29
Жұма,
Наурыз

һижри

Мінсіз болу мүмкін бе?

Мінсіз болу мүмкін бе?

Мақалалар
Жарнама

Әуелі, өмірден мысал. Әдетте білім алушының үш түрі болады. Біріншісі ынта-жігермен оқып дайындалып, жетістікке жетеді. Екіншісі қанша дайындалса да, емтиханнан сүрінеді, бірақ қол қусырып, үмітін үзбестен, әрі қарай оқып, өзін-өзі әрі қарай жетілдіреді. Ал, үшіншісі болса, ештенені дайындамайды, сәттілікке сенім артып жүреді де, соңында сәтсіздікке ұшырайды...

         Дінді ұстанушылардың мысалы дәл осылай. Намаз оқуды бастай алмай жүргендердің айтатыны «мен әлі дайын емеспін», намазды енді ғана оқи бастағандар «мен намазды дұрыс оқымай жүрмін», «намазды қатемен оқып жүрмін», «Алла Тағала бұндай намазымды қабыл етеді ме?» дейді. Жүрекке күмән келтіріп, неше түрлі керітартпа ойларға жетелейтін ол – шайтан. Шайтан лағынеттің намаз оқушының ойына салатын сөздерінің бірі – «намаз оқитын болсаң, дұрыстап оқы, немесе мүлдем оқымай-ақ қой». Шайтан басына орамал тағып, әурет жерін жабуға ниеттенген әйелдерге де әр түрлі ой салады: «сен әлі дайын емессің», «қоғамнан артта қалып қоясың», «сенімен ешкім араласпай қояды», «сен орамал тағуың үшін, сенің күнәларың кедергі етеді» және т.б.

         Алла Елшісі (с.ғ.с.) жасалған амалдарға берілетін сауап жайында: «Кімде-кім бір жақсы амал (істеуге) ниеттеніп, оны істемесе де, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін Өз қасында он жақсы амалдан жеті жүз есеге әрі (одан да) көп есеге дейін (жақсы амал істелгенін) жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, (бірақ,) оны істемесе, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір жаман іс (жасалғанын) жазады»[1], – деген. Бұл хадистен ұғатынымыз, істеген ізгі істеріміз (ниет-ықыласымызға қарай) жеті жүз есе еселенетін болса, демек, «күнә іс жасағаным үшін жақсылық жасауға лайықты емеспін» деп айтпау қажет. Себебі, Құран Кәрімде Алла Тағала былай деп айтады:

إِنَّ الْحَسَنَاتِ يُذْهِبْنَ السَّيِّئَاتِ  ذَٰلِكَ ذِكْرَىٰ لِلذَّاكِرِينَ

(қазақша мағынасы) «Шынында жақсылықтар, жамандықтарды жояды. Бұл түсінушілер үшін бір насихат»[2].

         Егер біздің ішкі ойымыз немесе шайтан, күнә жасағанымыз себебінен, сауапты амал істеуден тосатын болса, онда Алланың кеңшілігі мен мархаметі ізгі істеріміз бен күнәларымыздан әлдеқайда жоғары екендігін еске алу керек. Әнәс ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.):

كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ

(қазақша мағынасы) «Адам баласының бәрі қателесуші. Қателесушілердің ең жақсысы ‒ тәубеге келгендері»[3], – деп айқан. Мінсіз адам болмайды, барлығы да қателесуші, күнә іс жасап қояды. Алайда, шынайы тәубе, айтқан истиғфар (Алладан кешірім сұрау) мен ізгі амалдар жасау мұсылманды құтқарады, екі дүниенің игілігіне, бақытына жеткізеді. Ал, «мен әлі дайын емеспін» деп айту болса, шайтанға күрессіз беріле салу дегенді білдіреді.

 

Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ


[1] Бұхари, Мүслим.

[2] «Һүд» сүресі, 114-аят.

[3] Тирмизи.

Бөлісу: