіткен мұсылман баласы осы хадисті жадынан бір сәтке де шығармағаны жөн.

Ораза және басқа да құлшылықтар адамды кемелдікке алып барар баспалдақтар және адамның өміріне мән-мағына беретін көркем мінездерді қалыптастыратын ғибадаттар. Сондықтан да дініміз мінез-құлық мәселесіне ерекше мән береді.

Адам баласы бұны өз кәдесіне жаратып, жүрегін пәктеп, ақыл-ойын тазартып, Алламен және адамдармен ара-қатынасын ретке келтірмесе, міне нағыз құрдымға кеткен бейбақ сол болмақ.

Кейде намаз, ораза секілді құлшылықтарды атқарып жүрген бауырларымыз имандылыққа және көркем-мінезге жат қылықтардан тыйылмай ғибадаттың асыл мақсатынан құр қалып жатқан жері бар.

Мешітке ата-ана баласына шағым айтып келіп жатады. Намаз бастағалы бізді тыңдамайды. Тым дөрекі, - деген мағынада өз арыздарын айтып жатады. Студенттер арасында да осы мәселе. Оқытушылар көбінесе намаз оқитын, орамал тағатын студенттерге шағымданып жатады. Олардың бейәдепсіздігіне, тәртіпсіздігіне және бағынбаушылығына алаңдаушылық білдіріп жатады. Бұл дін ұстанған жастарға қысым көрсету емес. Шын мәнінде осы проблема бар. Дін деген осы екен деп айналасының барлығына қиғаш қарап, қырып-жоюға дайын тұрады. Мұндай дін ұстанушы қалайша өзгеге үлгі болмақ?! Керісінше, жұртты діннен шошындырмай ма?!

Имам Муслим кітабында мынадай хадис бар: Алла Елшісі (ﷺ) бір күні сахабалардан: «сендер шығынға ұшыраған кім екенін білесіңдер ма?», - деп сұрады. Олар: «біздіңше тиын-тебенсіз және дүние-мүліксіз қалған адам шығынға ұшыраған», - деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Менің үмбетімнің ішінде шығынға ұшырағаны қиямет күні намазы, зекеті және оразасымен (есеп-қисапқа) келеді. Сонымен қоса біреуді тілімен балағаттаған, біреуге жала жапқан, біреудің ақшасын жеп қойған, біреудің қанын төккен, біреуді соққыға жыққан болады. Сосын сауабынан анаған-мынаған беріле бастайды. Ал, есеп-қисабы бітпей жатып, сауабы таусылып қалса, (жәбірленгендердің) күнәлары оған лақтырылады. Ақыр соңы өзі тозаққа тасталады», - делінген.

Міне, шынайы шығынға ұшыраған адам деп осыны айтуға болады. Ол бейне бір саудагер сияқты. Дүкенінде жүз мың теңгеге бағаланатын заты бар. Бірақ мойнындағы қарызы екі жүз мың теңгеден асып жығылады. Қолындағы дүниесінен екі есе қарызы бар бұл бейшара, жай кедейден де жағдайы мүшкіл емес пе?! Мұсылмандық міндетін атқарып, құлшылық етіп жүрген адамның мінез-құлқы жақсара қоймаса, ол саудамен айналысып, пайда таппай, керісінше күннен-күнге қарызға батып бара жатқан саудагердің күйінен де жаман жағдайда қалмақ.

Сол сияқты кейбір құлшылықтарды атқарып жүрген діндар, сонда да жамандық жасап жүрсе, айналасына қабақ-шытып жүрсе ол қалайша тақуа адам болмақ?!

Осы сөзімізді айқындай түсетін мына бір хадисті оқып көрейік:

الخلق الحسن يُذيب الخطايا كما يذيب الماء الجليد, و الخلق السوء يفسد العمل كما يفسد الخلّ العسل.

Яғни: «Көркем мінез су мұзды еріткендей қателіктерді ерітіп жібереді. Ал, жаман мінез сірке балды бұзғандай ізгі амалдарды бұзады», - деген екен.

Адамның өн бойын жаман мінез жайлап, оның зияны айналаға таратылып, жағдай күрделене түссе кісі бойынан иманы киім секілді шешіліп түсіп қалады. Мұнан кейінгі өзін имандымын деп көкірегін соғуы құнсыз сөзге айналады. Діннің мінез-құлықсыз қадір-қасиеті де жоқ!

Кеудеміздегі иман көркем мінез-құлықпен тығыз байланыста. Ғибадат адамның сырт көрінісі болса, әдеп, көркем мінез оның мән-мағынасы.

Қадірлі пайғамбарымыз (ﷺ):

ثلاث من كنّ فيه فهو منافق, و إن صام و صلّى و حجّ واعتمر, و قال إني مسلم: إذا حدّث كذب, و إذا وعد أخلف, و إذا اؤتمن خان.

Мағынасы: «Үш жаман қасиет бар. Кімнің бойынан бұлар табылса, ол – екіжүзді. Тіпті, ораза тұтып, намаз оқып, үлкен және кіші қажылық жасаған болса да, тіпті мен мұсылманмын, десе де. Ол: сөйлесе өтірік айту, уәде берсе орындамау және берілген аманатқа қиянат ету», деген екен.

Руслан Қамбаров

Исламтанушы

Бөлісу: