22
Жұма,
Қараша

һижри

Әулиелік және карамат

Ақида
Жарнама

 Әулие сөзі негізінен араб тіліндегі «уәли» - жақын, дос, көмекші, ұғымдарын білдіретін сөздерден шыққан.

Бұл сөздің шариғаттағы мағынасына келсек, күнә істеуден бойын алыс ұстайтын, Аллаға шынайы итағат етуші, Оған деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорыққан және Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) сүннеттерін қалдырмастан мұқияттылықпен орындаған, иманына берік кісі дегенге келеді. «Уәли» сөзінің көпше түрі «Әулие» (достар). Ал Құран мен хадисте «уәли» және «әулие» есімі Аллатың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді. Әйгілі ғұлама Тафтазанидің пікірі бойынша, уәли дегеніміз: «Алланы және Оның сипаттарын біліп, күнәлардан қашып, итағатпен жүруші, ләззәт пен шахуаттарға берілмеген адам».

Құран аяттарынан «Әулияулла» (Алланың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. Себебі, Алла Тағала Өзіне шынайы құлшылығымен мойынұсынушылықтың биік үлгісін көрсетіп, тақуалықпен өмір сүрген құлдарын өзге құлдарынан артық санап, ондай пенделерді Өзіне жақын дос ретінде келтіреді: «Әлә иннә әулияәллаһи лә хауфун аләйһим улә һум яхзану- ун...... Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп- қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі қол жетушілік осы» (10.Юнус, 62-64).

Сонымен қатар Алла Тағала өзіне құлшылық жасауда тақуалықтан айнымаған сүйікті пенделеріне көмекші әрі дос болатындығын мына бір аятпен баян етеді: «Алла – иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады.....» (2.Бақара-257).

«Шынында менің уәлиім Құран түсірген Алла» (7.Ағраф – 196) Алла Тағаланың уәли құлының өзгелерден айыра- тын басты екі ерекшелігі бар екендігін мына бір аяттан аңғарамыз: «Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар» (10.Юнус-63). Яғни, бұл ерекшелік иман мен тақуалық болып табылады. Иманды болу, яғни иман етудің не екендігі баршамызға мәлім. Ал тақуалық дегеніміз не деп сұрар болсаңыз, мына аятқа зер салып қарағаныңыз абзал: «Жүздеріңді шығысқа-батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуді жақсы көре отырып, мал сарп қылса әрі намазды толық орындап, зекет берсе, өзара байланысқан уәдесін орындаушы, таршылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар» (2.Бақара-177). Тақуа сөзі Алладан көбірек қорқып, әрдайым Алланың әмірі мен тыйымдарын бұлжытпай орындаушы деген ұғымды білдіреді. Алланың уәли яғни әулие құлдары осы айтылған сипаттың шыңына жеткен жандар болып саналады.

 Сайд ибн Жубайрдың риуаяты бойынша, Хазіреті Пайғамбардан (с.а.у.): «Алланың уәли (әулие) құлдары кімдер?» - деп сұралғанда, Хазіреті Пайғамбарымыз былай деп жауап береді: «Олар сондай кісілер, оларды көрген кезде Алла Тағала еске түседі». Демек, Алла Тағала достарының болмысынан олардың әдепті, адамдық қасиеттері мол, парасатты, жүзінен нұр тамған иман жүзді, инабатты, кішіпейіл әрі Жаратушыдан бөлекше қорқа білетін жандар екендігін пайымдаймыз. Алланың тақуа, уәли құлдарының бейнесінен шынайы құлшылықтың нышанын аңғаруға болады. Өйткені Алланың әулие құлдарының жүзіндерінде сәжденің іздері мен құлшылықтың нұрлы бейнесі болатындығын мына аят білдіреді: «Олардың жүздерінде сәжделердің ізінің дерегі бар» (48.Фатх-29).

Хазіреті Омардың риуаяты бойынша, Расулулла былай дейді: «Алланың құлдарынан кейбір адамдар бар, олар шейіт те емес, пайғамбар да емес. Бірақ қиямет күні олардың дәрежелеріне пайғамбарлар мен шейіттер қызығып қарайды». Сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі! Олар кімдер және қандай амал жасайды екен? Бізге де айтсаңыз, біз оларды жақсы көріп, құрметтейік», - деген кезде, Хазіреті Пайғамбарымыз сөзін былай деп жалғастырды: «Бұлар бір топ болып, араларында туыстық, бір-біріне беретін мал мен дүниелік пайдалары болмастан, тек Алла разылығы үшін және Алла жолында бір-бірлерін жақсы көреді. Аллаға ант етемін. Олардың жүздері бір нұр секілді және олар нұрдан жасалған бір баспалдақ үстінде. Адамдар қорыққан кезде, олар қорықпайды. Адамдар қайғырған кезде, олар қайғырмайды», - деп олардың сипаттарын айтқан. Пайғамбарымыз сөзін мына аятпен ары қарай жалғастырды: «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақыретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне үлкен табысқа қол жеткізушілік осы» (10.Юнус, 62-64).

 Алланың достары жайында қысқаша мағлұмат бере отырып әулиелердің осы аят пен хадистегі сипаттарына тоқталдық. Міне, осындай әулие кісілер Алланың өздеріне берген кеңшілігі мен артықшылығы арқасында «карамат» көрсетеді. «Карамат» деп Алланың пайғамбарына шын ықылас ниетімен сенген және Аллаға құлшылық етуде алдына жан салмаған әулиелердің табиғат заңдылықтарына қайшы көрсеткен іс-әрекетін айтамыз. Негізінде, бір әулиенің караматы өзінің сенген пайғамбарының мұғжизасынан туындайды. Мұғжиза да, карамат та – төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарда, карамат сол пайғамбардың жолын ұстанушы әулие кісілерде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул әкбар» атты еңбегінде былай дейді: «Әулиелердің көрсеткен караматы хақ». Олай болса, карамат мәселесінде күмәнданудың қажеті жоқ.

Кей адамдардың табиғат заңдылықтарына қайшы келген іс-әрекеттері, көрсеткен караматтары біздің пайымымыздағы діни караматка жатпайды. Яғни, ондай адамдардың сенімдері Ислам ақидасына жатпаса, жасаған амалдары Алланың бұйырған әмірлеріне сәйкес келмесе, харам-халалды, әрбір істі айырмаса, ондай адамның көрсеткен ісін «истидраж» дейміз. Мұндай әрекеттер сол кісілердің күпірлігін арттырумен қатар өзгелердің адасуына себеп болады. Әйгілі сопы Баязид Бистами былай дейді: «Бір адамның ауада малдас құрып отырғанындай карамат көрсеткенін көрсеңіз, ол адамның Алланың әмірлерін, тыйымдарын, бұйырған жолдарын ұстануда шариғатқа сай амал етіп-етпегенін білмейінше, ондайларға сенбеңдер, алданып қалмаңдар».

Алла достарының караматы Құран, Сүннет және Ижма бойынша қабыл етіліп, дәлелдері келтірілген. Әуелі Құран аятындағы Алла достарының (әулиелер) көрсеткен караматтарына тоқталып өтейік: Хазіреті Зәкәрия (а.с.) балдызы Хазіреті Мариямға мешіттің жанынан арнайы бір бөлме жасап беріп, оны сонда отырғызатын және қажетті заттарын өзі алып беретін. Зәкәрия (а.с.) уақыт өте келе, Хазіреті Мариямның караматын көре бастайды. Себебі, Хазіреті Мариям ананың бөлмесінде өзінен басқа ешкім кірмейтіндіктен, Хазіреті Мариям ананың алдында жатқан жеміс-жидектерді көріп, еріксіз сұрауға мәжбүр болады. Аятта бұл мәселе былайша баяндалады: «Сонда оны Раббы жақсы қабылдап, көркем өсірумен өсірді және оған Зәкәрияны ие қылды. Зәкәрия оның бөлмесіне әр кіргенде оның қасында тағамды көріп: «Ей, Мариям! Мыналар саған қайдан келді?» - деді. Мариям: «Ол Алланың қасынан, шәксіз Алла қалаған құлын есепсіз ризықтандырады», - деді» (3.Али Имран – 37). Хазіреті Мариям ананың алдында жаз кезінде қыстың жемісі (азығы), қыс кезінде жаздың жемісі (азығы) болатын. Хазіреті Мариям пайғамбар емес, тек Исаның (а.с.) анасы екені анық. Демек, ол пайғамбар болмаса, онда оның алдында жатқан азық пен жемістер оның караматының нәтижесі деген сөз.

«Кәһф» сүресіндегі «Асхабы кәһфтың» үш жүз жыл үңгірде ұйықтап, кейін қайта оянуын мұғжиза дей алмаймыз. Себебі, ол үңгірде паналаған иман жүзді жігіттер пайғамбар емес болатын. Олай болса, олардың үш жүз жыл ұйықтауы сол жігіттер үшін карамат болып есептеледі.

Енді сүннеттен дәлел келтірейік. Хазіреті Пайғамбарымыздың бір хадисінде өткен үмметтерден үш жолаушының жаңбырдан ықтану әрі түнді өткізу үшін бір үңгірге кіріп паналағанын, сол кезде тау басынан құлаған үлкен бір тас үңгірдің аузына кептеліп, әлгі үш кісінің шыға алмай, Аллаға дұға еткені айтылады. Олар өздерінің Алла разылығы үшін жасаған амалдарын айтып, Алладан үңгір аузына кептелген тасты жылжытуын сұранады. Алла олардың мінәжатын қабыл етіп, үңгірдің аузына кептелген тасты жылжытады. Олар үңгірден аман-есен шығады. Міне бұл да олардың жасаған караматы болып табылады.

Хазіреті Омар парсы еліне Ислам дінін жаю үшін әскер жолдайды. Парсылар да қарап отырмастан, мұсылмандарға қарсы қалың қолмен қарсылық танытады. Осындай шайқастың ең шешушісі Хорасан аймағын алу жолындағы шайқас еді. Парсы патшалығының соңғы патшасы ІІІ. Яздигард қалың қол жиып, мұсылмандарға соққы бермек болады. Олардың әскері сан жағынан мұсылмандардан әлдеқайда басым болатын. Шайқас сахарада болады деп белгіленген еді. Сол күні Хазіреті Омар түс көріп, егер сахарада шайқасса жеңілетіндігін, ал тауға бекінсе, жауға бір бағыттан тойтарыс бере алатындығын сезеді. Ертеңінде, жұма күні құтпа оқып жатып, көпшіліктің алдында:

- Я, Сариа жәбәлә, жәбәлә! Ей, Сариа, тауға, тауға! – деп үш рет айғайлайды. Сосын көпке қарап:

- Алла Тағаланың әскері көп, кейбіреулері жеткізуі де мүмкін? – дейді. Кейіннен парсы әскерлері қанша көп болғанымен, жеңіліске ұшыраған хабар Мадинаға жетеді. Сүйінші хабарды жеткізген Сарианың елшісіне Мәдиналықтар:

- Сендер шайқас кезінде ештеңе естімедіңдер ме? – деп сұрады.

- «Ей Сариа тауға!» деген дауысты естіп, тауға тығылдық. Содан жау жеңілді, – деп жауап берді. Иә, бұл да Хазіреті Омардың көрсеткен караматы еді.

Алланың достары атанған әулие құлдарының караматы екі түрлі болады:

  1. Рухани карамат – ілім, ахлақ, ғибадат, мағрифат пен тақуалықта рухани дәрежеге жету. Бұл дәрежеге жеткен әулиелердің әрбір айтқан сөздері ғибратқа толы, мағыналы, әдепті, ешкімнің көңіліне тимейтін әсерлі сөздер болады.
  2. Кәуни және сури карамат - ғайып болған затты әп-сәтте әкелу, апару, бір мекеннен екінші мекенге әп-сәтте жеткізу, жабайы аңдарды адамға қызмет еттіру секілді т.б. күнделікті өмірде көрсететін караматтар. Әулиелер мұндай караматтар көрсетуге әуес болмайды және мұндай караматтарға көңіл бөлмейді де.

Ислам тарихында есімдері ел арасында әулиелігімен танымал болған тұлғалар көп. Сол кісілердің бірнешеуін атын атап өткеніміз абзал болар: Хасан Басри, Малик ибн Динар, Жунейд Бағдади, Абдулқадир Гейлани, Ахмед әр-Рифай, Абдулхалқ Гуждевани, Мәулана Желаледдин Руми, Баязиди Бистами, Бахауддин Нақшибанди, Ахмед Иассауи.

Алланың шынайы досы болуға тырысқан және осы жолдағы әулие жандардың карамат жайындағы ортақ пікірлері мынандай:

  1. Караматты көрсетпей жасыру, яғни карамат Алланың өздеріне жіберген сынағы болғандықтан бұл мәселеде аса мұқият болу.
  2. Карамат негізгі мәселе емес, маңыздысы тура жолдан таймау.
  3. Караматқа емес, шариғатқа ұю маңызды.
  4. Карамат көрсетудегі бір мақсат – жаман мінезді тыю. «Караматым бар деп, елге карамат көрсетпе, одан да нәпсіңді мұсылман ет караматың болса», - дейді тақуалар.
  5. Караматты бір перде деп ұғыну. Сондықтан көрсеткен караматты көпсініп, асып-тасымастан, түк болмағандай жүру арқылы хақ жолдан ауытқымау.

(Матерал «Иман негіздері» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: