22
Жұма,
Қараша

һижри

Періштелерге иман келтірудің маңыздылығы

Ақида
Жарнама

Періштелерге сену - иман шарттарының басты қағидаларының бірі. Себебі, періштеге иман алдымен уахиге, пайғамбардың хақ пайғамбар екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз.

Ал періштеге сенбеу - осы айтылғандардың бәрін қабыл етпеумен тең. Бүкіл діни үкімдер періште арқылы пайғамбарларға жеткізілетіндіктен, періштелерге иман Алла Тағалаға иманнан кейінгі кезекте өте маңызды рөлге ие. Құран періштелерге иман етудің парыз екендігін білдіреді және періштелердің бар екендігі мен олардың нендей мақлұқ екендігін де айтып өтеді. Періштелерге иман етудің парыздығы мына аяттарда білдірілген: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де барлығы Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді» (2.Бақара – 285).

«Кім Аллақа, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе... міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар» (2.Бақара – 177).

Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде де бұл тақырып кеңінен қамтылып, иман негіздері анық түрде көрсетілген. Яғни Жәбірейл періште Пайғамбарымызға адам бейнесінде келіп: «Ислам не? Иман не? Ихсан не? Қиямет қашан болады?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иман дегеніміз - Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алладан екендігіне сену» екендігін айтады.

Періштелерге иман келтіру Алла Тағала мен Оның елшісінің әмірі болғандықтан қандай да бір періштені қабыл етпеу не қарсы шығу шариғат үкімі бойынша күпірлік болып саналады. Құран Кәрімде бұл мәселеде айқын белгілер бар: «Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне сондай-ақ Жәбірейл, Микайлге дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан» (2.Бақара – 98).

 «Ал, кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым қатты адасты» (4.Ниса-136).

 Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мадинаға һижрет етіп барған соң, ондағы тұрғындарды хақ дін исламға шақырады. Ол кезде қала тұрғындарының басым бөлігі яһудилер болатын. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хақ пайғамбар екендігіне күмәнданып, Оны сынаудың небір қитұрқы жолдарына көшеді. Әйтеуір болмашы бір сылтау тауып, сенбеудің жолын қарастырады. Сол сылтаудың бірі періштелер мәселесіне қатысты болды. Бір күні Фәдәк тұрғындарынан бір топ яһуди Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, түрлі сұрақтар қояды. Олар көбіне сұрақты ғибрат алу тұрғысында қоймайтын, сондықтан өздеріне жауабы белгілі сұрақтарды да жөн‑жосықсыз қоя бере- тін. Солай бола тұра, Пайғамбарымыз (с.а.у.) яһудилердің барлық сұрақтарына асқан сабырлықпен дұрыс жауаптарын береді. Ең соңында олар: «Саған қай періште уахи әкелуде?», - деп сұрайды. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Маған Жәбірейл уахи әкеледі», - деген жауабына яһудилер: «Жәбірейл – біздің дұшпанымыз. Егер саған Микайл уахи әкелгенде сенің пайғамбарлығыңа сенер едік. Жәбірейл әкелгендігі үшін саған сене алмаймыз», - деп, қарсы уәж айтып шығып кетеді.

Негізінде, біз періштелерді сезім мүшелерімізбен ажырата алмаймыз. Себебі, олар көзге көрінбейтін нұрдан жаратылған рухани жан иелері. Періштелер жайындағы мәліметтердің қайнар көзі де Құран аяттары мен пайғамбар хадистері ғана. Біз де өз кезегімізде аят пен хадисте айтылған мағлұматтардан ары кете алмаймыз. Және оларды көрінбейді һәм сезім мүшелеріміз арқылы сезілмейді екен деп оларды жоққа шығара алмаймыз.

 Бүгінге дейін ғылым періштелердің жоқ екендігін дәлелдей алмады. Себебі, табиғаттан тыс құпиясы ашылмаған көптеген мәселелердің бар екендігіне сене отырып, ал періштелердің болатындығын жоққа шығару – белгілі бір деңгейдегі қайшылықты білдіреді. Айталық, ақылдың бар екендігін қабыл етеміз, бірақ оны көрсете алмаймыз. Болмаса электр тоғы да көзге көрінбейді. Оларды сол көзге көрінбейтіндігі үшін жоққа шығарамыз ба? Радио, теледидардың кеңістіктегі әуе толқындары жайлы да осыны айтуға болады.

 Асылында, періштелердің көрінбеуі – оларды көруге біздің қабілетіміздің жетпейтіндігін білдіреді. Сондықтан да мұсылманның міндеті періштеге, оның бар екендігіне (аят пен хадисте айтылған ерекшеліктеріне) сенумен шектеліп, олардың қандай екендігі, заты, болмысы аса қызықтырмағаны абзал.

Алла Тағаланың періштелерді жаратып, әрбіріне нақты уәзипалар беруі, Алланың оларға деген мұқтаждығынан туындаған мәселе емес. Алла Тағала қаласа барлық нәрсені өзі жүзеге асырады. Мысалы, Алла Жәбірейілсіз пайғамбарларына уахи жіберіп, Әзірейілсіз адамдардың жанын алуға күш-құдіреті жетеді, адамдардың амалдарын жазушы ардақты періштелерсіз-ақ бүкіл адамның не істеп, не қойғанын шексіз білімі арқылы біледі. Алайда, Алланың әрбір ісі белгілі бір себеп пен хикметке құрылғандықтан, біз үшін кейбір мәселелер құпия болып қала беретіндігін естен шығармаған жөн.

Көзге көрінбейтін періштелердің неден жаратылғандығы жайында Құран Кәрімде ешқандай мәлімет жоқ. Періштелердің нұрдан жаратылғандығын Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына бір хадисінде айтып өтеді. Хазіреті Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір хадисте Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Періштелер нұрдан, жындар жалындаған оттан, Адам болса топырақтан жаратылған» (Муслим, Зухд – 10; Ахмед б. Ханбал, Муснад, ҮІ, 168).

 Құранның баяндауына қарағанда періштелер адамнан бұрын жаратылған. Себебі, қасиетті кітабымызда Алла Тағала періштелерге Адам атаны жарататындығын және оны жер бетінде халифа етіп дүниеге әкелетінін айтады. Бұл да адамзат жаратылмастан бұрын періштелердің бар екендігін білдіреді. Аятта бұл мәселе жайында былай дейді: «Сол уақытта Раббың періштелерге: Әрине, мен жерде бір орынбасар жаратамын!- деген еді. Періштелер: Онда бұзақылық істеп, қан төгетін біреу жаратасың ба? Негізінен біз Сені дәріптеп, мақтау мен пәктеудеміз деді. Алла: Мен сендердің білмегендеріңді жақсы білемін деді» (2.Бақара – 30).

 

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: