«Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірдебір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ. Сондай-ақ, Ол (әрбір тіршілік иесінің анасының құрсағынан бастап бұл дүниеде) жүріп-тұратын жерін де, өлетін (һәм қойылатын) жерін де нақты біледі. Мұның барлығы анық Кітапта (Ләухул-Махфузда) жазулы» [Һуд, 6].
Адамның ең асығатын нәрсесі – ризығы. Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді. Қанша жүгірсең де, бұйырғаннан артық болмайды. Ал адамның ең қорқып, қашатын нәрсесі – ажалы. Ажал да ризық сияқты уақытсәті болғанда есік қағып келеді. Ризық пен ажал өмірге қонақ болып келмей тұрып маңдайға жазылған. Өмірге қонақ адам қонаққа алып келген Алланың қалауынан артық ризыққа жетпейді. Өзін қонаққа алып келген Алланың қалауынан артық өз қалауымен өмірде қала алмайды.
Аллаға сенім арт та, бәрін байыппен орында. Бидай дәні ұнтақталып, ұн қамыр болып иленіп, нан болып сенің алдыңа келеді. Неге? Өйткені ол болмай тұрып саған жазылған. Осылай мыңдаған адам сенің бір тістем азығың үшін еңбек етеді. Өз кезегіңде сен де, басқа мыңдаған адам да басқа біреудің бір тістем ризығы үшін жұмыс жасайсыңдар. Өйткені ол – оның маңдайына жазылған несібесі.
Адамның ризығы да ажалы сияқты қуып жүріп оны тауып алады. «Жер-жаһанда ризығы Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған тіршілік иесі жоқ».
Әрбір қыбырлаған жәндік, жанды заттың ризығы Алланың мойнында. Жер бетінде жеті миллиард адам бар. Соның бәрінің ризығын жазу қиын ғой деуің мүмкін. Бірақ біз – бүкіл жаратылыспен салыстырғанда сахарадағы жетпіс құмырсқадаймыз.
Әрбір адамның ризығын жеткізіп, тауып беретіндер – тек себепші ғана. Қалай, қанша жеткізетінін Раззақ Алла белгілеп қойған. Жаңбырдың әрбір тамшысын Алланың рұқсатымен алып түсетін періштелердің қызметі сияқты.
Қайыр сұраушының қолына берген ақшаң – оның сенің қалтаңдағы ризығы. Әрбір нәрсе реттеліп, өлшеніп, шешіліп қойған. Бір нәрсені де уайымдама. Дұға етсең, бәрі Алланың қалауымен сен ойлағандай болады.
материал Қанат Байбосынұлы, Аслан Орақбаевтың «114» кітабынан алынды,
ummet.kz