21
Бейсенбі,
Қараша

һижри

Күйеуін дуалаған әйел

Күйеуін дуалаған әйел

Ғибратнама
Жарнама

Мінезі жаман кісі екен. Әйеліне тыныштық бермейтін көрінеді. Күйеуінен әбден мезі болған әйел сыртынан дуа оқытпақшы болып шешеді. Ауылдың молдасына мән-жайды айтып, дуа жасап беруін сұрайды.

Қой аузынан шөп алмайтын момын, жуас болсын дейді. Әйелдің мұңын мұқият тыңдап болып: «Болады. Оқимын дуаны. Бірақ бір шарты бар. Соны орындай алсаң, оқып беремін. Күйеуің дегеніңдей адам болып шығады», - дейді. «Барлығына дайынмын, арамыз жақсарып, тату-тәтті болсақ, кез келген шартқа дайынмын», - дейді әйел. Молда: «Дуаны арыстанның жалына оқимын. Анау-мынау емес, аң патшасының жалының қылы керек. Сол кезде, күйеуің жуас, момын болады. Жалды өз қолыңмен кесіп әкелуің тиіс. Әйтпесе, дуаның ешбір күші болмайды», - дейді.

Әйел үндемей тұрып қалды. «Молда ата! Бұл мүмкін емес. Жыртқыш мені көрген сәтте паршалап тастайды. Бұл қауіпті», - дейді. «Қызым! Сенің мәселеңнің шешуі тек осы ғана. Басқа жолы жоқ. Арыстанның жалына оқыған соң бірнеше күн ішінде күйеуі адам танымастай өзгереді», - дейді қарт молда.

Бұл өте ауыр шарт еді. бірақ өмір бойы күйеуінен қорлық көру одан да ауыр. Нар тәуекел деп амалын іздеуге көшті. Аңшыларға барып жөн-жосығын сұрауға кірісті. «Арыстанның жалын кесіп алу тұрмақ маңайына жақындаудың өзі мүмкіне емес. Маңайына барсаң өлдім дей бер», - деді бір аңшы. Серігі: «Менің білетінім, арыстан қарны тоқ кезде қауіпсіз. Егер жыртқышты тойдырып жүрсең, саған бойы үйренуі мүмкін», - дейді. «Бісміллә» деп, әйел іске көшті. Жыртқыш жүретін тоғайға күнде ет тастап кететін болды. Әр күні бірнеше адым жақындап отырды. Уақыт өте жыртқыштың көзі әйелге үйрене бастады. Адамға жыртқыштан гөрі адамның қатыгездігі жаман. Аң екеш аң да қарны ашқанда ғана шабуылдайды екен. Қарны тоқ жыртқыштың адам баласына ешбір қысастығы жоқ екен. Бірнеше айдан соң, әйел дегеніне жетті. Ойламаған істі жүзеге асырды. Аң патшасының жалынан бірнеше талшық қыл кесіп алды.

Әйел молдаға қайта келді. «Міне, айтқаныңызды әкелдім», - деп келіншек жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап. «Айналайын, қызым! Қалайша?! Мұны қалай істедің?» - деді қария. Келіншек оқиғаны бастан аяқ айтып берді. Басынан өткерген қиыншылық пен қорқынышқа қарамай дегеніне жету үшін аянбағанын сөз етті. Мақсатына әр күні бір қадамдап жақындағанын айтты.

«Қызым! Күйеуі қанша ақырса да арыстандай жыртқыш емес. Сен аң патшасының осал тұсын таба білдің. Оны ет беріп қолға үйретуге болатынны көрдің. Күйеуіңнің де нәзік жері бар. Сүйіспеншілігіңмен оған жақындай түс. Сонда, оның ақыл-ойында сен ғана боласың», - деген екен қарт молда.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: