19
Жұма,
Сәуір

һижри

Білім мен фиқһтың мәні және ерекшелігі

Білім мен фиқһтың мәні және ерекшелігі

Ақида
Жарнама

«Білім алу әрбір мұсылманға парыз» дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Алла расулының осы сынды бірқатар сөздерінен білім алу барлық адамға парыз, бірақ адамдардың барлығына білімнің барлық түрін алу парыз емес деген қорытынды шығара аламыз.

Кез келген мұсылманның жағдай мен уақыт талабына сай өмірінде аса қажетті иман шарттары, құлшылық пен қарым-қатынас үкімдері, тұрмыс қағидалары сынды қарапайым ережелерді біліп жүруі керек. Мұсылман болу үшін дін негіздерінен иманға жеткізетіндей білім алу парыз. Ал Алла тағала парыз еткен амалдарды тану және оның шегін білу үшін фиқһ іліміне ден қою қажет. Ислам дінінің мақсаты адам баласын бұл дүние және ақыретте бақытқа жеткізу.

Алла Тағала Құранда: «Намаз өтелген кезде жер жүзіне таралыңдар да, Алланың кеңшілігінен несібе іздеңдер. Және де Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 10-аят), – дейді. Ал Байһақи риуаят еткен хадисте: «Тектеріңді жақын туыстарыңа барып тірелетінге дейін үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Араб тілін Алланың кітабын түсінетіндей үйреніңдер, сосын доғарыңдар. Жұлдыздарды жер мен суда адаспастай етіп үйреніңдер, сосын доғарыңдар», – деп айтылған екен. Білімнің абзалы ғылымхал, амалдың абзалы соны сақтау. Қандай жағдайда болсын мұсылманға өзінің қал-қадірінше білім алуы парыз. Егер намаз оқу кісінің парызы болса, намаздың парызын өтейтіндей ілім үйренуі парыз, уәжібін өтейтіндей ілім үйренуі уәжіп. Өйткені намаз парызын орындауға себеп болатын нәрсе парыз, ал уәжібін орындауға себеп болатын нәрсе уәжіп саналады. Сол секілді ораза, қажылық пен зекет те осылай болмақ. Сауда-саттықты кәсіп етер адамдарға сауда ісінің Ислам шеңберінде жүргізілуін үйренуі парыз. Әбу Юсуфтың шәкірті, бір жағынан Әбу Ханифаға туыс болып келетін Мұхаммед ибн Хасанға «Тақуалық жайлы кітап жазбайсыз ба?» дейтін көрінеді айналасындағылар. Сонда ибн Хасан: «Сауда-саттық жайында кітап жаздым», – деп жауап береді екен. Мұның мәнісі кісінің шын тақуалығы сауда-саттықта, дүниемен бетпе-бет келгенде көрініс береді. Құдайдан қорқатын құл сауда ісінде мәкрүһ, шүбәлі нәрселерден өзін аулақ ұстайды. Тек саудада ғана емес, кәсіптің кез келген саласында кісі алдымен өзін харамнан қорғай білуі қажет. Бұл барлық кәсіп иесінің бірінші парызы.

Ілім Алла Тағаланың тек адам баласына ғана берген бірден бір сыйлығы. Адамзаттың өзге жаратылыстан артықшылығы да осынау таным деген түсінікте жатыр. Раббымыздың періштелерге Адам (а.с.) алдында сәжде ет деп бұйырған себебі де осы білімді бергенінде жатыр. Мұны кітабымыз Құран былай баяндайды: «Алла Адамға (ғ.с.) біртұтас атауларды үйретті де, сонан соң оларды періштелерге көрсетіп: «Айтқандарың рас болса, Маған осы нәрселердің аттарын айтып беріңдер» деді». (Бақара сүресі, 31-аят).

«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып қарсы келушілерден болды» (Бақара сүресі, 34-аят). Білімнің құны сонда, адам баласын тақуалыққа жеткізер бірден бір жол осы білім алу. Ал тақуалық адамды Алла Тағала құзырында абыройлы етіп, мәңгілік бақытқа лайықты етеді. Мұхаммед ибн Хасан ибн Абдулланың (Алла оған рақым етсін) мынадай ғибратты өлеңі бар: Білім ал, иесінің көркі болар, Мақтауға лайық заттың төркіні олар. Әр күні көп білімнен пайдалан да, Пайдалы теңіздің жүз айдынында. Фиқһ үйрен, жолбасшы ғой бар уақытта. Жеткізер ізгілік пен тақуалыққа. Ең әділ, хақ сүннетке жол бастайды, Ол барлық қиындықтан қорғаштайды. Расында, фиқһ ғалымы тақуа жалғыз, Шайтанға мың қауіпті болар нағыз Сондай-ақ жомарттық пен сараңдық, қорқақтық пен батылдық, тәкаппарлық пен кішіпейілдік, сынды қасиеттердің парқына барып қай жақсысын бойға сіңірген жөн. Тәкаппарлық, сараңдық, қорқақтық, ысырапшылдық сынды Алла Тағаланың сүймейтін қасиеттері бізге харам. Мұндай жат мінездерден тек оларды танып-білумен және қарама-қайшы тұсын үйренумен ғана сақтануға болады. Сол үшін әрбір мұсылманға бұларды білу парыз. Мырза имам Насыраддин Әбу Қасым ахлақ жөнінде кітап жазып шықты. Еңбек тамаша жазылған, оны әрбір мұсылман жаттап алғаны жөн. Ал, сақтауға келсек, кей жағдайларда (ілімді жоғалып кетуден) сақтау парыз кифая болып табылады.

Кифая парыз – қаланың кей тұрғындары орындаса, қалғандарының мойнынан түсетін амал. Ал, ешкім де орындамаса, барлық тұрғындар күнәға ортақ болады. Сондықтан қала басшысы (имам) тұрғындарды сол парыз кифаяны орындауға бұйыруы, керек десеңіз, міндеттеуі тиіс. Адам баласы үшін өзінің діни әрі дүниелік міндеттерін орындауына тікелей себепкер болатын аса қажет ілім түрлері бар. Бұл адамның бойын тік ұстап, қорек болатын күнделікті ішіп-жеуге мұқтаждығы іспетті. Мұндай білімді әрбір адамның үйренуі жеке басына парыз. Және де белгілі бір уақытта ғана мұқтаж болатын білім түрлері бар. Ол науқас адамның дәрі-дәрмек пен дәрігерге мұқтаждығындай. Білімнің бұл түрін барлық адамның алуы шарт емес. Тек бұқараның сұранысын қанағаттандыра алатындай кісілердің осындай білімді игерулері керек. Ал жұлдыз дерт секілді. Оны үйренуге тыйым салынған. Өйткені одан келер пайда жоқ, керісінше зиянды. Себебі Алла Тағаланың тағдырынан қашып құтылу мүмкін емес. Сондықтан жұлдыз ілімін құбыланы анықтау және намаз уақытын анықтау сынды нәрселер үшін ғана үйренбек керек. Ал медицина ілімін үйренген жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ем-дом қабылдаған.

Имам Шафиғидың (р.а.) мына бір сөзі бар: «Білім екеу: фиқһ ғылымы дін үшін, дәрігерлік тән үшін. Ал бұдан басқасын әңгіме үстінде үйренуге де болады». Бірақ бұл жерден аталмыш екі ғылымнан басқасының түк пайдасы жоқ деп түсінбеу керек. Мұның мағынасы: әрбір адам діні дұрыс болатындайжәне құлшылығын қатесіз жасайтындай фиқһты үйренуі нақты парыз. Медицинаны аурулардың алдын алу үшін үйрену парыз. Ал бұдан басқа ілім түрі кифая парыздар қатарына кіреді. Білім кісі бағасын арттырып, дәрежесін жоғарылататын қасиет. Фиқһ дегеніміз, білімнің нәзік тұстарын тану және оның себебін түсіндіру. Әбу Ханифа (р.а.) фиқһқа «адамзатты және оның құқығы мен міндетін тану» деп анықтама берген. Білімді тек қана біліп қою бар да, онымен амал ету бар. Білім тек амал етілгенде ғана қадірлі. Ал амал кісінің ертеңгі күні үшін өзінің бүгінгі істейтін ісі. Адам баласы дүние мен ақыретте ненің пайдалы,ненің зиянды екенін білуі керек. Ертең ақыретте азабының артып, күнәсінің көбеймеуі үшін адам баласы білімнің тек пайдалысын үйреніп, зияндысынан алыс жүргені абзал.

материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: