22
Жұма,
Қараша

һижри

Жәбірейілді (ғ.с.) танисыз ба?

Жәбірейілді (ғ.с.) танисыз ба?

Ақида
Жарнама

Періштелердің ең үлкені әрі уахи жеткізуші періштенің есімі – Жәбірейіл. Ол – жаратылыстағы сансыз періштелердің арасындағы ең беделдісі һәм сұлтаны.

Құранда мадақталған өте сенімді періште. Құранның үш жерінде Жәбірейіл періштенің есімі тікелей кездеседі: «Кім Жәбірейілге дұшпан болса, мынаны жақсы білсін: Ол Алланың бұйрығымен Құранды туралық жетекшісі және бұрынғы түскен кітаптарды растаушы һәм мұсылмандарға сүйіншілеуші етіп жүрегіңе түсірді. Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне сондай-ақ Жәбірейіл, Микаилға дұшпан болса, әлбетте Алла кәпірлерге дұшпан»[1]; «Егер екеуің Аллаға тәуба етсеңдер жақсы. Расында жүректерің ауытқыды. Егер екеуің пайғамбарға қарсы бір-біріңе болыссаңдар, оның иесі Алла және Жәбірейіл де, игі мүміндер де тағы олардан кейін періштелер де оған болысады».[2]

Сонымен қатар Жәбірейіл, аяттарда «рух», «руху-л әмин» (сенімді рух), және «руху-л қудус» (қасиетті рух) деген сияқты аттармен де аталады. Құранда: «Ол жоғарғы орынға (Оның Аршына) періштелер және Рух (Жәбірейіл) мөлшері (дүние жыл санауы бойынша) елу мың жылдық жолды бір күнде шығады»[3]; «Сөзсіз, бұл Құран әлемдердің Раббысының түсіргені. Оны Рухул-Әмин (сенімді Рух) әкелді»[4]; «Рухул қудус (Жәбірейіл) Құранды; шынайы түрде иман келтіргендерді бекемдеу һәм мұсылмандар үшін туралық әрі қуаныш түрінде Раббың тарапынан түсірді»,[5] – дейді.

Басқа бір аятта: «Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Алла Тағала білдірмесе) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Алланың рұқсатымен кез-келген іс үшін рух (Жәбірейіл) пен періштелер түседі. (Әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады»,[6] – дейді. Яғни, Құран Кәрім адамзатқа қадірі мен беделі асқан ұлық түнде түскен еді. Осы Қадір түні Алла разылығы үшін жасалған амалдар мен құлшылықтар өзге мың айда жасалынған амал, сауапты іс пен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ. Осы түні Жәбірейіл мен өзге періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Олар Хақ Тағаланың рұқсатымен амал етеді. Сол түні періштелер мұсылмандарға сәлем береді. Олардың сәлем берулері таң ағарғанға дейін жалғасады.[7]

Сонымен қатар Жәбірейіл періштенің міндеттерінің бірі – пайғамбарды қорғау. Бірде Бәдір шайқасында да Жәбірейіл мен Микаил періште пайғамбарымызды дұшпандардан қорғап олардың сағын сындырып, мұсылмандардың рухын көтеріп жігер берген еді.

Әрине, Жәбірейіл таңдаулы және сенімділердің сенімдісі болғандықтан, оның басты міндеті – баршамызға мәлім болғандай Алланың хабарларын, уахи әкелу. Осыған орай Айша (р.анһа) анамыз былай баяндайды: «Алла Елшісіне алғашқы келген уахи оның көз ілген сәттеріндегі «ақиқат түстерімен» басталған. Оның көрген түстері таңғы шапақтай дәл келетін. Кейіннен ол елден бөлек оңаша қалуды қалады. Осыдан кейін ол Хира үңгіріне барып, Алла Тағалаға құлшылық қылатын. Азық алу үшін ғана үйге келіп, көп кідірмей қайта кететін. Алла Елшісіне Хира үңгірінде болған сол күндердің бірінде уахи келді. Оған Жәбірейіл періште келіп «Оқы!», – деді. Ол, «Мен оқи алмаймын», – деп жауап қайырады. Бұл жайлы Алла Елшісінің өзі былай дейді: «Сол уақытта періште мені қапсыра құшақтап алып, тынысым тарылғанға дейін қысты. Содан мені қоя берді де: «Оқы!», – деді. Мен «Оқи алмаймын», – деп жауап бердім. Ол мені қайта құшақтап «оқы» деді. Мен қайта «оқи алмаймын» дедім. Жәбірейіл періште үшінші рет қысып тұрып қоя берді де: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен»[8] деген аятты оқыды...».[9]

Осы күннен бастап Жәбірейіл періште мен пайғамбардың арасында жайма шуақ достық сезімі пайда болғандай еді. Кейінгі уақыттарда Жәбірейіл періште пайғамбарымызға намаздың қалай және қай уақыттарда оқылуы керектігін үйреткен.[10]

Тайыф халқы пайғамбарымызды ренжіткен кезінде тауларға жауапты періштемен бірге келіп пайғамбарымызды жұбатқан да осы Жәбірейіл періште еді.[11] Бірде пайғамбарымыз науқастанып қалғанда Алладан шипа тілеген де осы Жәбірейіл періште болатын.[12] Мінеки, пайғамбарымыз бен Жәбірейіл періштенің арасындағы достық осылайша жалғасты. Тіпті бірде Жәбірейіл періште досының қасында ұзақ уақыт болғанын қалағанда мына аят түскен-ді: «Раббымның әмірімен ғана түсеміз. Алды-артымыздағы және екі арадағы жағдайларды білу Оған тән...».[13]

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Бақара, 2/97-98

[2] Тахрим, 66/4

[3] Мағариж, 70/4

[4] Шұғара, 26/193

[5] Нахыл, 16/102; Бақара, 2/87

[6] Қадір, 97/1-5

[7] әс-Сағди, Тәйсирул-Кәримир-Рахман, V/424

[8] Ғалақ, 96/1-5

[9] Бухари, Бәдул-уахи; 1/2-3

[10] Әбу Дәуд, Салат, 2; Тирмизи, Салат, 1; Нәсай, Мәуақит, 10, 15

[11] Ибн Сағд, Табақатул-Кубра, Бейрут, 1978, 1/210

[12] Қараңыз: Муслим, Сәлам, 40; Тирмизи, Жәнаиз, 4

[13] Мәриям, 19/64

Бөлісу: