22
Жұма,
Қараша

һижри

Алдыңғы қасиетті кітаптардың бұзылу себептері

Ақида
Жарнама

Алдыңғы қасиетті кітаптардың бұзылуына көптеген себептер негіз болды. Сол себептерді төмендегідей ретпен жүйелеп баян етуге болады:

 

  1. Алдыңғы қасиетті кітаптар Құран секілді 23 жыл ішінде аят-аят, сүре күйінде түспеді. Керісінше бірден кітап халінде түсті. Сондықтан ол кітапты бастан аяқ жаттап алғандар саны аз болған. Жатқа білмеген кітап уақыт өте келе өзгеріске ұшырауға мәжбүр болды. Ал Құраннан аят немесе сүре түскенде сахабалар оны дереу жаттап алатын және түрлі заттардың бетіне жазып алатын. Құран толық түскен кезде оны жатқа білетін қаншама сахаба болды. Кейінгі ғасырларда болса жүз мыңдаған адам жаттап алып, бұрмалануына жол бермеді.
  2. Кітап иелері арасында оқу, жазу білетіндер саны өте аз болғандықтан кітаптардың нұсқасын көбейту мәселесі қараусыз қалды. Ол аздай кітапты оқу мен зерттеуге жұртшылық та ынта көрсетпеді. Нәтижесінде бұрмалаулар, түпнұсқасының жоғалуына жол берілді. Ал, Құран аяттары түскен-түскеніндей жазылды және кейінгі халифалар тұсында жинақталып көбейтілді. Екіншіден, Хазіреті Пайғамбарымыз былай деп өсиет айтып кетті: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйренген және оны үйреткендеріңіз» (Тирмизи). Осы хадис аясында сахабалар Құранды үйрену мен үйрету мәселесіне өздерінің негізгі мақсаттарындай бөлекше мән берді.
  3. Кітап иелерінің басынан өткен тарихи оқиғалар да кітаптардың бұзылуына бірден-бір себеп болды. Өйткені Исрайл ұрпақтарының бастарынан өткізген құлдық кезеңдері, көш‑қон машақаттары мен сан қилы соғыстары қасиетті кітаптарды сақтап қалуда кесірін тигізді. Мысалы Исрайл патшалығын б.э.д. 721 жылы Асириялықтар, Яһуди патшалығын б.э.д. 586 жылы Вавилондықтар қиратып, яһудилер Вавилонға құлдыққа әкетілді. Кейінірек Құдысты Александр Македонский талқандап, 63 жылдан кейін басталған Рим шабуылы 70 жылы яһудилердің мемлекеттерінен түбегейлі айрылуымен аяқталды. Осыдан бастап олар әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кетті.

Христиан әлемі де Хазіреті Исадан кейін Римдіктердің қуғынына ұшырады. Әсіресе 64 жылы Римнің өртенуіне христиандар кінәлі деген айыппен оларды қатты азаптау басталды. Бұл азаптау мен жаппай өлтіру ісі 313 жылы билікке христиан сеніміндегі император Константиннің келуіне дейін жалғасты.

  1. Яһуди және христиан дін басылары кітапта өздеріне ұнамаған сөздерді алып тастады немесе өз пайдаларына сәйкестіре отырып өзгертулер енгізді. Яғни өз қолдарымен бұрмалаудың нәтижесінде қасиетті кітаптарының бұзылуы іске асып жатты. Құранда бұл мәселені былай деп келтіреді: «(Мұсылмандар!) Олардың сендерге сенетіндіктерін үміт қыласыңдар ма? Әрине олардың Алланың сөзі (Тауратты) тыңдайтын бір тобы бар еді. Олар оған түсініп болғаннан кейін біле тұра өзгертті» (2.Бақара- 75), «Сондай Яһудилердің кейі сөзді орындарынан өзгертті» (4.Ниса-46).

Таурат кітабының бұзылғандығының айғағы

 Жоғарыда айтып өткеніміздей, Таурат кітабының түпкі нұсқасы жоқ және қолдағы Таураттың өзінде көптеген иләһи кітаптың мазмұнына қайшы келетін сөздер бар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осындай дәлелдердің бір- нешеуін атап көрсетейік.

  1. Қазіргі кезде әлемдегі яһудилердің арасында танымал болған 3 Таурат кітабы бар: Ибритше, Грекше және Самирише. Ақылға салып қарайықшы, Хазіреті Мұсаға түскен Таурат біреу емес пе еді? Үш Таураттың қайсысы дұрыс екенін қалай білуге болады? Бұл аздай үшеуін салыстырғанда бір-біріне қайшы жерлері бар. Оны қалай түсінеміз?
  2. Таурат бабын түсіндіргенде Таураттың 5 бөлімнен тұратындығын айттық. Сол бес бөлімнің 4-мен 5-бөлімі Хазіреті Мұсаның өлімі және одан кейінгі яһудилердің тарихы туралы жазылады. Хазіреті Мұса өзінің қалай өлетіндігін, қалай жерленетіндігін және өзінен кейін не болатындығын көзі тірісінде Тауратқа жазуы сенімсіздікті және күдіктілікті тудырады. Бұл дегеніміз Хазіреті Мұса қайтыс болғаннан кейін біреулер тарапынан кітапқа енгізілгендігінің айғағы.
  3. Тауратта пайғамбарларға мүлдем жараспайтын жала жабылған. Алланың ешбір елшісі сорақы іске бармайды және Алла ондай іске жол бермейді де. Мысалы Нұх (а.с.) жайында былай дейді. «Нұх жер өңдеп, жер бетінде бірінші жүзім екті. Бірде ол шарап ішіп, мас болып, шатырдың ішінде жалаңаш жатты» (Жаратылыстың басталуы, 9/20-24).

Хазіреті Лұт жайында былай дейді: «Лұт Сиғорға қоныстанудан қорқып, екі қызымен одан көшіп кетіп, тауды паналайды. Сонда бір үңгірде екі қызымен тұрып жатты. Бір күні үлкен қызы кішісіне: «Біздің әкеміз кәрі, ал бұл маңайда бүкіл әлемдегі әдет бойынша бізбен жақындасатын еркек жоқ. Жүр әкемізге шарап ішкізіп, ұрпағын жалғастыру үшін онымен бірге жатып шығайық», - деді. ...Сөйтіп Лұттың екі қызы да әкесінен жүкті болды» (Жаратылыстың басталуы, 19/30-38). Пайғамбар былай тұрсын жәй әкенің өзі де мұндай сорақылыққа баруы мүмкін емес.

Хазіреті Яқуб пайғамбар мұнда өтірікші етіп көрсетілген. Яғни, әкесі Исхақты алдап, батасын алғандығы айтылады. (Жаратылыстың басталуы, 27/1-31). Ал Харунды (а.с.) алтын бұзау жасап, соған табынғандығын және солай табынуды қауымына да бұйырғанын айтады (Мысырдан көшіп шығу, 32/1-6). Алла сақтасын, пайғамбардың пұтқа табынуын қалай түсінуге болады?

  1. Тауратта Алланы адам секілді баяндайды. Яғни, шаршады, көктен жерге түсті, жәнната қыдырып жүр, деген секілді Алланың болмысына қайшы әңгімелер жазылған. Алла Құранда айтқандай: «Еш нәрсе ол сияқты емес (Оған ұқсамайды)» (42.Шура-11). Осы айтылған сөздерді келтірейік: «Құдай жарату жұмысын жетінші күні аяқтап, сол күні жұмыс жасамай демалды. Жетінші күнге оң батасын беріп, оны қасиетті деп белгіледі. Себебі, Ол бұл күні Өзінің жарату жұмысының бәрін бітірген соң тынықты» (Жаратылыстың басталуы, 2/1-3).

«Күн батып, жел соққан кезде олар Құдай Иенің бақ ішінде жүрген дыбысын естіді» (Жаратылыстың басталуы, 3/8). «Сонда оған бір кісі жолығып, онымен таң атқанша күресті. Ол Жақыпты жеңе алмайтынына көзі жеткенде, оны жамбасымен ұрып, жамбас сүйегі шығып кетті. Әлгі кісі:

- Мені қоя бер, таң атып қалды, - деді. Ал Жақып:

- Маған батаңды бермейінше, Сені жібермеймін, - деп жауап берді. Сонда ана кісі Жақыптан:

- Есімің кім? – деп сұрады. Ол:

- Жақып, - деді. Әлгі:

- Енді сен Жақып емес, Исраил деп аталатын боласың! Себебі Құдаймен күресіп келдің, енді адамдарға үстем боласың, - деді» (Жаратылыстың басталуы, 32/22-28).

Таураттан келтірілген бұл үзінділер Хазіреті Мұсаға түскен Таурат сөзі болуы әсте мүмкін емес. Алла Тауратта өз пайғамбарлары жайлы бұлай айтты деу Аллаға қарсы жала жабу деген сөз. Алланың сүйікті елшілерінің бірі Мұсаның (а.с.) да Тауратқа мұндай сөзді қосуы ақылға симайтын жайт. Олай болса мұндай деректердің Тауратта болуы, оның кейіннен жазылғандығын айғақтайды.

 Інжіл кітабының бұзылғандығының айғағы

Хазіреті Иса (а.с.) пайғамбар 30 жасында Аллатың Израйл ұрпақтарына жіберген елшісі болды. Алла Тағала Таурат кітабы бұрмаланып, өзгеріске ұшырағаннан кейін жаңа шариғатпен, жаңа кітаппен Хазіреті Исаны жіберді. Иә, Иса (а.с.) да 33 жаста бұл дүниеден көк қабатына көтерілген соң, артында қалған шәкірттері қатты қиыншылықтарға ұшырады. Інжіл кітабы Хазіреті Иса пайғамбардың көк қабатына көтерілуінен шамамен 30 жылдан кейін барып бірнеше шәкірттері тарапынан жазылды. Уақыт өте келе Інжілдің саны жүзден асты. Мысалы 325 жылы Никей соборында 50 Інжілді жою шешімі қабылданды. Ақырында христиан әлемі қабылдаған әлемге танымал 4 Інжілді бекітті. Енді осы 4 Інжілдің өзінде бір-біріне қайшы келетін, бір-біріне ұқсамайтын жерлері көптеп кездеседі. Осы мәселеге байланысты қысқаша тоқталып өтер болсақ:

  1. Хазіреті Иса пайғамбарға әу баста түскен Інжіл біреу еді. Қазір ше? Әлемге танымал 4 Інжілдің өзі Інжілдің өзгергеніне, адамдар жағынан кейіннен жазылғандығына басты дәлел болып отыр.
  2. Інжіл кітабында Хазіреті Иса пайғамбарды Алланың ұлы, қала берсе құдай деп атайды. Бұл мәселені Інжілде былай деп келтіреді: «Бала келе жатқанда жын оны жерге жығып, қалшылдатты. Иса жынға қатаң тыйым салып, баланы сауықтырып, әкесіне тапсырады. Бәрі де Құдайдың ұлы құдіретіне қайран қалды» (Лұқа жазған Ізгі хабар, 9/42-43).

 «Қалың жұрт шомылдыру рәсімінен өтіп жатқан кезде, Иса да сол рәсімнен өтті. Ол мінәжат еткенде көк ашылып, көгершін бейнесіндегі Киелі Рух оның үстіне қонды. Көктен: «Сен Менің сүйікті рухани Ұлымсың. Саған толықтай ризамын!», - деген дауыс шықты» (Лұқа жазған Ізгі хабар, 3/21-22).

 «Кім мені сүйсе, айтқандарымды берік ұстанады және Әкем оны сүйеді. Біз сондай кісілерге келіп, өмірлерінен орын аламыз. Мені сүймегендер сөздерімді берік ұстанбайды. Сендердің естіп жүргендерің Өзімнің емес, Мені жіберген Әкемнің сөздері» (Жохан жазған Ізгі хабар, 15/23-24).

Міне осыған ұқсас көптеген мысалдарды келтіруге болады. Ал Құран бұл мәселеге үзілді-кесілді қарсы шығады және Хазіреті Исаны құдай, үштің үшіншісі дегендерді кәпір болды деп есептейді. Мысалы, «Ықылас» сүресінде Алланың жалғыз және тумайтындығын білдірсе, «Маида» сүресінің жекелеген аяттарында: «Расында Мариям ұлы Масихті Алла дегендер кәпір болды», «Расында Алла үштің үшіншісі дегендер кәпір болды» (5.Майда-73); «Мариям ұлы Масих бір пайғамбар ғана» (5.Майда-75) ‑ дейді.

  1. Бізге мәлім 4 Інжіл шындығында да, Алладан түскен шынайы кітап болатын болса, неліктен олардың тараулары, аяттары бір-біріне сәйкес келмейді? Әлде біреуіне көбірек уахи етіп, екіншісіне азырақ уахи етілген бе? Алланың кәләмында мұндай өзгеріс болмаса керек. Енді осы 4 Інжілді салыстырып көрейікші:
  2. Матфей Інжілі – 28 тарау = 1070 аят
  3. Марк Інжілі – 16 тарау = 678 аят
  4. Лука Інжілі – 24 тарау = 1151 аят
  5. Иоан Інжілі – 21 тарау = 879 аят

 Інжілдердің бұрмаланғандығы мұнан да анық байқалады. Алайда христиандар бұл ақиқатты бәрібір де мойындағысы келмейді. Бірақ, біз көрсеткен мысалдар жай қисындық дәлелдер ғана екендігін де айта кеткен абзал. Егер де Інжілдердің өзге де нұсқаларын егжей-тегжейлі зерттеген жан көптеген қайшылықтарға көз жеткізеді.

Қасиетті кітаптар алдындығы мүмин кісінің міндеті

 Қазіргі кезде елімізге түрлі дін өкілдері келіп өз діндерін уағыздап, кітаптарын тегін таратып жатыр. Әсіресе «Киелі кітап», «Інжіл шариф» сынды кітаптар көптеп таратылуда. Осындай жағдайда мұсылман кісі не істеуі қажет деген сауал туады. Себебі, Інжіл, Таурат, Забур - Алладан түскен иләһи кітаптар. Бұл кітаптарды түбегейлі дұрыс емес деп айта алмаймыз. Ендеше дұрыс жолды ұстануға әрекет, амал жасап, ол кітаптардың мазмұнына талдау жүргізіп, ой елегінен өткізейік:

  1. Құран мен хадисте ашық түрде айтылған қандай да бір мәселе ол кітаптарда айтылса дұрыс деп есептейміз. Мысалы, Алланың бірлігі, жәннат-тозақтың болатындығы, Хазіреті Адамның топырақтан жаратылуы, Хазіреті Иса, Хазіреті Мұсаның пайғамбар екендігі секілді мәселелерді растаймыз. Бірақ біз ол кітаптарда айтылған жолмен емес, Құранның, Хазіреті Пайғамбардың нұсқаған жолымен жүреміз.
  2. Құран мен хадисте ашық түрде тыйым салынған мәселелерге қайшы келетін мәліметтерін жоққа шығарып, әсте қабыл етпейміз. Мысалы, үштік сенім, Хазіреті Иса, Хазіреті Узейр Алланың ұлы, періштелер Алланың қыздары, Лұт өзінің қыздарымен зина жасады деген секілді жағдаяттар ислами сенім тұрғысынан алғанда тіпті күпірлік болып табылады.
  3. Егер аят пен хадистерде айтылмағанмен ислами сенім, ғибадат және ахлақтық негіздеріне қайшы келмесе, ондай жағдайда бірден төрелігін айтуға тырыспай, абзалын бір Алла Тағала біледі деген дұрыс. Мәселен, Хазіреті Адам жәннатта қандай жеміс жегендігі, пайғамбарлардың қанша жыл өмір сүргендігі, жәннат яки тозақ жайында айтылған сипаттамалар осыларға жатады. Егер мұндай мәліметті растасақ, шындығында ондай мәліметтер түпнұсқада болмаған болса, жалғаншы боламыз. Жоққа шығарсақ, егер ол мәлімет түпнұсқада бар болған болса, бар нәрсені жоқ деумен күнәһар боламыз. Сол үшін мына хадисте ескертілгендей бұл мәселелерде орта жолды ұстанған абзал: «Әһли кітап сіздерге қандай да бір нәрсе жеткізетін болса, оларды растамаңыздар да, жалғанға шығармаңыздар да» (Бурахи, Шахадат 29)

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: