21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

«Құдіретті» жапырақ

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде бір шаhарда мейірімді, дана қарт өмір сүріпті. Күндердің күнінде саудагерлер сату үшін шаһарға темекі алып келіпті. Шаһар тұрғындары бұрын көрмеген тауарды қызық көріп, саудагерлерді қаумалап қоршай алады. Саудагерлер:

– Керемет жапырақ! Құдіретті жапырақ! Барлық ауруға ем болады! Алғанда арманда, алмағанда арманда! Келіңдер! Дәмін татып көріңдер! – деп жар салады.

Осы шаһарда баяғыдан бері тұратын дана қарт адам басын айналдыратын осы бір өсімдікті жақтырмай қалады. Шамасы, зиян екенін бірден ұққан болар. Қария жиналып қалған қауымға:

– Алыңдар, алыңдар! Бұл «құдіреттің» басқа да пайдалары бар: темекі шеккен адамның үйіне ұры түспейді, ит қаппайды және де ол ешқашан қартаймайды, – депті.

Саудагерлер қуанып кетіп:

– Айтқаныңыздың бәрі рас. Бірақ сіз «құдіретті» жапырақтың мұндай қасиеттері бар екенін қайдан біліп қойдыңыз?! – деп таң қалысады.

– Темекі шегетін адамның үйіне ұры түспейді, өйткені ұрылар түнде тыныш болғанды жақсы көреді. Ал, темекі шегетін адам түнімен күркілдеп жөтеліп ұйықтамайды. Көп ұзамай темекі адамның денсаулығын әлсіретеді де, адам тез қартайып, таяқпен жүруге мәжбүр болады. Таяқпен жүрген адамға қай ит жоласын?! Ол адам ешқашан қартаймайды, себебі жасына жетпей көз жұмады.

Жапырақтың «құдыретіне» анталаған жұрт ойланып қалады…

Бөлісу: