22
Жұма,
Қараша

һижри

Сиқырдың алдын алу жолын үйреткен періштелер

Сиқырдың алдын алу жолын үйреткен періштелер

Ақида
Жарнама

Құранда аттары аталатын Һарут пен Марут періштелері тұрғысында адамдар арасында жаңсақ пікір орын алған. 

Бұл жаңсақ пікірдің мәні Һарут пен Марут періштелері сиқырды үйретуші әрі ерлі-зайыптыларды ажыратушы дегенге саяды. Асылында, көк жүзінен жер бетіне түскен пәк екі періште адам баласына мұғжиза мен сиқырдың ара жігін ажырата білсін деп сиқыр туралы мағлұмат берген. Құран Кәрімде бұл періштелер жайлы: «(Олар Тауратты қойып) Сүлейменнің (ғ.с.) патшалығы заманындағы шайтандар оқығанға (сиқырға) ілесті. Сүлеймен (ғ.с.) әсте күпірлік жасамады (сиқыр жасамады). Бірақ шайтандар, адамдарға сиқыр үйретіп, күпірлік жасады. Адамдарға сиқырды және Вавилонда «Һарут, Марут» атты екі періштеге түсірілген ілімді (бұрыс жолмен) үйретті. (Адамдарға сиқырдан сақтану сияқты кейбір жасырын ілімді үйреткен Һарут пен Марут): «Біз сынақ үшін келдік, бізге түсірілген ілімде сынақ әрі бүлік бар.» Осы үшін (бұны дұрыс жолда қолданыңыз; жаман жолда қолданып) күпірлікке түспеңдер! деп ескертпейінше ешкімге ешнәрсе үйретпеген. Бірақ шайтанның алдау-арбауына түскендер сиқырдан да, Һарут пен Марутқа түсірілген ілімнен де ер мен әйелдің арасын айыратын жолдарды үйренуде еді. Олар, Алладан бұйрықсыз ешкімге зиян бере алмайды. Олар өздеріне зиян келтіретін, пайда бермейтін нәрсені үйренген еді. Расында оны (Алланың кітабының орнына сиқырды) айырбастап алған кім болса да ақыретте ешқандай несібесі болмайтынын біледі. Олар, өздеріне нендей жаман нәрсе сатып алғандықтарын білген болса еді»,[1] – дейді.

Сүлеймен пайғамбарға шайтан мен жындарды басқару билігі берілгендігі баян етіледі. Бірде олар Сүлеймен пайғамбарға қарсы шықты. Бірақ діттегендеріне жете алмады. Сүлеймен пайғамбар қайтыс болғаннан кейін шайтан кей адамдарға жамандық атаулыны үйрете бастады.[2]

Сүлеймен пайғамбар қайтыс бола салысымен іштей азғындай бастаған Исрайлұлдарының халқы ендігі кезекте сиқыр мен шайтан жолына түсе бастады. Күн өткен сайын сиқыр халық арасында кең тарай бастады. Кеңінен тараған сиқырдың алдын алу үшін Алла Тағала Исрайлұлдарына Һарут пен Марут атты екі періште жіберді. Лұт пайғамбарға жіберілген періштелердің жас жігіт бейнесінде келгені іспетті[3] бұл періштелер де сірә адам бейнесінде келген болуы керек. Бұлар адамдарға жасырын ілімді сиқырдың алдын алу үшін үйретті. Әрі үйрету барысында үйреткендерін жаман жолға қолданып, бүлікке жол ашуға болмайтындарын ескерткен еді. Соған қарамастан әрбір ілімнің нәтижесін жақсылыққа да, жамандыққа да қолдануға болатыны секілді яһудилер де осы екі періштенің үйреткендерін қоғамда жамандық атаулыға яғни бүлік шығару үшін қолданды. Бұлар әсіресе ерлі-зайыптылардың татулығын бұзуда алдарына жан салмады. Жамандық жасалу үшін жер бетінің түкпір-түкпіріне тараған шайтан әскерлері жиналғанда, іштеріндегі ерекше мақтауға ие болғаны ерлі-зайыптылардың арасына шоқ тастап, оларды ажыратып тынғаны болғаны мәлім.[4]

Материал «Періштелерге иман» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Бақара, 2/102

[2] Қараңыз: Әнғам, 6/121

[3] Қараңыз: Һұд, 11/77

[4] Бухари, Талақ, 25; Али Унал, Қуран мәалі, Тафсир, Бақара, 2/102

Бөлісу: