22
Жұма,
Қараша

һижри

Хамәлат-ул Арш періштелері

Хамәлат-ул Арш періштелері

Ақида
Жарнама

Бұлар аршты[1] көтеретін (қалай көтеретіні бізге беймәлім) періштелер. Хамәлат-ул Арш періштелерін үлкен төрт періштеден кейінгі Аллаға жақын періштелер деуге болады.

Бұл тақырыпқа қатысты Құранда төмендегідей аяттар бар: «(Мұхаммед с.ғ.с.) періштелерді аршының айналасында Раббыларын дәріптеген түрде көресің. Олардың арасында ақиқат бойынша үкім етіледі. Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббына лайық делінеді»[2]; «Сондай аршыны көтерген және оның маңындағы періштелер, Раббыларын мақтаумен дәріптейді. Оған сенеді. Сондай-ақ мүміндер үшін: «Раббымыз! Мәрхаметің, әр нәрсені толық қамтыған. Тәубе етіп, жолыңа түскендерді жарылқа! Оларды тозақтан сақтай гөр!», Раббымыз! Оларды әрі аталарынан, жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса, оларды өзің уәде еткен Адын жаннаттарына кіргізе гөр. Күдіксіз Сен тым үстем, аса данасың».[3]

Аршыны көтеруде деген сөз періштелерге аршыны қорғау және ұйымдастыру міндеті жүктелгенін білдірсе керек. Немесе бұның олардың арш иесі Алла Тағалаға деген жақындығының белгісі болуы да ықтимал.[4] Олар сап-сап болып, Алланың бірлігі мен ұлылығын жария етеді, дәріптейді, сонымен қоса құлшылық жасай отырып мұсылмандар үшін де дұға етеді. Хамәлат-ул Арш періштелерінің саны туралы Құран Кәрімде: «Періште көктің айналасында болады (Қиямет күні аспан қақ айрылып жан-жақтан періштелер әсем түрде түсіріліп, адамдардың маңайын қоршайды). Сондай-ақ ол күні Раббыңның аршысын сегіз (жауапты періштелер) көтеріп тұрады»,[5] – дейді. Аяттағы сегіз періште міндетті түрде сегіз емес, бәлкім сегіз топты меңзеп тұрған болар. Бірақ олардың бейнелерін біз біле алмаймыз. Әбу Дәудтің риуаят еткен бір хадисінде пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Маған, Хамәлат-ул Арш періштелерін түсіндіруге рұқсат берілді. Оның құлақ ұшы мен мойынының арасын да жеті жүз жылдық қашықтық бар»,[6] – дейді. Яғни бұл хадистің мағынасынан мынадай қорытынды жасауға болады: бұл періштенің бейнесін елестете алмайтын және ақылымызбен топшылай алмайтындығымызды білдіреді.

Бәлкім пайғамбарымыз білген және көргендерінің барлығын бізге айтпаған да болар. Сонымен қатар, олар біздің діни және әлеуметтік өмірімізге еш қатысы да жоқ. Пайғамбарымыздың Алланың рұқсатынсыз еш нәрсе айтпағанын ескерсек, бұл хадисінің де бізге беймәлім нәрселердің бары күмәнсіз. Хамәлат-ул Арш және Самауат[7] періштелердің бірі «Нәсир», екіншісі «Сәур».[8] Ұлы Жаратушы, Арш пен аспанның жеті қабатын қадағалауға міндеттеген періштелері тәрізді жер шарын да қадағалайтын екі періште тағайындаған. Ол періштелердің бірінің есімі «Һуд» екіншісі «Сәур». Сонымен қатар «муқаррабун» яғни, Алла Тағалаға өте жақын, мейірімді періштелер бар. Бұлар тек құлшылықпен ғана айналысады. Құранда бұл періштелер жайлы: «...Аллаға жақын періштелер де Аллаға құл болудан әсте арланбайды. Кім Оған құлшылықтан арланып дандайсыса, сонда оларды тұтас өз тарапына жинайды»,[9] – дейді.

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Арш-Ұлы Жаратушының ғалам үстіндегі шексіз иелігінің белгісі

[2] Зүмәр, 39/75

[3] Ғафыр, 40/7-8

[4] Суат Иылдырым, Қуран-ы Хаким Мәалі, 466

[5] Хаққа, 69/17

[6] Әбу Дәуд, Сүннет, 18

[7] Самауат-Аспанның жеті қабаты

[8] Бәйхаки, Шуабул-иман, 433; Зәһаби, Мизанул-итидал, 4/352; Суюти, әд-Дуррул-Мансур, 1/329

[9] Ниса, 4/172

Бөлісу: