22
Жұма,
Қараша

һижри

Мәзһабсыздардың кейбір пікірлері

Мәзһабсыздардың кейбір пікірлері

Ақида
Жарнама

1. Мәзһаб ұстану қате және бидғат (дінге кейіннен енгізілген іс). Себебі, мәзһаб ұстанбау – нағыз түпнұсқа әрі оңай жол. Алла Тағаланың мақсат еткен нәрсесін дұрыс түсінуге ең жақыны да осы жол. Өйткені Алла Тағала білімсізге «білім иесінен сұра» деп әмір бергенде белгілі біреумен шектемеді. Керісінше жалпылама меңзеді. Оны шектейтін келесі бір шектеу болмайынша жалпылама айтылған нәрсе жалпы күйінде қалады.

Жауап: Ия, жеке имамның мәзһабын ұстану шарт болмағаны сияқты, бірден көп имамның көзқарасын ұстану керек деген де мағына шықпайды. Айтылған сөз орынсыз қолданылғаны көрініп тұр. Бұл жайында ғалым Мухаммад Саид Рамазан әл-Бути Ибнул-Имадтың мына сөзін өз кітабында ұсынады: «Белгілі мәзһаб ұстану сол мәзһаб имамына ғана еру дегенді білдірмейді. Бұл дегеніміз – сол мәзһабпен жүріп өткен, қаншама еңбектер қалдырып халыққа дін үйреткен көпшілік ғұламаларға еру деген сөз. Біз олардың адамдар арасындағы бірегейі, осы үммет ғұламаларының ұлықтары екенін біле тұра оларды адасушылықпен айыптауға, істерінің терістігін және олардың жолына ерудің харам, бидғат екендігін айтуға қалай ғана ауызымыз барады.»

Айта кетер тағы бір жәйт, «Алла Тағаланың шариғатын дұрыс түсінуге ең оңай әрі ең жақын жол мәзһаб ұстанбау» деген сөздің өмір шындығына қайшы келетіндігі. Себебі бір адам өзінің айналасындағы адамдарды шариғат үкімдерін орындауда бір мәзһабта, бір қалыпта көруі, «ана имамның, мына имамның көзқарасы» деген қайшылықтарды білмеуі – оның діни міндеттерін тез әрі оңай үйренуіне кепіл. Өзінің таңдауға шамасы жетпейтін әртүрлі көзқарас пікірлердің ара сында басын ауыртудан әлдеқайда абзал. Өзгелерді де өзі жүрген жолда көрген адам, өзгелерден ерекшеленіп жүрген адамнан әлдеқайда көңілі жайлы болады».

2. Қателіктен пәк пайғамбар мен қателікке түсу ықтималы басым біреуге ерудің арасын ажырату үшін арнайы мәзһаб ұстанбау қажет. Себебі мәзхаб ұстанушы адам пайғамбар мен жәй фиқһшы ғалымды тең көрген болып саналады.

Жауап: Жоғарыда да айтылғанындай пайғамбарға еру білім иелеріне ерумен, мәзһаб ұстану – көпшілік ғұлама қауымына ерумен болатыны белгілі. Ендеше қалай ғана пайғамбарға еру мен мәзхабқа еруді екі бөлек етіп көрсетуге болады. Мұны айтқан кісінің қатеден пәк пайғамбарға тікелей ерерліктей, шариғат негіздерін зерттеп саралауға осы ғұламалардан артық шамасы жетер ме екен? Оған шамасы қайдан жетпек.

Бұл өмір шындығына қайшы ғой. Ол үшін бұл жолда өзінен әлдеқайда лайығырақ адамдар бар. Олар – мәзһабындағы ғалымдар қауымы. Сондықтан оларға ереді. Олардың еңбектерін жоққа шығару – оларға жала жабу, орынсыз табалау болып табылады. Яғни ғұламалардың ізінен еру – қатеден пәк пайғамбарға еру деген сөз. Білімсіз, сауатсыз, өз бетінше еруден құтылып хақиқи үлгіде еру осылай болмақ.

Ғалым Мухаммад Саид әл-Бути «Әллә Мазхабия» кітабында: «Егер бүкіл адам мағсум (қатеден пәк) Пайғамбарымызға ерудің ақиқатын және Алла Тағаланың сөзін түсінудің жолдарын білсе, онда муқаллид (еліктеуші) және мүжтаһид болып екіге бөлінбес еді. Алла Тағала бірінші топтағыларға «Егер білмейтін болсаңдар білім иелерінен сұраңдар» деген кезде білім иелері қатеден пәк болмаса да оларға еруін әмір етті. Құран мен хадис қателіктен ада болғанына қарамастан осы екеуінен тікелей іздеулерін әмір еткен жоқ».

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: