18
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Дұрыс жол (хидаят) мен адасушылық (далалат)

Дұрыс жол (хидаят) мен адасушылық (далалат)

Ақида
Жарнама

Хидаят – Алланың бұйырған тура жолына түсу, иман етіп, ізгі амал істеу. Ал, далалат – хақ жолдан бас тартып, адасушылыққа бой алдыру деген ұғымды білдіреді.

Кейбір мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала пенденің қалауынан тыс не хидаят нәсіп етеді, не далалатқа салады. Бұл әрине, қате пікір. Мәселен, Алла сізді еріксіз далалатқа (адасушылыққа) түсірді делік. Адасушылықпен ғұмыр кешкендіктен сіз, әлбетте, тозаққа лайықсыз. Енді сіз тозақтық болардың алдында: «Я, Алла! Мені мына дүниеге жібердің де, ешқандай ерік берместен адасушылардың санатына тастадың. Енді мені неге жазаламақсың? Менің нендей күнәм бар? Өзің адастырып, Өзің жазаламақсың. Бұл Сенің әділдігіңе жатпайды ғой», - деп, сөзсіз уәж айтпайсыз ба?! Сондықтан Алла ешкімді зорлап хидаятқа, не далалатқа түсірмейді. Алла құлдарына жәбір көрсетуден пәк. Себебі, Оның мейірімі де, рахымы да шексіз! Пенде тура жолға түспек болып ниет етсе, барлық ықыласымен Алладан тілесе, шүбәсіз оған хидаят нәсіп болады. Егер адасушылардың жолын таңдап, хақ жолды қабыл еткісі келмей бұра тартса, онда оған Аллаһ далалаттың жолын ашады. Ислам бойынша, ешбір пендені дінге, иманға қинап кіргізуге болмайтындығынан баршамыз азды‑көпті хабардармыз. Бұл Ислам дінінің шексіз мейірім діні екенін айғақтайтын бірден‑бір дәлел. Аятта былай дейді: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара сүресі, 256), «(Мұхаммед (с.ғ.с.)) егер Раббың қаласа әрине жер бетіндегілердің барлығы түгелдей иман келтірер еді. Адамдарды иман келтіруге сен күштейсің ба?» (Юнус сүресі, 99). Міне осы аятта айтылғандай, Алла қаласа, барлық адамды еріксіз иманды етер еді. Бірақ, Әділет падишасы әсте олай етпейді, тіпті Пайғамбарымызға да иман мәселесінде ешкімге зорлық көрсетпе деп бұйырады.

Хидаят пен далалат пенденің ниетіне қарай болатын жағдайлар екені Құранда да анық баян етілген: «Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін деп айт» (Юнус сүресі, 108). «Алла құлдарына зұлымдық жасамайды» (Ғафыр сүресі, 31).

Пайғамбарлар да ешкімді мәжбүрлеп иман еттірмей, тек Алланың ақ жолына шақырып, өз міндеттерін ғана атқарған. Иманға көңілі бұрмайтын пендеге пайғамбар ешқандай да бұйрық бере алмайды. Себебі, жол таңдау пенденің қалауында. Қалауына қарай, Алла Тағала сол жолдың есігін ашады. Хазіреті Пайғамбарымыз да көкесі Әбу Тәлібке қанша жалынып, сұранғанымен иманға келтіре алмады. Ең ақырында иманнан қашқан көкесіне, Алла адасушылардың жолын ашты да, ол сол иман келтірмеген күйі бұл дүниеден озды. Тіпті, бар ықыласын адамды тура жолдан тайдыруға арнаған шайтан да адамдарға адасушылықтың жолын көрсетіп, алдап-арбағанымен, бірақ ешбір пендені күштеп адастыруға құдіреті жетпейді. Ал шайтанның шынайы мүминге зәредей зиян тигізе алмайтындығы белгілі: «Менің шынайы құлдарыма ықпалың жүрмейді. Бірақ саған кім ерсе, адасқандардан болады» (Хижр сүресі, 42).

Материал «Иман негіздері» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: