19
Жұма,
Сәуір

һижри

Ғылымға бет бұрғызған кеңес

Ғылымға бет бұрғызған кеңес

Ғибратнама
Жарнама

Куфада құрылған ірі сауда алаңының бірі Әбу Ханифаның жібек саудасымен айналысатын дүкені орналасқан Кунаса базары еді.

Әбу Ханифаның дүкені Куфа мешітінің дәл қасынан орын тепкен-ді. Сауда орталығының мешітке жақын маңы әуелі ғылыми орталық қызметін атқарған. Бұл тек сауда емес, түрлі дін, ұлт өкілдері қатар орын тепкен дінаралық қатынастар мен қақтығыстардың, мәдени байланыстардың орталығына да айналды.

Әбу Ханифаның ғылыми танымының қалыптасуына туған жері Куфа өз әсерін тигізді. Куфа көне мәдениеттердің бесігі болумен қатар сахабалардың да көптеп қоныс аударған және сол сахабалардың ілім кәусарынан сусындаған табиғиндердің өмір сүріп, ілім шырағын шартарапқа таратқан айтулы өңір болатын.

Әбу Ханифа ілім алумен қатар ешкімге кіріптар болмау үшін әкеден қалған кәсібіне, яғни саудаға көбірек көңіл бөлемін деп, көбіне ілім алқаларына тұрақты қатыса алмайтын. Ғұламалардың біразы Әбу Ханифаның зеректігін, ақылдылығы мен ерекше алғырлығын байқап, мұндай зеректік, данышпандықтың сауда жолында ғана жұмсалуын обал санап, саудаға мән бергенінен гөрі ілімге бер бұрғанын қатты қалады. Солардың бірі әш-Шағби еді.

«Бір күні әш-Шағбидің жанынан өтіп бара жатқан едім. Мені қасына шақырып алып:

- Қайда барып жүрсің? — деді.
- Базарға, — дедім.
- Оны сұрап тұрғаным жоқ, қай ұстаздан ілім үйреніп жүрсің?
- Ешқайсысының сабағына тұрақты барып жүрген жоқпын.
- Ілім алуды және білімді кісілермен жолығуды еш уақытта тастама. Сен зерек, ақылды да ерік-жігері мол жігітсің, - деді.

Оның бұл сөзі маған айрықша әсер етті. Содан бастап көп уақытымды ілім алуға бөлдім. Алла Тағалаға мың да бір шүкір, Шағбидың ақылы менің ілімге терең бойлауыма себепкер болды», - дейді.

Осылайша, Әбу Ханифа ілімге біржолата ден қояды. Алайда саудадан да қол үзбейді. Өмірінің соңына дейін өзінің сенімді серіктестері арқылы кәсібін жалғастыра берді. Ара-тұра досынан сауданың мән-жайын біліп, шариғатқа сай болуын қатаң қадағалайтын.

материал «Ғұмыры ғибрат ғұлама Имам Ағзам Әбу Ханифа» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: