22
Жұма,
Қараша

һижри

Әһлу сүннет ақидасының негізгі ұстыны

Әһлу сүннет ақидасының негізгі ұстыны

Ақида
Жарнама

Құран Кәрім мен Хазіреті Пайғамбардың сахих хадистерін ұстанып, жол  бастар етуші, Алланың елшісі Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және оның сахабаларының ақида (сенім) мәселесінде ұстанған жолымен жүрушілер «Әһлу суннет уәл-жамағат» деп аталады. Әһлу сүннет уәл-жамағаттың қазақша мағынасы – «сүннет халқы және жамағат». Яғни сүннетті ұстану – Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрген жолын ұстануды білдіреді.

Әһлу сүннет ақидасының негізгі ұстыны:

1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.

2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мән-маңызы мен ерекшелігі бар.

3. Әлемдер мен күллі тіршілікті жаратушы – Алла.

4. Алла жалғыз, бастауы мен соңы жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Ол уақыт, мекен һәм тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес және Одан басқа тәңір жоқ.

5. Алланың әзәли (бастауы жоқ), әбәди (соңы жоқ) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.

6. Алла ақыретте мүминдерге көрінеді.

7. Тағдыр (қадар) хақ. Бірақ, құл іс-қимылдарын мәжбүрлікпен емес таңдау еркі арқылы жасайды.

8. Пайғамбарлардың муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.

9. Алланың кәләмы әзәли (басы жоқ). Алланың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.

10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жаннат, тозақ, таразы).

11. Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Али. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады және оларға тіл тигізуге болмайды.

12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.

13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлау арқылы жүзеге асады.

14. Алла Тағала адамдарды жаратқаны секілді, олардың іс-амалдарын да жаратады. Пенде қандай да бір істі істеу үшін өз еркімен таңдау жасайды, ал Алла Тағала оның таңдауына сай ісін жаратады.

15. Жақсылық жасағанға – сый, жамандық жасағанға – жаза беріледі. Бірақ, Алла қалаған мүмин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.

16. Ислам дінін қабылдаған, әрі мүмин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:

а) Алла Тағаланы жоққа шығарса;

б) Аллаға серік қосса;

в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе;

г) Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп, не керісінше халалға харам деп сенсе.

материал «Мәзһабтар тарихы» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: