22
Жұма,
Қараша

һижри

Иман және амал – 2

Иман және амал – 2

Ақида
Жарнама

Иман мен амалдың айырмашылығы мен ара-қатынасы:

Әһли сүннет ғұламалары бойынша, амал иманның бір бөлігі болып есептелмейді. Адам иман негіздерін жүрегімен қуаттап, сенгендерін тілімен айтса, бірақ амалдардың біреуін немесе бірнешеуін орындамаса, имансыз болмайды, тек күнәһар деген үкім беріледі. Ондай кісі о дүниеде Алланың рахметіне бөленіп кешіріледі, не азапқа түседі.

Құранда алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді. Құран Кәрімде:

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ

«Иман еткендер және ізгі іс істегендер...» деп басталатын көптеген аят бар. Міне осы аяттарда иман еткендер мен ізгі іс істегендер деп бөлек-бөлек айтуда. Егер амал иманның бір бөлігі болғанда тек қана «иман еткендер» деп айтылып, қосымша «салих амал істегендер» деп айтылмайтын еді.

Сондай-ақ, күнәға бой алдырып, Алланың тыйған ісін жасау ол да амал етпеуге жатады. Кей аяттарда үлкен күнә мен иман бірге айтылады. Егер амал иманның бір бөлігі болатын болса, үлкен күнә істеген мұсылман кісі кәпір болып, Құранда оған: «Әй, иман еткен», деп айтылмас еді. Мысалы аятта былай дейді:

وَإِن طَائِفَتَانِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ اقْتَتَلُوا فَأَصْلِحُوا بَيْنَهُمَا

«Егер муминдерден екі топ соғысса, дереу араларын жарастырыңдар» (Хужурат сүресі, 9 аят). Ислам діні бойынша, адам өлтіру – үлкен күнә. Міне сол үлкен күнәні иман еткен кісілер жасайтын болса да, оларға «муминдер» деп айтып отыр. Бұл да амалдың иманнан бөлек екендігін білдіреді.

Хайыз бен нифас жағдайларында әйелдердің кейбір парыздардан босатылуы да осы мәселеге дәлел. Өйткені, мұндай күйдегі әйелдер құлшылық жасамағанына қарамастан, мұсылман болып қала береді.

Имам Әбу Ханифа «әл-Уасия» кітабында былай дейді: «Амал иманнан бөлек, иман да амалдан бөлек. Бұған көп жағдайда мүміннің мойнынан амал жасау міндетінің түсуі дәлел болмақ. Бұл жағдайда мүміннің мойнынан иман түсті дей алмаймыз. Мәселен, хайыз әйелдің мойнынан Алла Тағала намазды түсірді. Алайда, Алла Тағала оның мойнынан иманды түсіріп, иманды тәрк етуге бұйырды дей алмаймыз. Алла оған оразаны тоқтат, сосын оның қазасын өте дейді. Алла тағаланың оған иманды тоқтат, сосын оның қазасын өте деуі мүмкін емес. Пақыр-кедейге зекет беру міндет емес деп айтуға болады. Алайда, пақыр-кедейге (зекеттің парыздығына) иман міндет емес деп айтуға болмайды».

Амал міндеті кейде мұсылманның мойнынан түссе де, иманның түспегеніне қарап, ғұламалар иман мен амалдың арасын бөлген. Егер иман мен амал бір-бірінен ажырамайтын біртұтас нәрсе болса, амал міндеті мойыннан түскенде иман да мойыннан түсуі керек еді. Демек, иман мен амал бір емес, айырмашылығы бар. Амал иманды толықтырып, кемеліне жеткізеді. Ал амал болмаса, иман әлсірейді. Міне, екеуінің ара-қатынасы да осы.

Имам Матуриди «Тәуиләтул Құран» еңбегінде олардың бұл көзқарасы дұрыс еместігін айтады. «Мүміннің бойында аятта айтылған сипаттың болуын бәріміз айтамыз. Алайда бір мұсылман парыз амалды білімінің таяздығы, нәпсісінің жетегінде кетіп қалуы немесе жалқаулық танытуы себепті орындамаса иманы бойынан ажырады, имансыз болды демейміз».

Қорыта айтар болсақ, Матуриди мәзһабы бойынша, иман мен амал екі бөлек. Амал иманның рукіні болып есептелмейді. Бәлки, иманның кемелденуінің шарты. Бұл имам Матуриди амалды қабыл етпейді немесе тек иман жеткілікті, құлшылық жасамай-ақ қойсада болады дегендік емес. Керісінше, оның көзқарасында, иман –  халалды халал, харамды харам деп қабылдау. Алла Тағаланың тыйымы мен әмірін міндет деп мойындау. Кімде-кім Алла Тағаланың әміріне қарсы шығып, халалды харам, харамды халал десе діннен шығады. Алайда бір мұсылман парыз болған бір амалды мойындай тұрып, оны орындауда жалқаулық танытып немесе пенделіктің құрығынан құтыла алмағаны себепті мұсылман емес дей алмаймыз. Бірақ, күнәһар, пасық мұсылман болып саналады. Оның күнәсін Алла қаласа кешіреді немесе қаласа соған лайық жазалайды.  

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

Нұрлан Рамазанов

Иман және амал – 1

Бөлісу: