19
Жұма,
Сәуір

һижри

Тәспі тарту ғибадат па, бидғат па?

Тәспі тарту ғибадат па, бидғат па?

Ақида
Жарнама

«Тәспі» деп зікір жасаушының санауына ыңғайлы етіп жіпке тізілген моншақтарды айтамыз.

Тәспі сөзі о баста арабтың суббах (Аллаға мадақ, Алланы мадақтай) сөзінен шықты. Оны парсы, түріктер – тасбих, татарлар – диспе, ауғандар – тисба деп атайды. Ислам әлеміндегі тәспілер негізінен 17, 33, 99 тастан құралады. Мұның, әсіресе, соңғы екеуі кең тараған. 99 саны Алла тағаланың 99 көркем есімдерімен тығыз байланысты.

Исламның бес парызының бірі – күнделікті оқылатын бес уақыт намаз десек, осы намаздардан соң Алланың есімдерін ұлықтап, мадақ айтып, тәспі тарту қалыптасқан сүннет болып саналады. Тәспі тарту – адамның иманын арттырып, рухын нұрландырады деп түсіндіріледі. Әр намаздан кейін отырып «Субханаллаһ» «Алла Тағала бәрінен де жоғары), «Әлхамду лиллиһ» (Бар мадақ Алла Тағалаға), «Аллаһу акбар» (Алла ұлы) сөздерін 33 реттен айтып шығады. Осылайша Алланы еске алып, мадақ айту арқылы әрбір мұсылман баласы жүректерін тазартып, имандарын нығайта түеді.

Тәспі тарту – жүректі тазартып, иманды артыру ғана емес. Оның сырына тереңдей үңіле білсек, көптеген артықшылықтары барына қаныға аламыз. «Егер сендерді ашу қысса, отырыңдар. Отырғанда басыла қоймаса, жатыңдар. Тіптен оған да болмай бара жатса, тәспі тартып, Алланы еске алыңдар», - дейді.

Ашуланған адам тәспі тарту арқылы да жүйкені тыныштандыруға жағдай туғыза алады екен.

Алла Тағаланың көркем есімдерін жекелей күніне мың реттен айта отырып тәспі тарту арқылы кез-келген аурудан арылуға болады деген ұғым қалыптасқан. Аурудың қай-қайсысы да нерв жүйесінің бұзылуы салдарынан туындап жататыны анық. Ауруға шалдыққан адам алақандағы, саусақ ұштарындағы орталық нерв жүйесімен тығыз байланыстағы нүктелерге тәспі тарту арқылы массаж жасап, бұзылған нерв жүйелерін қалыпты қызмет атқаруға көмектесе алады.

Тәспінің жасалу жолдары да әртүрлі. Неше түрлі асыл тастардан, жеміс сүйектерінен, басқа да заттардан жасауға болды.

Тәспіні тек қана сәндік үшін немесе діндарлардың ғана тұтынатын дүниесі деп қарамауымыз керек. «Алланың есімдерін жиі еске алып жүріңдер. Сонда сендер жандарыңа рақат, өмірлеріңе қуаныш сыйлай аласыңдар» - делінеді Құранда. Шындығында жанымызға рақатты, өмірімізге қуынышты ең алдымен дініміздің саулығы арқылы әкелеміз. Сол себепті тәспі тарту қасиетін біле жүрейік.

Санау ғибадат емес, әдет болып табылады. Түйеге міну зауаид сүннет болып табылады. Машинаға, ұшаққа міну әдет болып, сүннетке қайшы емес. Осы сияқты механикалық және электроникалық құралдармен тәсбих тарту да бидғат емес. Тек, бұл құралдарды адамдардың арасында қолдану адамдардың көңілін аударады. Рияға, фитнаға себеп болуы мүмкін, өз-өзін көрсету сияқты мақтануға алып баруы мүмкін. Осы тұрғыдан ондай құралдармен тәсбихті қалтада немесе ешкім жоқ жерде тарту керек. Кәдімгі тәспілермен де, электроникалық тәспілермен де тәсбих тарту бидғат емес. Ибни Абидин хазреттері былай дейді 

Расулуллаһ алейһиссалам бір әйелдің тәсбихтерді дәндермен санап жатқанын көрген, бірақ тиым салмаған. Бұл, тәсбихтерді таспен, дәнмен және тәспімен санаудың жаиз екенін көрсетуде. Дәлелі мынау: Әбу Даудтың, Тирмизидің, Нәсаидың, Ибни Хиббанның және Хакимнің Саид бин Әби Уаққастан (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифте Расулуллаһ бір әйелдің дәнмен немесе ұсақ тастармен тәсбих тартқанын көрсе де тиым алмағанын білдіруде. (Рәддул Мухтар)

Пайғамбарымыз алейһиссалам істің негізін білдіретін. Мысалы «Азанды жоғары жерде оқыңдар» деп бұйырған. Осы үшін мұнарада азан оқу сүннетке қайшы деп айтылмайды. Тәсбихті құрма дәнімен, жиде дәнімен немесе ұсақ тастармен санау сүннетке қайшы емес. Бір ғалымның басынан өткен оқиғасы мұны жақсы ашықтайды:

«Мектепте ұстаз болып жүргенімде бір оқушы «Ұстаз, соғыста өлген мұсылман шәһид бола ма?» деп сұрады. «Иә, болады» деп жауап бердім. «Пайғамбарымыз бұны айтқан ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. «Теңізде тұншыққан, ұшақтан, тікұшақтан құлап өлген мұсылман да шәһид бола ма?» деп сұрады. «Иә, шәһид болады» деп жауап бердім. «Пайғамбарымыз бұларды да білдірген бе?» деді оқушы. «Иә, білдірген» дедім. Сонда оқушы «Ұстаз, пайғамбардың уақытында ұшақ пен тікұшақ бар ма еді?» деді. «Пайғамбарымыз Жамиул кәлим еді, яғни көп нәрсені бір сөйлеммен, бір сөзбен білдіретін. Пайғамбарымыз “Биіктен құлаған адам шәһит болады” деген.» дедім. Оқушы «Енді түсіндім» деді».

Демек, аттан құласын, мұнарадан құласын, аспалы жолдан құласын биіктен құласа болды, шәһит болады. Пайғамбарымыздың уақытында мұнара мен аспалы жол жоқ еді делінбейді. Бұл мәселеге дәлел болатын хадистер жетерлік, солардың бірі Қасым ибн Абдуррахманнан келіп жеткен мына бір хадис. Ол былай дейді: «Сахаба Әбу-Дарданың дорбаға салып жүретін құрма сүйектері болатын. Таң намазын оқығаннан кейін, әлгі дорбадағы құрма сүйектерін шығарып, таусылғанша солармен зікір ететін.

Шектен шыққандар Алла Тағаланы көп зікір етуге тыйым салумен, адамдардың зікір жасуына кедергі келтірумен шектелмеген. Уирдтерге жане хизбтерге тыйым салумен де тоқтамаған. Қарсылықтарын үдете түсіп, адамдардың Алла Тағаланы көп зікір етуде қолданып жүрген құралдарының соңына түскен. Аталмыш құралдарға «бидғат» және «адасушылық» деп үкім беріп қолданылуына тыйым салған. Сол тыйым салған құралдарының бірі – Алланы зікір етіп  жүргендердің қолында, біз күнделікті көріп жүрген тәспі.

Жоғарыдағы келтірілген дәлелдердің аясында зікірдің тәспімен тартылуының шариғи тұрғыдан «мұстахаб» екендігін көрдік. Сондай-ақ, адам зікір тартуда қателесуден қорықса, жүрегін зікірге шоғырландыру үшін және ойының бөлінбеуі үшін тәспіні қолданғаны абзал. Алла ең дұрысын біледі.

Ренат Жапбасов,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: