22
Жұма,
Қараша

һижри

Ихтилаф – фиқһтың бай қазынасы

Ихтилаф – фиқһтың бай қазынасы

Ақида
Жарнама

Бір жағынан ижтихадтағы болжамдардың әркелкілігі арқылы фиқһ байи түседі. Себебі әрбір пікір дәлелдерге, шариғи сенімді деректерге сүйенеді.

Шариғи дәлел көздерінің барлығын үкім шығару жолын білетін, қияс пен истихсанды меңгерген, бірнеше дәлел қатар келгенде сараптай алатын мүжтаһид дәрежесіндегі кісілер реттеп кеткен. Мүжтаһидтердің мектептері мен жолдарының әртүрлігі шариғаттың фиқһи қазынасын молайта түседі. Әрбір мектептің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, бірі хадиске негізделген, ал бірі мәтіннің мазмұнын ашуға негізделген. Бірі сыртқы мағынаны ұстанатын, енді бірі осылардың барлығының жақсы жағын аламыз дейтін мектеп өкілдері. Нәтижеде осы әр түрлі мектептер мен мәзһабтардың, олардың әркелкі ізденіспікірлерінің арқасында шексіз қазына мен қадірін ғылым жолындағылар ғана біле алатын байлық пайда болды. Һижри 1408 жылы (1987ж.) Ислам әлемінің біріккен фиқһ құрылтайының оныншы кезекті отырысында мәзһабтар арасы ихтилафтар және кейбір мәзһаб тараптарлығы мәселесінде алған қарары да жоғарыдағы пікірді қуаттай түседі. Сондай-ақ, бұл құрылтай бүгінгі біз көтеріп отырған мәселелердің маңыздылығын айқындай береді. Мұнан бірнеше жылдар бұрын қарастырылған мәселе бүгін бізге де келіп жетті. Сондықтан бұл үндеумен біздің отандастарымыздың да таныс болғанын қалар едік.

Қабылданған қарардың мәтінін бірге оқиық: «Әлһамду лилләһи уаһдаһ, уәссалату уассаләму алә мән лә нәбия баадаһ сайидина Мухаммадин уа алә әлиһи уа сахбиһи уасаллим. Әмма бағд» Ислам фиқһы құрылтайының мәжілісі МәккаМукаррамада 1987 жыл, 17 қазан сенбі (хижри 1408, 24 сафар) мен 1987 жыл 21 қазан сәрсенбі (1408, 28 сафар) аралығында өткен оныншы кезекті отырысында: «Халықтың ұстанымындағы мәзһабтар арасы фиқһи қайшылықтар» тақырыбын және «кейбір мәзһаб ұстанушыларды өзге мәзһаб иелерін даттауға алып барып, орта жолдан шығаратын фанатизм» мәселесін қарастырды. Мәжіліс бүгінгі жас ұрпақтың мәзһабтардың құрылымы мен мәнін білмегендіктен олардың арасында мәзһабтар арасы айырмашылық төңірегінде туындайтын проблемаларды көтерді. Себебі теріс жолға шақырушылар: «Ислам шариғаты жалғыз. Шариғат негіздері Құран мен сүннеттен алынғандықтан ол да біреу-ақ. Ендеше мәзһабтар арасы айырмашылық неге қажет? Мұсылмандар бір мәзһабта, шариғат үкімдерінде бір түсінікте болу үшін неге мәзһабтарды біріктірмеске» – деп, оларды азғыруда.

Сондай-ақ мәжіліс мәзһаб тараптарлығын және одан туындайтын проблемаларды да көтерді. Әсіресе қазіргі кезде пайда болған жаңа ағым мүшелерін талқылады. Бұл ағым мүшелері жаңа ижтихад жолына шақырып, ғасырлар бойы Ислам үмметі қабылдап келген белгілі мәзһабтарға тіл ұзатуда. Мәзһаб имамдарының кейбірін адасушылықпен айыптап, халық арасында бүлік шығаруда.

материал «Мәзһаб туралы таным» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: