30
Дүйсенбі,
Наурыз

һижри

Алланың қолы бар ма?

Алланың қолы бар ма?

Ақида
Жарнама

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас, - деп хакім Абай айтқандай адам баласы Жаратқанды қасиетті кәламында (Кітабында) Өзін қалай танытқан болса, сол арқылы ғана біле алады.

Алланың кіршіксіз сөзі – Құран Кәрімде әлемнің жаратылуы, адамзат тарихы, пайғамбарлар, періштелер, кітаптар, наным-сенім шарттары, шариғат заңдылықтары, ақырет өткелдері жөнінде баяндап өткен. Ал осы ұғымдардың ішінде ең  негізгісі, әрине, Алла Тағаланың өзін таныту мақсатында хабарлаған сөздері.

Аяттарды алар болсақ, жалпы 2 топқа бөліп қарастыруымыз керек. Бірі – «мухкам» (анық мағыналы), екіншісі – «мутәшәбиһ» (астарлы мағыналы) аяттар.

Бұл терминдерді қазақ тілінде түсіндірер болсақ, мухкам (анық мағыналы) дегеніміз екіге екіні қосқанда төрт болады демекші тура, нақты, тіке мағынасында айтылған аяттар. Ал,  мутәшәбиһ (астарлы мағыналы) аяттар дегеніміз – әрі тура мағынасында, әрі жанамалай, астарлы мағынасында түсінуге болатын аяттар. Мысалы, «қас пен көздің арасында» десек бұл сөз тіркесін тура мағынада адам бетінің қасы мен көзі аралығын меңзесе, астарлы мағынасы «лезде, жылдам» дегенді білдіреді.

Алла Тағала өзі жайында анық мағыналы аяттармен де, астарлы мағыналы аяттармен де хабар берген. Мухкам (анық мағыналы) аяттар арқылы келген хабарға «Ықылас» сүресі көрнекті мысал бола алады:

(Мұхаммед (с.а.с.) оларға) айт: Ол Алла, біреу-ақ. (1)

Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) (2)

Ол тумады да, туылмады. (3)

Әрі оған ешкім тең емес.(4)[1]

Бұл сүренің аяттарында нақты әрі анық Алланың жалғыз екендігі, Ол әйелге не балаға не әкеге не анаға, жалпы ешнәрсеге және ешкімге мұқтаж еместігі айтылып жатыр.

Астарлы және жанамалай аяттардың бір мысалы «Мәида» сүресінің 64-аяты.

﴿وَقَالَتِ ٱلۡيَهُودُ يَدُ ٱللَّهِ مَغۡلُولَةٌۚ غُلَّتۡ أَيۡدِيهِمۡ وَلُعِنُواْ بِمَا قَالُواْۘ بَلۡ يَدَاهُ مَبۡسُوطَتَانِ يُنفِقُ كَيۡفَ يَشَآءُۚ

Алла Тағала бұл аятта былай дейді:

«Және Яһудилер: «Алланың қолы байланған (сараң)» деді. Бұл сөздері себепті олардың қолдары байланып, лағынеттелді. Керісінше, Алланың (құдіреті, нығметі, мүлкі, екі қолы) ашық, қалағанынша береді...»

Осы аяттың ішіндегі Аллаға қатысты айтылған сипаттамаларды егжей-тегжейлі түсіндіретін болсақ, әрине тәпсір әрі ақида ғалымдарымыздың сөздеріне жүгінуге тура келеді. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте былай деген:

 عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رضى الله عنهما قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم: ‏ مَنْ قَالَ فِي الْقُرْآنِ بِغَيْرِ عِلْمٍ فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنَ النَّارِ ‏.

«Кім Құран ішінен ілімсіз сөйлейтін болса, тозақтан өзіне орын дайындасын».

Сондықтан аталмыш хадиске сүйене отырып жоғарыдағы аятты өз ойымызбен тәпсірлеместен, бәлкім көкейіміздегі барша сұрақтарға дін ілімінің мирасқорларынан жауап іздейтін боламыз. Ал оған кіріспей тұрып ғалымдарға қояр сұрақтарымызды тізбектеп алсақ;

  1. Алла біз сияқты ма, бізге ұқсайды ма?
  2. Алла Тағала дене-мүшелерден тұрады ма?
  3. Алланың қолы бар ма?
  1. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Шура» сүресінің 11-ші аятында былай дейді:

﴿لَيۡسَ كَمِثۡلِهِۦ شَيۡءٞۖ وَهُوَ ٱلسَّمِيعُ ٱلۡبَصِيرُ

«Еш нәрсе Ол сияқты емес. Ол Алла, әр нәрсені естуші, толық көруші».

Жаратушымыздың өзі айтқандай Алла ешнәрсеге ұқсамайды және ешнәрсе Аллаға ұқсамайды. Ақылдың қағидаттарымен айтқанда Алла жаратушы, әлем жаратылыс. Әлем деген Алладан басқаның барлығы. Алла басталусыз бар, ал әлем жоқтан пайда болған. Әлемдегі мекен, уақыт, өлшем, дене, пішін, күй сынды кең мағыналы ұғымдардың басталу сәті бар. Оларды жоқтан бар қылған ұлы құдірет иесі – Алла Тағала. Демек әлем және оның ішіндегі әрбір зат болмай тұрып Алла мекенсіз, уақытсыз, өлшемсіз, денесіз, пішінсіз, күйсіз бар болды. Оларды жаратқаннан кейін Алла өзгерместен қала береді. Себебі Алла мұңсыз, ешнәрсеге мұқтаж емес. Толық кемелдік иесі. Сондықтан аяттарда адамға естігенде қандай да бір жаратылыстың сипаттары мен жай-күйлерін ойға салатын сөздерді жоғарыдағы аяттың шеңберінен шықпай түсіну міндет.

  1. Алла Тағала дене-мүшелерден тұрмайды. Оған да жоғарыдағы «Шура» сүресінің 11-ші аяты дәлел. Дене-мүше деген бөліктер мен бөлшектер. Бір жаратылыстың бір бөлігі немесе бөлшегі болмаса, ол кемтар атанады. Бұл дегеніміз, әрбір жаратылыс өзінің кез-келген бөлшегіне мұқтаж, онсыз толық әрі тұрақты бола алмайды. Алла Тағала кемістікті қабыл етуден не бөлшектерден құралудан пәк.

Алланы бүтін бір дене деуге де болмайды. Себебі, дене деген сөздің өзі біріншіден, бөліктердің жиынтығына айтылады. Екіншіден, Алла бар болуы үшін денеге мұқтаж емес. Демек Алла Тағала денеге немесе мүшелерге мұқтаж емес, ондай кемшілік атаулыдан Ұлы Жаратушымыз пәк.

  1. Ал енді тақырыбымыздың негізгі мәселесіне келер болсақ «Мәида» сүресінің 64-аятында Алла Тағала арабша «йәд» сөзін келтірді. Алайда бұл сөзді түсінуге ұмтылғанда адамның ең бірінші ойына келетін тікелей «қол» деп аудара салуға болмайды. Оған дәйек сахабалардың көзін көрген, үлкен тәбиғиндердің ілім алқасында сан жылдар бойы білім нәрімен сусындаған, ғалымдықтың ең жоғарғы «мужтаһид мутлақ»[2] дәрежесіне жеткен имам Әбу Ханифа (80-150 жж.) өзінің «Фиқһ әл-Әкбар» кітабында:

وَ كُلُّ مَا ذَكَرَهُ الْعُلَمَاءُ بِالْفَارِسِيِّةِ مِنْ صِفَاتِ اللَّهِ تَعَالى عَزَّتْ أَسْمَاؤُهُ وَتَعَالَتْ صِفَاتُهُ فَجَائِزٌ الْقَولُ بِهِ سِوَى الْيَدِ بَالْفَارِسِيّةِ.

«Алла Тағала сипаттарының ішіндегі ғұламалар парсыша айтқан сипаттары көркем және есімдері ұлық. Сондықтан да олай айтуға болады. Тек «йәд» сөзін парсы тіліне аударуға болмайды» - деген. Имамның бұлай айту себебі «иәд» сөзі араб тілінен парсы тіліне аударылғанда тек қана адамның ағзасы болған «қол» деген мағынаны береді. Ал Алла Тағалаға ағзадан тұрады деп Алланың өзі де жіберген пайғамбарлары да айтпаған.

Олай болса бұл сөзді қай мағынада түсініп, қалай тәпсір жасаймыз?

Бұл сұрағымызға жауап беретін әһлу сунна уәл-жәмәғә наным-сенімін қорғауға тікелей дәнекер болған екі ғалымның бірі имам Әбу Мансур әл-Матуриди (230-333жж.) өзінің «Тәуиләт әһли суннаһ» атты тәпсір кітабында аталмыш аятқа түсіндірме беріп, былай дейді:

وَ قَوْلُهُ عَزَّ وَ جَلَّ: "بَلۡ يَدَاهُ مَبۡسُوطَتَانِ" – بِالْمَغْفِرَةِ وَ التَّعْذِيبِ يَغْفِرُ مَنْ يَشَاءُ وَ يُعذِّبُ مِنْ يَشَاءُ.

قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ: قَوْلُهُمْ: "بَلۡ يَدَاهُ مَبۡسُوطَتَانِ" – لَا يَعْنُونَ بِذَلِكَ أنَّ يَدَهُ مُوثَقَةٌ مَغْلُولَةٌ حَقِيقَةَ الْيَدِ وَ الْغَلِّ، وَ لَكِنَّ وَصَفُوهُ بِالْبُخْلِ وَ قَالُوا أمْسَكَ مَا عِنْدَهُ بُخْلًا مِنْهُ، تَعَالَى اللهُ عَنْ ذَلِكَ عُلُوَّا كَبِيرًا[3]

Алла Тағаланың: «Керісінше, Алланың (екі қолы) ашық» - деген сөзі: кешірімі мен азабы ашық, қалағанын азаптап, қалағанын кешіреді.

Ибн Аббас (р.а.) былай деген: олардың, яғни яһудилердің сөздерімен аяттағы: «Алланың қолы байланған» - дегендері ағза болмысындағы шынайы қол мен шынайы темір кісен деген мағыналарды мақсат етпеген. Алайда Алла Тағаланы сараңдықпен сипаттап өзінің пестігімен алдындағы барын бізге бермей тарықтырды деген. Ұлы Алла бұл нәрселерден жоғары әрі пәк!

Имам Матуриди Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Иә Алла, Оған дінде түсінігін ашып, Құранды тәуил жасуды үйрет!» деген дұғасын алған «үмметтің тәпсіршісі» атанған Ибн Аббас (р.а.) «Алланың қолы байланған» деген аят сөзін тікелей қол болса қол деп ағза мағынасында түсініктеме бермей, керісінше ауыспалы және астарлы мағынаға бұрған.

Ал келесі үммет ғалымдарының ішіндегі ең алғашқы тәпсіршілердің бірі имам Табари:  

Абу Жағфар айтты: Алла Тағаланың: «Керісінше, Алланың (екі қолы) ашық» - деген сөзінде пікірталасушылар тартысқа түсті. Олардың кейбірі: Алла Тағала бұл аятта нығметті мақсат еткен десті. Ол: «Алланың «қолы» жаратылысына арналған» яғни «Алланың нығметі жаратылысқа арналған» дегені секілді. Арабтар: «менің қолым сен үшін» десе «менің қолымдағы барым сен үшін» дегені.

Ал енді бірі: бұл аяттағы сөздің мақсаты қуатты білдіру деді. Құранда Алла Тағала бұл мағынада былай дейді:

﴿وَٱذۡكُرۡ عِبَٰدَنَآ إِبۡرَٰهِيمَ وَإِسۡحَٰقَ وَيَعۡقُوبَ أُوْلِي ٱلۡأَيۡدِي وَٱلۡأَبۡصَٰرِ﴾

(Мұхаммед ғ.с.) құлымыз Ыбырайым, Ысхақ және Жақыпты (ғ.с.) есіңе ал. Олар мықты да қуатты еді[1].

Тағы біреулері «қолы» дегені мүлкі деп түсіндіреді...

Басқалар Алланың «иәд» деген сипаты бар, Пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен хадистер және ғалым-ғұламалар мен тәуил иелерінің айтқан сөздері осыған дәлел деген»[2].

Ал Мәшһүр Жүсіп атамыз осы аяттың түсіндірмесін бір шумақ өлеңмен былай жеткізген:

Алды-арты, асты-үсті, оң-солы жоқ,

Ауыз, мұрын,аяқ, бас, көз, қолы жоқ.

Еш нәрсеге ұқсамайды Ол һәм еш нәрсе де,

Кітаптың айтқанынан ойлама көп.

Яғни Алла Тағаланың жаратылыс секілді ет пен сүйектен, тері мен қан тамырларынан тұратын ағза қызметін атқаратын шынайы қолы жоқ екендігін айтып жатыр. Қазақ халқы қашанда болашақ жайлы әңгіме қылғанда «барлығы Алланың қолында» деп сөз тоқтатқан. Бұл дегені "не болса да барлық нәрсе Алланың қалауы мен күш-құдіретінде, Алла қаласа болады, қаламаса болмайды" дегенді білдіреді.

Жоғарыда айтылған ислам ғалымдарының тұжырымдары мен қазақ данышпандарының түсіндірмесіне сай шығатын қорытынды Алланың аяты хақ, аятты әр адам өз ойымен қалаған тіліне тікелеу аудара салып, қалаған мағынасында түсінуге болмайды. Алла өзі жайында түсіндірме берген аяттарды Құранның негізгі үкім аяттары аясында тәпсірлеу қажет. Алланы жаратылысқа ұқсатуға немесе жаратылысты Аллаға ұқсатуға болмайды. Алла дене-мүшелерден, ағзалардан, бөлік-бөлшектерден пәк. Міне, осы нағыз әһли сунна ғалымдарының ұстанымы әрі мұсылманның дұрыс сенімі.

Нұрсұлтан Мамедалиев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Сад сүресі, 45 аят.

[2] Ибн Жарир ат-Табаридің «жамиғул баян» кітабы, Мәида сүресінің 64-аятына берген тәпсірі.

[1] Ықылас сүресі.

[2] Өз ілімімен толық зерттеме жасай алатын ғалымдық дәрежесі

[3] Имам Мәтуридидің «Тәуиләт әһли суннаһ» кітабы, 4 том, 266 бет.

Бөлісу: