22
Жұма,
Қараша

һижри

Періштеге сенімнің пайдалары

Періштеге сенімнің пайдалары

Ақида
Жарнама

Алла Тағалаға, ақырет күніне иман ету мәселесі секілді періштелерге иман келтіру де адам баласы үшін өте маңызды. Періштелердің бар екеніне иланған адам ешқашан өзінің жалғыз емес екендігін сезінеді.

Өзін үнемі періштелер қадағалап тұрғандығын түсінген жан әрбір ісін Аллаға деген үлкен жауапкершілікпен, сүйіспеншілікпен атқарып қателікке жол бермеуге тырысады. Бұл жөнінде Құранда: «Әлбетте, сендерді (жандарыңнан ажырамайтын) бақылаушылар бар. (Олар) ардақты (бейтарап) жазушылар»,[1] – деп, адам баласының қасынан бір елі ажырамайтын періштелердің бар екендігі ескертілген. Маңайында үнемі періштелердің бар екенін сезіп, олардың өзін қадағалап тұратынын білген жан қай кезде де әрбір ісі мен құлшылықтарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Дініміздің мұндай маңызды сенім негіздеріне иман ету адамның ішкі жан дүниесін нұрға бөлеп, көңілін жәй таптырады. Ғұмырында жамандықтардан алыс болып, нәпсісін тежей білуді үйренеді.

Періштелерге жүктелген міндеттердің бірі адамдарды түрлі жамандықтардан қорғау. Құранда: «Әркімнің бір бақылаушысы бар»,[2] – делінген. Алайда, бұл тұста періштелердің негізінен Алланы танып, намаз оқып, тура жолдан таймай жүрген адамдарға көбірек үйірсек болатындығын ескергеніміз жөн.

Белгілі тәпсірші Алуси өзінің «Рухул Мәани» атты еңбегінде: «Егер сіздерді періштелер қорғамағанда, шайтан балға үймелеген арадай тарпа бас салар еді»,[3] – дейді. Демек, адам баласын түрлі қайғы-қасірет, бәле-жаладан қорғауда періштелердің алар орны зор екендігін аңғарғандаймыз. Бұдан бөлек адамды жамандықтан сақтап қана қоймай, жақсылыққа бағыттайтын періштелер де бар.

Дүниеде жақсылықтың үлгісі періште болса, жамандықтың үлгісі шайтан. Періште адамды жақсылыққа, ал шайтан жамандыққа шақырады. Ибн Мәсудтың риуаяты бойынша Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде: «Шайтан да, періште де адамның жүрегіне сыбырлап тұрады. Шайтан жамандыққа итермелеп, ақиқаттан алыстатуды көздесе, періште жақсылыққа шақырып жамандықтан алыстатуға тырысады. Егер кісінің жан дүниесінен жақсылыққа шақырған дауыс естілсе ол періштенің дауысы. Оған мойынсұнып Аллаға шүкір етсін. Ал жамандыққа шақырған дауыс естілсе, ол шайтанның дауысы. Одан бойын аулақ салып жамандығынан сақтанып Аллаға сыйынсын»,[4] – деген.

Асылында, адам баласы үшін ең қымбат нәрсе – рух. Рух ең берік әрі ең сенімді қолда сақталуға лайық. Сонда ғана пенденің жаны жай табады. Адам өзінің жасаған жақсылықтарымен қоса өзіне жасалған әділетсіз істердің де бір жерде жазылып сақталғанын қалайды. Міне осы жазу мен сақтау істері Алла Тағала тарапынан періштелер (жазушы періштелер) арқылы жүзеге асырылады. Адам өзінің асыл сөзі мен әсем өнерінің мәңгілікке сақталғанын қалайды. Өзгелердің оқуы немесе көруі үшін қолына қалам алып жазуға және суретке түсіріп алуға тырысады. Әсіресе жасаған амалдарының жұмақта үнемі жеміс бергенін қалайды. Міне осы амалдарды тіркеу де періштелердің міндеті болып табылады.

Қараңғы қабірде жалғыз қалам-ау деген үрейден арылу үшін өзімен бірге періште болмысының да бар екенін ойлау адамның орынсыз қорқынышын басып жанын жай таптырады. Мүнкәр мен Нәкир періштелері Алланың сүйікті құлдарымен қабірде ізгі қарым-қатынас құруы да көңілді жай таптырады. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне сенбеген жандардың қатты адасушылықта екендігі айтылады. Бұған қоса біз көрмегенді көріп, біз естімегенді еститін пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) көк жүзінде төрт саусақ сиятындай бос жер жоқ екендігін, барлық жер Аллаға сәжде еткен періштелерге толы екендігін айтқанын есімізге түсірсек, періштелердің бар екендігіне ешбір күмәніміз қалмайды.

Нұрдан жаратылған, тіптен көзге көрінбейтін періштелер бұ дүниеде де, о дүниеде де әркез иманды жандардың жанынан табылып, сүйінші хабар мүміндердің көңіліне қуаныш ұялатады. Олар Құранның әуезін жаны сүйетін, ілім ізденіп шыққандардың жолына қанаттарын жаятын, ізгі амалдарға жас балаша қуанып, пенделік қылықтарды көргенде мұңға бөленетін таңғажайып болмыстар.[5] Сондықтан әрбір мұсылман үшін Аллаға, Оның қасиетті кітаптары мен пайғамбарларына, ақырет күні мен тағдырдың жақсысы мен жаманына иман келтірумен қатар періштелердің де бар екеніне сену парыз болмақ.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Инфитар, 82/10-11

[2] Тарық, 86/4

[3] әл-Алуси, Рухул Мәани, ІІІ/137

[4] Тирмизи, Тафсир, 2991; Ибраһим Жанан, Кутуб-и Ситтә, ІІ/239

[5] Тирмизи, Ілім, 19; Әбу Дәуд, Ілім, 1

Бөлісу: