25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

«Әһл-сүннет» деген кімдер?

«Әһл-сүннет» деген кімдер?

Ақида
Жарнама

Қалаған пендесін кеңшілігі мен игілігі арқылы тура жолға бағыттап, қалаған пенделерін асқан жомарттығымен ағыл-тегіл жақсылыққа бөлейтін Аллаға мадақ болсын! Сондай-ақ Раббысы ең жақсы мінез-құлықпен әспеттеген һәм жаратылыстың құрметтісі Мұхаммедке, оның отбасы мүшелеріне, ақиқат пен білім иелері саналатын сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Осынау зерттеу жұмысын Құран түскен рамазан айының иманға толы айлы түнінде бастағалы отырмын. Бұл – һижраның 1437 жылы, рамазан айының 17-сінің таңына қараған түн. Яғни миләди жыл санағы бойынша 2016 жылдың 22-жұлдызына тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан Алладан зиялы тұлғаларымызға материалдық және рухани қолдау көрсеткеніндей, бізге де сондай қолдау көрсетуін сұраймын.

Өз кезегінде Алла мен елшісіне көмек көрсету һәм Ислам нұрын жер-жерге тарату ісі сахабаларға арттарына кітап жазып, еңбек қалдыруға мүмкіндік бермеді. Сондықтан олардың фиқһ мәселелерін, ойлау тәсілдерін һәм сенім тұрғысындағы мәселелерді түсіндіретін жазбаларын кезіктірмейміз. Алайда олар осы аталғандарды балалары мен шәкірттеріне таратып, осынау аманатты келер ұрпаққа ауызба-ауыз риуаят ету һәм сол аманаттың дәнін еккен ғылым мәжілістері арқылы жеткізіп отырды.

Кейіннен табиғиндердің кезеңінде Ислам мемлекеті аяғына мықтап тұрған соң, білім жолы кеңінен жайылып, Құран сақталып жиналды. Сондай-ақ сүннетті жинақтап, оларды қабылдау және қабылдамау тәсілдерін енгізуде табиғиндердің еңбегі өте үлкен болды.

Сосын әтбағу табиғиндерден болған үшінші ұрпақ келіп Алла елшісінің сүннетін қорғау мен жинақтауда аға буынның қызметін толықтырып, аталған істің мамандарына айналды. Сондай-ақ олар өз ғасырларының бас кезінде өздерінен алдыңғыларда қызу талқыға түскен дәлелдеу мен ой-пікір тәсілдерін енгізді.

Кез келген ілімнің туындауына белгілі бір себеп-салдар түрткі болады. Өйткені ілімдер бірден пайда бола қоймайды. Сондықтан олардың туындауы қажеттілікке қарай жүзеге асады. Қарап отырсақ, Исламның бірінші ғасыры әртүрлі күдіктер мен күмәнді жағдайлардан алыс әрі философиялық ілімдер әлі дүниеге келмеген болатын. Онымен қоса сахабалар мен табиғиндер арасында сенім мәселелерінде проблемалар туындамаған. 

Сонымен қатар Алланың есім-сипаттары баяндалған аяттардың мағынасын қазбалап тексермеді. Керісінше, олардың ұстанған жолы – әлгіндей аяттардың мағынасына терең бойламай, оларды мойындай отырып, оқып өте шығу болатын.

Ал біреу қандай да бір бидғат шығарса, олар оны дереу бұлтартпас дәлелдермен жойып отыратын. Тіпті, олардан діннің әр алуан мәселелеріне қатысты нұсқаулықтар келіп жетті деуге де болады. Өйткені Әбу-л-Хасан әл-Ашғари мен Әбу Мансур әл-Матуриди сынды екі имам келіп, ақида ілімі мәселелерінің іргетасын қалап, дінбұзарлардың күмәндарына қарсы тұрды һәм сол жолда пікірталасқа түсіп, еңбектер жазды.

материал ««Әһл-сүннет» деген кімдер?» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: