28
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Сүннет амалдарын ұстану әдебіне қатысты насихат

Сүннет амалдарын ұстану әдебіне қатысты насихат

Ақида
Жарнама

Пайғамбарымыз дүниеден озған соң әділетті халифалар фақиһ сахабаларды әлемнің әртүрлі аймақтарына жіберіп, әрқайсысы өзі жіберілген елдегі адамдарға дін үкімдерін үйреткен. Хижаз аймағындағы сахабалар мен Хижаздан асқан елдердегі сахабалардың дін нормаларын үйретудегі дәлелдері кейбір мәселелерде өзгешелік тапқан.

Мысалы, Хижазда сүннет «әминді дауыстау» деп қабылданса, Иракта Әли мен Ибн Масғудтың фиқһына сай «әминді іштен айту» сүннет болып бекіген. Сүннеттің ақиқаты мен егжей-тегжейі тек қана мухаддистерде, ал фақиһтар біле бермеген деп ойлап жүрген жастар баршылық. Әрине, бұл олардың сүннетке деген ықыластарының нышаны. Алайда сүннеттің не екенін лайықты деңгейде түсіну үшін – жалғыз ықылас жеткіліксіз болады. Ықыласты жастарға сүннетті кең мағынада түсіну қабілеті қажет.

Мысалы, халифа Әбу Жа`фар әл-Мансур, сосын халифа ар-Рошиид имам Мәликтің мәзһабы мен «Муатто» кітабын Аббасия дәулетіне заң құқығы етіп тағайындағысы келген. Имам Мәлик екі халифаға да: «Расында, Алла елшісінің сахабалары тармақты мәселелерде қайшылыққа түскен және дүниенің төрт бұрышына тарап кеткен. Әркім өз қасындағы ижтиһад бойынша дұрыс айтушы саналады», –деп ұсыныстарын кері қайтарған. Имам Мәлик мұндай қайшылықтардың бұл үмбет үшін рақым екенін, әркім өз қасындағы дұрыс ижтиһадқа ергенін, әркімнің ижтиһад кезінде тек тура жолды және Алласының ризалығын көздегенін баяндаған. Егерде имам Мәлик барша мұсылмандарды өз фиқһына ұйытуды қалағанда, солай істер еді. Алайда ол өз ижтиһадында Алланың ризашылығын ғана көздеп, өз көзқарасын емес, ислам үмбетінің мүддесін артық көрген. Имам аш-Шафиғи өз ижтиһадын жүргізсе де, «Муаттоға» байланысты: «Жердің бетінде Мәликтің «Муаттосынан» ілім тұрғысынан дұрысырақ кітап жоқ», – деп баға берген. Сол секілді имам аш-Шафиғи таң намазында құныт дұғасын оқуды және қирағатта «бисмилләны» дауыстап оқуды сүннет деп санаған. Алайда Бағдадқа келген сапарында ханафилердің мешітінде таң намазына имамдыққа шығарылғанда құнытты да оқымай, «бисмилләны» да дауыстамай, имам Әбу Ханифаның ижтиһадына құрмет көрсеткен. Сүннетті жанынан артық сүйген алдыңғы буындарда өткен салиқалы салафтар сүннетті ұстануды осындай жолмен түсінсе, біздің сүннетке деген махаббатымыз осы әдептерден ауытқып бара жатқан жоқ па?!

Мысалы, мұсылмандарға көп зиян істеген мұнафықтардың басышысын Омар өлтіргісі келген. Омардың бұл ниетінде – ақиқатқа деген махаббаттан басқа ешнәрсе жоқ. Алайда бұл исламның дұрыс тарауына кері әсерін әсте тигізетін болғандықтан, Пайғамбар оған: «Егерде сен солай істесең, сосын Мединаның сыртындағы адамдар Мұхаммед сахабаларын өлтіріп бастапты десе, бұл жаладан қайтіп арыламыз», – деп түсінігін кеңейткен. Сол секілді әл-Бұхари мен Муслимнің сахихтарында: Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың: «Ей, Айша! Мына қауымың күпірліктен енді ғана қайтқаны болмағанда, әлбетте, Қағбаны бұзып, қайта тұрғызып, бір жағынан адамдар кіріп, екінші жағынан шығатын екі есік жасар едім»; «Ей, Айша! Қауымың Қағбаны тұрғызғанда Ибраһимның негізгі іргетасына жеткізбей көтеріп қойғанын сен көріп тұрған жоқсың ба?», – деді. Мен: «Ей, Аллаһтың елшісі! Онда Қағбаны Ибраһимның іргетасына қайтармайсыз ба?», – дедім. Алланың елшісі: «Мына қауымың күпірліктен енді ғана қайтқаны болмағанда, әлбетте, солай істер едім», – деді. Абдулла ибн аз-Зубайр: «Егерде Айша анамыздың Алла елшісінен естігенін негізге алсам, онда Алла елшісінің Қағбаның Хижрға қараған екі бұрышын ұстамауы тек оның Ибраһимның іргетасына жетпей тұрғызылғанына ғана байланысты деген көзқарасты айтар едім», – деген.

Ханафи мәзһабы бекіген елде басқа мәзһаб өкілдері өз дәлелдерінен түсіп, ондағы мұсылман қауымның дәлеліне үйлестіру сүннетін ұстанулары қажет. Егерде бұл елде «әминді іштен айту» сүннет болып бекісе, имам аш-Шафиғи секілді құрметпен қарап, «әминді дауыстап айту» сүннетін қоя салған абзал болады. Өйткені Алла тағала Құранда: «Раббыларыңа жалынып және жасырын жалбарыныңдар! Расында, Ол шектен шығушыларды ұнатпайды (55) Жердің беті дұрысталған соң қайта бүлдірмеңдер! Оған қорқынышпен және үмітпен жалбарыныңдар! Расында, Алланың рақымы мухсиндерге өте жақын (56)», – деген. Осы аяттың тұсында шейх Мухаммад әл-Мухтаар аш-Шанқиитый «Әдуа әл-Баянында»: «Имам Мәлик кейбір жағдайларда Құранның шартсыз және жалпылаушы мағынасын ахад хабарлардың алдына шығарған. Өйткені сүннеттің дәлелдік мағынасы айқын болса да, бәрібір, Құран жету тізбегі тұрғысынан күштірек саналады. Бұл аяттың жалпы мағынасы «әминді дауыстап айтуға» қатысты хадистердің алдына шығады. Өйткені «әминді айту» – дұға. Ал аталмыш аятта дұғаны жасырын айту бұйырылған», – деген.

Қиямда «қолды кеудеге ұстау», қирағатта «әминді дауыстап айту», отырыста «сұқ саусақты қимылдату», «сәждеге барарда тізеден бұрын қолды қою» секілді намаз амалдары ғасырлар бойы ханафи мәзһабы бекіген елдерде бүгін қабылдана қоймайды. Сондықтан ондай амалдарды біздің елдегі қарапайым мұсылмандардың арасына әкелу сүннетке сай деп айта алмаймыз. Егерде сүннетке сай болғанда Алланың елшісі исламға енді ғана кіріп жатқан қауымның көңіліне еш назар аудармастан, Қағбаны бұзып, қайта тұрғызар еді. Тіпті оған бір емес, екі есік жасар еді. Алайда Қағба бүгінгі күнге дейін сол бейнесін сақтап тұр. Олай болса, әрбір елде қалыптасқан намаз бейнесіне жаңа бейне әкеліп, сахих сүннетпен түзетемін деген пайым дұрыс емес. Өйткені дәлелдік мағыналары соқтығысқан хадистер әр мужтаһид фақиһтердің зерттеуінен өтіп, әрқайсысында өзінің лайықты орнын баяғыда тауып қойған. Олардан кейінгі ғасырларда келген ғалымдардың сол ижтиһадтардың біреуін жөн көріп, басқасын әлсіз көруі – уахи емес, тек ижтиһадтары ғана. Егерде уахи дәрежесінде болса, имам Мәлик

«Муаттосын» халифаның әмірімен бүкіл ислам әлеміне бекітер еді. Сондай-ақ аш-Шафиғи де таң намазында ханафилерге имам болған сәтінде олардың дәлелдеріне қарамай, құныт дұғасын оқып, бисмилләны да дауыстап айтар еді. Алайда олар бұлай істеуден бойларын аулақ ұстаған. Тіпті әл-Бұхаридің өзі сол Қағба туралы хадисті келтірген тақырыбын «Кейбір кісілердің түсінбеуінен және жағдайдың бұдан да жаман жаққа өзгеруінен қауіптеніп кейбір таңдаулы көзқарастарды атқарусыз қалдыру» деп атаған. Сондай-ақ «әминді жасырын айтуды» сүннет етіп ұстанған елдерге «оны дауыстап айту» мен «отырыста сұқ саусақты қозғау» амалдарын әкелу жергілікті жамағатқа жарасымсыз және ұнамсыз көрінеді. Әкелушілерде: «Қандай зиян тигізуі мүмкін, сүннет емес пе?», – деген сұрақ тууы да мүмкін. Бұған жауап мына хадистің жалпылаушы мағынасынан алынады: Әбу Са`иид (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі мешітте иғтикафта болғанда адамдардың Құранды дауыстап оқып жатқандарын естіген еді. Пердені ашып: «Әрине, сендерден әркім қазір Раббысымен мінәжатта. Бір бірлеріңе зиян тигізбеңдер! Құран оқығанда не намазда дауыстарыңды бір бірлеріңнен асыра көтермеңдер!», – деді деп айтқан. хадисті Әбу дәуд риуаят еткен және дәрежесі сахих.

Ал енді өз дәлелін ғана дұрыс көрген кісіге қатысты Әбу Умама (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің: «Өзінікі дұрыс бола тұра дауды тастаған кісіге жәннаттың айналасынан үй сыйлануына кепіл боламын», – деп айтқанын риуаят еткен. бұл хадисті Әбу дәуд келтірген және дәрежесі хасан. Біз болсақ, елімізде енді ғана тарап келе жатқан асыл да мінсіз дінімізді тарату жолын дұшпан емес, өзіміз әлсіретіп алу және әлеуметке исламның нормаларын жеккөрінішті бейнеде көрсетіп алу қаупінде тұрмыз. Сол себептен көп нәрсені жете түсінбей жүргенімізді мойындауымыз қажет. Мысалы, имам Мәликтің шәкірттерінің бірі: «Имам Мәликтің алдында «Муаттоны» қырық күнде оқып шыққан едік. Сонда Мәлик: «Қырық жыл жазған кітабымды қырық күнде қабылдап алдыңдар ма? Онда азғантай нәрсе түсінген екенсіңдер!», – деді деген. Кейбіреулердің: «Пайғамбардың: «Намазды менің намаз оқығанымды көргендеріңдей оқыңдар!» деген хадисіне фақиһтер назар аудармаған, мухаддистер ғана көңіл аударған деген пікірлері әсте дұрыс емес. Расын айтсақ, біздің ішімізде және әркімнің қайнар көзіне айналған ғұламаларының ішінде Пайғамбардың намаз бейнесін көзімен көрген ешкім жоқ. Оның намазын көргендер – сахабалар буыны ғана. Ал енді сахабалардан жеткен хадистер намаз сүннеттерін бір ғана бейнемен шектемеген. Сондай-ақ намаз сүннетерінің әртүрлі сипатта риуаят етілуі хадистің тек сахих не әлсіз болуына байланысты емес. Сонымен қатар бір мәзһабта сахих саналатын тізбек басқа бір мәзһабта әлсіз саналуы да заңды нәрсе. Ал мухаддистердің тек қана сахих хадис дәлелге алынады деген ұстанымдары – шариғаттың шешімі емес. Олардың бұндай ұстанымдары – өздеріне тән ижтиһадтары.

Бұлары басқа да мухаддистер мен фақиһтердің ижтиһадына ықпал жасай алмайды. Мысалы, «кіндік астына» деген хадисті риуаят етуші мухаддистердің қатарында имам Ахмад та бар. Сондай-ақ ол да оның тізбегін өзі бастап әлсізге шығарған. Алайда ол бұл хадиске амал қылған. Тіпті бұл хадистегі «қолды індік астына ұстау» бейнесі ханбалилерде кең тараған сүннетке айналған. Хадистің мағынасы әлсіз болғанда, ханбали мәзһабында оған амал етуге жол берілмес еді. Егерде біреу: «Ахмадқа басқа сахих хадис жетпеген шығар», – десе, бұл сөз де ақиқатқа ұласпайды. Өйткені имам Ахмадтың алдында бұдан басқа бейнені сөйлеген, тізбегі сахих хадистер де болған. Алайда ол бұның бәрін сүннеттің кеңдігі деп түсінген. Сайып келгенде, Құран мен сүннеттің нормаларға қатысты мәтіндерін фақиһтер талдап түсіндіріп кеткен. Исламның әуеліндегі үш буынның өкілдеріне келсек, кейбір мәселелерде Айша анамыздың өз көзқарасы, Ибн Омардың өз көзқарасы, Әбу ад-Дарданың өз көзқарасы, Ибн Масғудтың өз көзқарасы,

Әлидің өз көзқарасы болғандығы барша ғұламаларға белгілі. Фақиһтердің хадис тізбегін қабылдаудағы және мағынасын түсінудегі өзгешелектері осындай сахабалардағы фиқһтің әртүрлі бағыт алуына негізделген. Олар фиқһи көзқарастарына әсте өз табиғаттарын кірістірмей, тек Құран мен сүннетке негіздеген. Хадис тізбегінің сахих болуы – бір мәселе, ал оның мағынасынан фиқһи үкімді шығару – екінші мәселе. Мысалы: Муслим жеткізген риуаятта Ибн Самура (Алла оған разы болсын): Пайғамбардың алдына өзін жуан жүзді жебелермен өлтірген кісінің денесі әкелінгенде ол жаназа оқымаған», – деп риуаят еткен. Бұл риуаяттың тура мағынасына қарасаңыз, ондай кісіге жаназа оқуға болмайтыны байқалады. Алайда Әбу

Ханифа, Мәлик және Шафиғи өзіне қол жұмсап өлген мұсылман діннен шықпайды, оған жаназа оқылады деп, бұл хадистің мағынасын ескерту мақсатында Пайғамбардың өзі ғана оқымаған, ал сахабаларға тыйым салмаған деп түсіндірген. Өйткені имам Ахмад ан-Насаи жеткізген риуаяттағы Ибн Самураның (Алла оған разы болсын): Бір кісі өзін жуан жүзді жебелермен өлтіргенде Алла елшісі: «Маған салса, мен оған жаназа оқымаймын», – деді деп айтқан сахих хадисін негізге алып, пайғамбар секілді имам да оқымайды, ал басқалары оқиды деп түсіндірген. Біздің мәзһабтағы Әбу Юсуптің пікірінде осы хадистердің тура мағынасы алынып, ондай кісіге жаназа оқылмайды. Алайда Әбу Юсуп: «Хадисті түсіндіру мен ондағы мағыналардың бүге-шегесі тұрғысынан Әбу Ханифадан білімдірек ешкімді көрген емеспін. Негізінде, Әбу Ханифаға қайшы сөйлеген орным жоқ. Ойланып қарасам, оның көзқарасы ақиретте ең құтқарушы көзқарас екен. Әрине, мен хадиске әуес болдым. Ал хадистің сахихтығын белгілеу тұрғысынан менен анағұрлым зерек еді. Мен Әбу Ханифаға ата- анамнан бұрын дұға тілеймін», – деген.

Тағы бір айтылуы қажетті жәйт: Бүгінгі күнгі мұсылмандардың басым көпшілігі намаздың сыртқы бейнесіне ғана қатысты көңіл бөліп, ондағы ең маңызды хушуу` халіне ерекше ықпал салмайды. Ал Пайғамбарымыз болса, бұл мәселені ерекше басып айтқан. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): Алла елшісі: «Сендер менің мына орындағы құбыламды көріп тұрсыңдар ма? Алламен ант етемін, сендердің рүкүғтарың мен хушуу`тарың әсте маған жасырын емес. Расында, мен сендерді арқа тұсымнан да көремін», – деді деп риуаят еткен. Хадисті Бұхари риуаят еткен. Хушуу дегеніміз – Намазда Алла тағаланың ұлылығын ерекше қастерлеген, төмендеген әрі бойсұнған жүрекпен тұру

Халқымызға намаздың парыздығын, оның дұрыстығына қажетті шарттарды үйретіп алсақ, сондай-ақ намаздың сыртқы көрінісінен бұрын, оның парыз етілудегі рухани мақсаты мен негізгі пайдасын меңгерте алсақ, діннің намазға қатысты негізгі талабы осы емес пе?! Сол себептен Алланың елшісі сахих хадистерде: «Адамдардан ең әуелі хушуу` кетеді»; «Адамдардан ең әуелі аманат кетеді де діннен ең соңғы болып намаз қалады. Қандай да бір намаз оқушыға Алла тағаланың қасында еш үлес болмауы да мүмкін», – деп ескерткен.

Құрметті талапкерлер, лекцияны тыңдауға қатысқандарыңыз үшін Алла тағаламыз разы болсын. Раббымыз баршамызға пайдалы ілім және кең түсінік нәсіп етсін. Сөзімді Ибн Масғудтың «Алла оған разы болсын» мынадандай тамаша өсиеті сөзімен аяқтауды жөн көріп тұрмын. Ол: «Ілім дегеніміз көп риуаятпен шұғылданумен емес, расында, ілім дегеніміз тақуалықпен жүзеге асады», – деген.

материал «Фиқһ іліміне кіріспе» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: