22
Жұма,
Қараша

һижри

Бақытымызды өз шаңырағымыздан іздейік

Бақытымызды өз шаңырағымыздан іздейік

Ғибратнама
Жарнама

Бір күні Қожанасыр көшенің қақ ортасында әр тұсқа бір қарап, шарқ ұрып сандалып, ары-бері ұзақ жүреді. Қожекеңді көргендер:

 –   Қожеке, не болып қалды? – деп жөн сұрайды. Сөйтсе Қожанасыр:

 –   Бір нәрсемді жоғалтып алып едім, соны іздеп жүрмін, – дейді көзін жерден алмастан. Жиналған жұрт Қожекеңді сыйлағандарынан жоғын табуға көмектеспек болып, бірге іздесе бастайды. Олар да ары-бері жүріп, айналадағы жердің бәрін көзбен сүзіп, шолып шығады. Жоғалған нәрсенің табыларынан күдер үзгенде бірі:

 –   Қожеке-ау, тура қай тұста жоғалтып едіңіз, соны айтыңызшы. Сол маңды қарайық, – дейді. Сонда Қожанасыр еш саспастан:

 –   Үйде жоғалтқан едім, – депті. Бұны естіген көпшілік шу ете қалады.

 –   Е, онда далада іздеп неге әуре болып жүрсіз, бағаналы бері үйіңізден іздемейсіз бе? – дейді Қожекеңнің ісіне таң қалғандар.

 –   Үй қараңғы, ал, дала жарық болған соң, осында шығып іздеп жүр едім, – деп жауап беріпті сонда Қожанасыр.

 Әрдайым халқына астарлы әзілімен бағыт-бағдар беруге талпынған дана Қожекең осы іс-әрекетімен маңындағы жұртқа сағымға алданбай, жоғалтқан нәрсесін сол жоғалтқан жерінде іздеу керектігін ескертпек болғандай. Ендеше, біз де осы ақиқатты мойындап, әзәзілдің азғыруына бас имей асылымызды жоғалтпауға күш салайық, қол жеткізсек деп ынтыққан бағалымыз бен бақытымызды айдаладан емес, ыстық ұямыздан, яғни өз шаңырағымыздан  іздейік!

материал «Ислам жанұясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: