20
Сенбі,
Сәуір

һижри

Шариғатта тыйым салынған ихтилаф қайсысы?

Шариғатта тыйым салынған ихтилаф қайсысы?

Ақида
Жарнама

Жоғарыдағы тақырыптардан кейін әлдекімнің былай сұрақ қоюы ықтимал: «Егер кейбір басты мәселелер мен ұсақ мәселелерде айырмашылық болуы табиғи қажеттілік, кеңшілік, қазына болса, онда Құран мен хадистегі қайшылыққа түсуден тыюдың не мағынасы бар?»

Жауабы: Тыйым салынған қайшылықтың біріншісі – қастандық пен құмарлықтан туындаған талас. Кітап иелерінен яһудилер мен христиандар сол үшін сөгіске ұшырады. Олар дәлелдің болғанына, аяттағы мақсаттың айқындығына қарамастан, дүниеқұмарлық пен менмендіктің кесірінен таласқа түсті.

Алла Тағала Құранда бұл жайлы былай дейді: «Адам баласы жалғыз ғана үммет еді. Сонда Алла қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді. Адамдардың араларындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ Кітап жіберді. Сол кітап берілгендер ашық дәлел келгеннен кейін араларындағы кекшілдіктен ғана қайшылыққа түсті. Сонда Алла иман келтіргендерді олар тартысқан шындыққа өз ұйғаруымен жеткізді. Алла қалағанын тура жолға салады».

«Алланың құзырында шынайы дін – Ислам. Сондай кітап берілгендер өздеріне мәлімет келгеннен кейін араларындағы күншілдіктен ғана талас-тартысқа түсті. Кім Алланың аяттарына қарсы келсе, күдіксіз Алла тез есеп көруші»

«Расында Исрайл ұрпақтарына кітап, патшалық, пайғамбарлық және өздеріне таза ризық беріп, сондайақ бүкіл әлемге үстем қылған едік. Сонымен қатар дін істерінде де оларға ашық түсініктер бердік. Дегенмен өздеріне мәлімет келгеннен кейін өзара күншілдік қылып, мүлде талас-тартысқа түсті. Шын мәнінде Раббың қиямет күні араларындағы қайшылыққа түскен нәрселері жайында үкім береді».

Көріп отырғанымыздай сөгіс жариялануының себебі араларындағы қастандық пен күншілдік қана. Ал фиқһтағы талас мәселелерде өзара түсіністік пен жәрдем болатындығын айтып өткенбіз.

Тыйым салынған қайшылықтың екіншісі – үмметтің ауызбіршілігін бұзып, өзара дұшпандыққа алып баратын, ерегіс тудыратын және топ-топқа бөліп бір-біріне зиян келтіруге себеп болатын талас. Құран мен хадистің барынша қатты сақтандыратын таласы да осы талас. Құран Алладан шынайы қорқу мен өлгенге дейін Исламға берік болуды әмір еткеннен кейін былай дейді: «Барлығың бірдей Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығыметін еске алыңдар. Өйткені бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, оның игілігімен туысқа айналдыңдар. Оттан бір шұңқырдың ернеуінде едіңдер, сендерді одан құтқарды. Осылайша Алла сендерге аяттарын тура жолға түсулерің үшін баян етеді». Осы аяттың жалғасында бізден бұрынғылардың бөлінгеніндей бөлінбеуімізді әмір етеді: «Өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін сондай бөлініп, қайшылыққа түскендер тәрізді болмаңдар. Міне соларға зор азап бар».

Басқа бір аятта былай айтылады: «Аллаға әрі елшісіне бойұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар. Әйтпесе үрейленесіңдер де құттарың қашады. Сабырлы болыңдар, расында Алла сабырлылармен бірге».

Кітап иелерінен бүлікшілер мен мүшриктердің діндерін бөлшектеп топ-топқа айналғаны үшін былайша сөгеді: «Күдіксіз діндерінде бөлініп, топтарға айырылғандармен ешбір байланысың жоқ. Сөзсіз олардың ісі Аллаға тән. Кейін оларға істеген істерін түсіндіреді».

Тағы бір аятта Алла былай баяндайды: «(Мұхаммед с.а.у.) Бәрінен бет бұрып жүзіңді Ислам дініне жөнелт. Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан. Алланың жаратуында өзгеріс болмайды. Осы тұп-тура дін. Бірақ, адамдардың көбі түсінбейді. Аллаға бой ұсынған түрде одан қорқа отырып намаз оқыңдар әрі ортақ қосушылардан болмаңдар. Сондай олар діндерін бөлшектеп, топтарға бөлініп, әрбірі өз алдындағыларына мәз болғандар».

Ал фиқһ мәзһабтары арасында бөліну түсінігі болған емес. Керісінше дін тұтастығын сақтап келді. Мәзһаб иелері бір-бірін құрметтеп, қуаттап отырды. Бұған бүгінгі фиқһ әдебиеттері мен әр түрлі мәзһаб ұстанатын мұсылман елдеріндегі мұсылмандар дәлел бола алады.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: