25
Бейсенбі,
Сәуір

һижри

Кедей кісінің кемеңгерлігі

Кедей кісінің кемеңгерлігі

Ғибратнама
Жарнама

 Алла Тағаланың сүйікті құлы пайғамбарымыз Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір топ кісілер қаумалай отырысып, алқа-қотан әңгіме-дүкен құрып отырды. Бір уақытта үстіндегі киімі жұпынылау бір кедей мұсылман есіктен бас сұқты.

Ислам әдебі бойынша қонақтардың үстінен түскен адам өзіне арнайы орын таңдап жатпастан табылған орынға отыра кетуі керекті. Ол да соның ыңғайымен отырғандарды асығыстау көзімен бір шолып, бостау тұрған бір орынға жайғаса кетті. Алайда бір қызығы – ол тұс бай біреу отырған жер болатын. Кедей келіп қасына отырғанда, онымен қатар отыруға намыстанған әлгі бай қымбат шапанының етек-жеңін жиыңқырап ұстаған күйі аулағырақ барып басқа орынға отырды. Оның бұл қылығын жақтырмаған Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): 

– Немене, кедейлігі жұғып кетеді деп қорықтың ба? – деді байға қарап. Ол:

– Жоқ,- деді. Пайғамбарымыз тағы да:

– Жоқ әлде ырысың ауып кетеді деп қорықтың ба? – деді. Ол болса:

– Я, Расулалла, ондай да ойым болған жоқ, – деп ақталғансыды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):

– Онда неге аулағырақ барып отырдың? – деп сұрағанда, ол өзінің үлкен қателік жасағанын аңғарып: Менен бір ағаттық кеткен екен. Оны мойындаймын. Осы қателігімді жуып-шаюды ниет етіп, бар байлығымның тең жартысын осы мұсылман бауырыма бағыштасам деймін. Сірә, кемсітті деп көңліне қатты алып қалған шығар. Мені кешірсін, – деп жаңағы кедей мұсылманнан кешірім сұрамақ болды. Алайда кедей мұсылман болса күтпеген жерден:

– Я, Расулалла! Маған оның байлығы керек емес, – деп үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бұған отырғандардың бәрі таңғала неліктен екендігін сұрағанда, ол:

Өйткені мен де байлықтың буына мастанып, мына отырған бай секілді күндердің бір күні жағдайы өзімнен төмен мұсылман бір бауырымның көңліне кірбің түсіріп алам ба деп қорқамын, – деп, өзінің нағыз мұсылман екендігіне жұртты тәнті ете мағыналы жауап қайырған екен.

материал «Тағылым тамшылары» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: