29
Жұма,
Наурыз

һижри

Қайыр сұрап келген адамға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқаны

Қайыр сұрап келген адамға Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқаны

Ғибратнама
Жарнама

Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбарымызға (с.а.у.) бір адам келіп, нәпақа сұрайды. Сонда Алла елшісі ол адамға:

- Үйіңде дүние-мүлкің бар ма? – деп сұрайды.

- Бір шеті күйген тоқым (немесе төсеніш) бар, Я, Расулалла! Біз оған отырамыз да, жатамыз да. Ұйықтағанда жартысын астымызға төсеп, қалған бөлігін үстімізге жабамыз. Одан басқа, ағаш табақ бар. Сол табақпен су ішіп, ас ішеміз. Басымызды да сол табаққа жуамыз, - деп жауап береді. Сонда Алла елшісі:

- Олай болса, соның бәрін әкелгін, - деп бұйырады.

Ол үйіне барып, аталмыш екі бұйымын Алла елшісіне алып келгеннен кейін, Алла елшісі ол екі затты алып айналадағы халыққа: «Мына екі затты кім сатып алады?» - деп жар салады. Естіген жұрттың арасынан біреу шығып: «Мен ол екеуін бір дирһамға аламын» дейді. Тағы біреу шығып: «мен ол екеуін екі дирһамға аламын» дейді. Алла елшісі екі дирһамға алам деген сахабаға екі затты беріп, екі дирһам ақшаны алады да, қайыр сұрай келген адамның қолына ұстатып:

«Мына екі дирһамның біріне азық-түлік алып, үйіңе апар. Екінші дирһамға балта сатып ал да, маған кел», - деп айтады.

Әлгі адам Пайғамбарымыз айтқандай істеп, Алла елшісіне келеді. Алла елшісі балтасына сап жасап береді де, оған балтасын беріп жатып:

«Енді, бар да, отын шап. Кейін сол отынды сат. Мен сені он бес күн бойы көрмейтін болайын», - деп бұйырады.

Жаңағы адам ол жерден кеткеннен кейін, отын шауып, кейін оны сатып, он дирһам ақша табыс табады. Ақшасының бір бөлігіне киім-кешек алада, қалған бөлігіне азық-түлік алады. Сөйтіп ол Пайғамбарымызға келгенде Пайғамбарымыз оған: «Сен үшін Қиямет күні тек тозақ оты ғана өшіре алатын бетіңдегі «қайыр тілену» қара дақпен келуіңнен гөрі, осылай істеуің (еңбек етуің) жақсырақ емес пе?!» - дейді» (Әбу Ләйс әс-Самарқанди: Тәнбиһуль Ғафилин. 339 бет; Имам Әбу Дәуід: «Сүнән»).

материал «Заман тудырған сұрақтар, І том» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: