07
Жұма,
Қараша

һижри

Имам Ахмад ибн Ханбәл (р.а) мен наубайшының хикаясы

Имам Ахмад ибн Ханбәл (р.а) мен наубайшының хикаясы

Ғибратнама
Жарнама

Күндердің бір күнінде ғұлама Имам Ахмад ибн Ханбәл (р.а) бір шаһарға сапар шегеді.

Бөтен қала болғанынан ба, ел есімін естісе де, түр әлпетін танитындар бірең-сараң. Қас қарайып түн болады. Сөйтіп ол жатын орын іздейді. Қонатын жер таба алмайды. Осылайша Ахмад ибн Ханбәл (р.а) сол шаһардың мешітіне барып сонда қонбақшы болады. Дегенмен мешіт қарауылы түн ортасында келген бұл бейтаныс жанды кіргізуден бас тартады. Сөйтіп қараңғы түнде оған мешіт ішіне қонуға рұқсат бермей, мешітті жабатынын айтып қуып шығады.

Имам Ахмад (р.а): Бұл – Алланың үйі. Мен болсам, Алланың құлымын. Енді қайда барамын? – деп қанша көндірсе де көнбеген күзетші оны мешіттен шығарады. Сөйтіп онда мешіт ауласына түнейін дегенінде, әлгі күзетші бой бермей оннан да Имам Ахмадты (р.а) шығарып тастайды. Мұны сырттан бір наубайшы байқап тұрған екен. Имам Ахмадтың (р.а) үсті-басына қараса, қаңғыбас біреуге ұқсамайды. Түр сифаты да қастандық қылатын қарақшыға келмейді.

Сонымен наубайшы Имам Ахмадты (р.а) наубайханасына қонуға шақырады. Имам Ахмад (р.а) қуана-қуана келіседі. Екеуі наубайханаға кірген соң, наубайшы ассуын беріп, жататын орнын көрсетіп, үстіне ауыстыратын киім беріп, өзі күнделікті үйреншікті ісіне кірісіп кетеді. Имам Ахмад (р.а) қараса, әлгі наубайшы қамыр илеп жатып, аузы тынбай күбірлеп «истиғфар» айтып тұр екен. Басында аса мән бере қоймаған Имам Ахмад (р.а) наубайшының ұзақ уақыт бойы тоқтамай истиғфар айтып тұрғанын көріп, іштей таңданады.

Имам Ахмад  (р.а) осылайша тынығып алады. Содан таң намазына тұрып, намаздарын оқығаннан кейін отырып әңгімелеседі. Әңгіме арасында Имам Ахмад (р.а) түндегі истиғфары жайлы сұрайды.

Наубайшы: «Мен әрдайым қамыр илегенде истиғфар айтып илеймін. Наубайшылықпен айналысқаныма көп уақыт болды. Бірақ бұл амалымды тастаған емеспін»,-дейді. «Оның саған пайдасы тиді ме?», - деп сұрайды Имам Ахмад (р.а)» Пайдасын көп көрдім. Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Раббымнан не тілесем де, дұғаларым қабыл болып келеді», - деген наубайшы сәл кідіріп: «Алайда, бір тілегім бар еді. Әлі күнге дейін қабыл болмай жүр!»,-деп айтады. «Ол қандай дұға еді?»,-деп сұрағанында былай жауап қайтарыпты: «Имам Ахмад ибн Ханбәлді (р.а) көрсем ғой деген тілегім бар еді. Нәсіп болмай жүр!», - депті.

Таңданысы одан бетер артқан Имам Ахмад ибн Ханбәл (р.а) наубайшыға: «Еее...олай болса бұл дұғаң да қабыл болған екен! Мен Ахмад ибн Ханбәлмін. Алла Тағала мені саған өзі сүйреп әкеліп қойған екен!»,-деп Имам Ахмад ибн Ханбәл (р.а) күлімсіреп екеуі қуаныштан құшақтасып қайта бір амандасқан екен.

материал «Истиғфар – рахмет есігі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: