22
Жұма,
Қараша

һижри

Пайғамбарлардың ер кісі болуы жайында

Ақида
Жарнама

 

Ислам тарихында пайғамбарлық ұлы міндет тек ер кісіге ғана тән бе, әлде әйел кісіден де пайғамбар келе бере ме? - деген пікір қозғалған.

Өйткені, Алланың пенделері арасынан таңдаған құлына елшілік қызметті беретіндігі жайлы Құранда айтылған. Сол себепті бұл абыройлы міндетті кейде әйел кісілерге жүктеуі де мүмкін дейді кейбір дін ғалымдары. Мәселен, Әшғари мен Захири мәзхабтары осы пікірді қолдайды. Олар әйел затынан да пайғамбар келгендігін алға тартады. Құранда Хазіреті Мұсаның анасына уахи келгендігі жөнінде аят бар: «Мұсаның анасына: Оны еміз де бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны дарияға салып жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында оны саған қайтарамыз да, оны пайғамбарлардан қыламыз деп, көкейіне салдық» (28.Қасас-7). Сонымен қатар, әлгі мәзхаб өкілдері Алла Тағала Хазіреті Мәриям ананы да пайғамбар етіп жіберді деп, мына аяттарды негіз ретінде алға тартады: «Әй, Мәриям! Шәксіз Алла сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды деді» (3. Али Имран-42; қараңыз: 19. Мәриям-17).

Ханафи мәзхабы бойынша пайғамбарлар тек ер кісіден ғана келген және олардың тек ер кісі болуы шарт. Өйткені пайғамбар болған кісі хақ дінді жаю жолында адамдар арасына кіріп, араласып-құраласып кетеді, реті келгенде майдан алаңына шығады. Ал әйел заты бұлай ете алмайды. Себебі, хайыз, нифас кезі миссияның орындалу барысында кедергі болады және өзінің жаратылыс әлсіздігі ерік-жігерін толық қолдануына келе бермейді. Екіншіден, аятта пайғамбардың тек ер кісіден ғана келгендігі нақты айтылады: «Сенен бұрын да өздеріне уахи етіп еркектерді ғана жіберген едік. Егер білмесеңдер кітап иелерінен сұраңдар» (21.Әнбия-7).

Ал жоғарыдағы Әшғари мен Захирилер келтірген дәлелдерге былайша жауап беруге болады. Жоғарыда айтылған «Қасас» сүресінің 7-аяты мен «Али Имран» сүресінің 42-аятында «уахи еттік» деген сөздің мәні діни, пайғамбарлық уахиға әсте келмейді, яғни ол жердегі уахи аян ұғымындағы уахи болып табылады. Мәселен, «Нахыл» сүресінің 68-аятында: «Раббың араға «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!» - деп уахи етті», - деген жолдар бар. Ал енді осы мәтінге қарап, «аралардан да пайғамбар келді» дей алмаймыз ғой. Дәл сол секілді Хазіреті Мұсаның анасы мен Мәриям анаға байланысты уахилар да олардың пайғамбарлығына ешқандай да дәлел орнына жүре алмайды.

(Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: