22
Жұма,
Қараша

һижри

Бәрі өткінші...

Бәрі өткінші...

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде бір патша бас уәзірін шақырып, «Маған бір қарағанда қуантатын, тағы бір қарағанда қуанышымды басатын нәрсе тауып әкел» деп тапсырады.

Әлгі уәзір шаһардан шаһар, базардан базар қалдырмай аралап, ондай ештеңе таба алмапты.

Сұрастырмаған кісісі жоқ, бірақ ондай затты ешкім көрмеген және естімеген боп шықты. Мүмкін көрші елдерден табылар деген үмітпен басқа елдерге де ат басын тірейді. Қанша сұрастырып, ізденгенімен еш нәтиже шықпапты. Межелі уақыты таяп қалған ол тіпті тағаты қашып, мазасыздана түседі.

Бір күні көшеде ұсақ-түйек сатып тұрған ақсақалға көзі түседі. «Не де болса өмір көрген кісі ғой, бір білгені бар шығар» деп қарияға шаруасын айтып, түсіндіреді. Ақсақал өмірінде ондай затты көрмегенін айтқанда, уәзірдің үміті үзіліп, басы салбыраған күйі кете барады. Әлденеден соң әлгі қарт уәзірді қайта шақырады. Сөйтіп алдында тұрған арзан жүзіктің бірін алады да ішіне және сыртына жазу жазып, «патшаңа осыны алып бар» деп, бас уәзірдің қолына ұстатады. Жерден жеті қоян тапқандай қуаныштан жүзі жадыраған ол дереу хан сарайына жол тартады.

Айтылған межелі күні патшасының алдына шығады. Патша да «не әкелер екен» деп сабырсыздана күтіп отыр екен. Уәзірдің әкелген жүзігін көргенде «сонша күткендегі әкелгенің осы ма?» деп, жүзікке менсінбей қараған ол ішек-сілесі қатып күледі. Сәлден соң күлкісін жиып жүзікке үңіліп, мұқият қараса «Бәрі өткінші» деп жазылған екен. Бірден ашуы көтерілген патша сол жерде жанып тұрған ошаққа жүзікті лақтырмақ оймен беттей түседі.

Енді ғана отқа тастайын деп жатқанда жүзіктің ішіндегі жазуды байқайды. Көзін салып қараса «Бұл да өтеді» деген жазу екен. Мұны оқыған патшаның ашуы су сепкендей басыла қалады. Сәл ойланған соң жүзікті қолына тағып, уәзіріне сый-сыяпатын берген екен.

Иә, жалған дүниеде тұрақты ештеңе жоқ. Алланың бұл өмірдегі заңдылықтарының бірі - бүткіл жаратылыстың үнемі өзгеріс ішінде болуы. Жағдайлар, оқиғалар, адамдар, құбылыстар, уақыт пен мекен, бәрі.

Дегенмен, бұл бізді жауапкершіліктен босатпайды. Не нәрсенің болсын өткінші, уақытша екенін біле тұра сол мезетте, сол уақыт бөлігінде әрбіріміздің қолымыздан келер ісіміз бен жауапкершілігімізге кіретін жайттардан сұраларымыз анық. Яғни дүниенің өткіншілігі салғырттыққа немесе үмітсіздікке салынуға себеп емес.

 Индира  Жұмабекқызы

Ummet.kz

Бөлісу: