10
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақ жолға бастаған екі ауыз сөз

Ақ жолға бастаған екі ауыз сөз

Ғибратнама
Жарнама

Рухани алып Хасан Басри бір күні жолдастарымен жолда кетіп бара жатып, елге танымал жоғарғы шенді бір төренің баласын жолықтырыпты.

Елге үкімі жүріп тұрған басшының баласы маймаңдаған боз жорға үстінде бір топ қызметшілерімен сырнайлатып- кернейлетіп кетіп бара жатса керек. Хасан Басри жол ортасында тұрып аз-кем жөн сұрасқаннан кейін балаға қарап:

– Ей, бай-манаптың баласы! Сендердің нені болсын, кімді болсын ақшамен өлшейтіндерің белгілі. Мұндайға менен басқа ешкімнің жүрегі дауалай қоймас. Саған бір-екі ауыз сөз сатайын, соған келісесің бе? – депті. Төре баласы:

– Мейлі, алайын, қаншаға сатпақсыз? – депті. Хасан Басри екі сөзін екі күміске бағалайтындығын айтыпты да: – Өзіңнің жеке басыңда үйің бар ма?- деп сұрапты. Бала:

– Иә, бар, – деп жауап беріпті. Хасан Басри: – Мирас қалып па еді, әлде, өзің салғыздың ба? – деп қайта сұрапты. Бала: – Өзім салғыздым, – деп жауап беріпті. Хасан Басри:

– Қанша уақытта салғыздың? – деп сұрапты. Бала:

– Оған уақыт көп кетті, – депті. Хасан Басри:

– Күш-қуатың бола тұра неге тезірек салғызбадың? – деп сұрапты. Бала:

– Үйдің ғимаратының ауыр ағаштары мен тастарын тасыған малдарға жаным ашыды. Сондықтан оларға аз-аздап тасытып, көп жүк артқызбадым, – деп жауап беріпті. Хасан Басри бұл жолы:

– Ей, елге сыйлы басшының ұлы! Малдарыңа жаның ашығанда неге өз- өзіңе жаның ашымайды? Оларға қиналмасын деп ауыр жүк артпадың, ал өзің неге мұншама ауыр күнә арқалап жүрсің? Одан да өзіңе жаның ашыса шы?! – депті. Аталы сөз балаға қатты әсер еткен еді. Жалма-жан атынан түсіп Хасан Басридың қолын алыпты. Сөйтіпті де сабырсыздана:

– Уа, ақсақал! Екі күмісіңізді қолма-қол берейін, екінші сөзіңізді де айтыңыз, – депті жалынып. Хасан Басри екінші сөзін айтпақ болып:

– Қайда бара жатыр едің? – деп сұрапты. Бала:

– Мемлекет басшысына барып жауапты қызмет алмақ едім, – деп жауап беріпті. Хасан Басри:

– Қарашы, мемлекет басшысына бара жатырмын деп барынша әдемі киініп, үстіңе хош иістер сеуіпсің. Неліктен? Өйткені мемлекет басшысы мен соның қарамағындағылардың қасына барғанда ұялып жерге қарамас үшін. Алайда олар да жұмыр басты пенде. Сені мен менен артықшылығы жоқ. Ал енді сенен сұрайын, о дүниеге барғаныңда осыншама күнәла-рыңмен, осыншама кінәларыңмен пайғамбарлар мен небір әулиелердің жанында Алла тағаланың алдына шығып есеп беруге ұялмайсың ба?..

Әулиенің сөзі сүйегінен өткен төре баласы ат тізгінін бірден қызметшісіне ұстатып өзі бұдан былайғы өмірін бұ дүниелік өткінші ләззаттарға алданбай, әулиенің етегінен ұстап, тақуалық жолмен өткізуге табан астында уәде берген екен. Ұлы Жаратушы бәрімізді де айтылған ақиқатқа мойынсұнатын жақсылық сүйгіш иманды құлдарынан қылғай! 

материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: