22
Жұма,
Қараша

һижри

Исламдағы Мәһди деген кім? Ол қашан келеді?

Исламдағы Мәһди деген кім? Ол қашан келеді?

Ақида
Жарнама

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ақырзаманға байланысты айтқан хадистері ішінде әһли бәйттен, яғни, Пайғамбар ұрпағынан Мәһди есімді бір кісінің келетіндігі айтылады. Мәһди – тура жолға бастаушы деген ұғымды білдіреді.

Мәһди келген соң мұсылмандар арасында әділ билік орнатып, дінсіздермен күресіп, Исламды үстем етеді деген сенім күллі мұсылман қауымы арасында жайылған. Мәһди жайында көптеген сахих хадистер айтылғандықтан, біз де бұл жерде бір-екеуіне тоқталып өтеміз. Абдуллаһ ибн Мәсғудтан риуаят бойынша Расулуллаһ былай деген: «Әлемнің бір күндік өмірі қалса да, Алла ол күнді ұзатып, менің бір адамымды сол күні жібереді. Яғни, Әһли-бәйтімнен біреуді жібереді. Бұл кісінің аты менің атыма ұқсас, әкесінің есімі әкемнің есіміне сәйкес келеді. Ол адам жер бетіндегі зұлымдықты жойып, онына әділеттілікті орнатады» (Әбу Дәуіт, Тирмизи,Фитән 52).

Умму Сәләмәдан риуаят бойынша, Расулулла былай деген: «Мәһди – менің ұрпағымнан, қызым Фатиманың балаларынан келеді» (Әбу Дәуіт, Мәһди 1, 4284). Ислам ғалымдары арасында Мәһдидің ақырзаманда келіп, келмеуі жөнінде әр түрлі пікірлер айтылады. Кейбір ғұламалар Мәһди деген адам жоқ және ондай кісі келмейді. Мәһди мен Хазіреті Иса деп айтып жүргеніміз бір адам. Хадисте екеуінің бір адам екендігі айтылған деп, Мәһдиге деген сенімді жоққа шығарады.

Көпшілік ғалымдар Мәһди жайында айтылған хадистерді сахих деп тапқандықтан, Мәһдидің келетіндігін қабыл етеді. Мәһдидің келетіндігіне сену иман негіздеріне жатпағандықтан, Мәһди келмейді деген кісі иманнан шықпайды. Алайда сахих хадисте айтылғандықтан, біз Әһли сүннет уәл-жамағат Мәһдидің келетіндігіне сенімдіміз. Орта ғасырдан бастап Ислам әлемінде өзін Мәһдимін деп жариялаған көптеген кісілер болды. Әлі күнге дейін әр жерден өзін Мәһдимін деп жариялаушылар да бар. Бірақ олардың ешбірі хадисте айтылған Мәһди емес.

Өзін Мәһдимін деп шыққан кісілердің шығу тарихына көз жүгіртсеңіз, олардың белгілі бір мүддені көздеп, халықты артынан ергізу үшін осы атты жамылып шыққандығына көз жеткіземіз.

материал «Ислам ақидасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: