Абдулла ибн Әбу Әуфа былай деп әңгімелейді: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қасында отырғанымызда, оған бір кісі келіп:
– Уа, Расулалла, өлім халінде жатқан бір жас жігіт бар, оған «Лә иләһә иллаллаһ» десек те, бір түрлі қайталап айта алмайды, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Намаз оқитын ба еді? – деп сұрады. Келген кісі:
– Иә, оқитын, – деді. Осыдан кейін орнынан тұрды. Бізде онымен бірге орнымыздан тұрдық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жаңағы жігітке барды да оған:
– Лә иләһә иллаллаһ деп айт, – деді. Жігіт:
– Айта алмаймын.
– Неге айта алмайсың? –деп сұрады.
– Анасына қарсы келетін, – деді біреу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): – Анасы тірі ме? – деп сұрады. Сол жердегілер:
– Иә, тірі, – деп бас шұлғысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Шақыраңдар, – дегеннен кейін қасындағылар барып анасын шақырып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан:
– Бұл аурып жатқан жігіт сіздің балаңыз ба? – деп сұрады. Анасы:
– Иә, менің ұлым, – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) одан:
– Қараңыз. Мына жерге от жағып, ұлыңызды сол отқа тастаймыз.
Егер кешірсеңіз, ұлыңызды отқа жақпаймыз. Ал егер кешірмесеңіз, онда ұлыңызды отқа жағамыз десе, не істер едіңіз? Шапағат қылар ма едіңіз? – деп сұрады:
– Иә, шапағат етер едім, – деді анасы. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Олай болса, өзіңізге қарсылық көрсеткен бұл ұлды жәһаннам отынан құтқару үшін ақыңызды адалдап, оған риза екендігіңізге Алланы және мені куә қылыңыз, – деді. Анасы:
– Уа, Раббым, сені және пайғамбарыңды куә етемін. Ұлыма риза мын, ақымды кешірдім, – деді. Осыдан кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Мен арқылы бұл жасты жәһаннам отынан құтқарған Аллаға шүкір, – деді.
материал «Негізгі діни мағлұматтар» кітабынан алынды,
ummet.kz