21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

«Иржа» деген не? Имам Ағзам ақидасын иржа қылған ба?

«Иржа» деген не? Имам Ағзам ақидасын иржа қылған ба?

Ақида
Жарнама

«Имам Ағзам ақидасын иржа қылған» деген пікірлерді көзіміз шалып жүр. «Иржа» деген не? Шынында да Имам Ағзам ақидасын иржа қылған ба?

«Иржа» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі; «кейінге қалдыру» болса, екіншісі «үміт ету». Ал, діни анықтамасына келетін болсақ, базбір доктриналдық һәм канондық мәселелердің шешімін ақыретке, яғни, Аллаға қалдыру ұғымын білдіреді. «Иржа жасау» ұғымын алғаш рет Хазірет Али мен Хазірет Муавия арасындағы Сыффын соғысындағы тартысты мәселеде ешбір тарапты жақтамай, қай жақтың хақ екендігін ақыретке қалдырамыз деген ұстанымда болған кейбір момын-мұсылмандар қалыптасты. Бірақ, кейін келе Муржия мазхабын ұстанушылар кәпірге құлшылық сауабының болмайтыны секілді момынның да жасаған күнәсі иманына әсер етпейді деп шариғатқа қайшы жалаң сенімді өмірлік ұстанымға айналдырды.

«Иржа» сенімін тарата түсіндіру үшін діни ағымдар арасындағы диалектикалық үдерістерді айтып өтуіміз керек. Харижиттер үлкен күнә жасаған адамды «кәпір» деп санады. Мутазила өкілдері үлкен күнә жасаған адамның мүмін саналмайтынын, тек мұсылман (мүмін дегеніміз – Аллаға жүрегімен сену, мұсылман – сыртқы пішінімен сену) болғандығын айтты. Ал ахлус-сунна өкілдері, яғни Имам Ағзам мазхабындағылар үлкен күнә жасаған адамның «асылық етуші мүмін» екенін, оның ақыреттегі жағдайы Алланың қолында болғандығын, Ол қаласа жасаған күнәсіне қарай жазалайтынын, қаласа, күнәсін кешіреді деген көзқараста болды. Осы ұстанымына байланысты Имам Ағзам және оның ізбасарларын (ахлус-сунна өкілдерін) мутазилиттер «иржа жасаушылар» деп білді. Яғни, мутазалиттердің пайымдауынша, үлкен күнә жасаушы мұсылманның имани халі һәм тартар жазасы мен алар сауабын анықтауды ақыретке қалдырушылар «муржия» деп аталды. Сондай-ақ мутазила өкілдері имам Ағзамның: «Иман жүрекке бекітіледі. Иман артпайды немесе кемімейді» деген пікірі үшін оны да муржияның қатарына қосқан еді.

Мутазалиттердің Имам Ағзамды бұлай деп айтуының себебі оның «иман жүрекке бекиді, ол артпайды немесе кемімейді» деген пікірі амал етушілікті кемсіткен болып саналады деп білді. Алайда бүкіл ғұмырын амалдардың дұрыстығы мен бұрыстығын анықтауға арнаған факиһты қалайша амал жасаушылықты кемсітті деп айта аламыз? Сонымен бірге, Мутазалиттердің имам Ағзамды бұлай қаралауының бір себебі – Имам Ағзам мутазалиттердің жақсылықты Алла жасатады, жамандықты адам өзі жасайды деген тағдыр түсінігін жоққа шығарған болатын. Осындай себептерге байланысты адасқан ағым өкілдері Имам Ағзамды жөн-жосықсыз «иржа жасаушы» деп сынады. Ал, шын мәнінде Имам Ағзам муржия өкілдері сияқты «кәпірге құлшылық сауабының болмайтыны секілді момынның да жасаған күнәсі иманына әсер етпейді» деген ұстанымда болған емес. Ол үлкен күнәні күнә деп тани отырып, оны жасаған мұсылманның ақыреттік халі (кәпірге шығарыла ма, жоқ әлде мәңгі азаптан құтқарыла ма) Аллаға ғана аян деген ұстанымда болды.

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: