05
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың хикаясынан насихат

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың хикаясынан насихат

Ғибратнама
Жарнама

Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) бойындағы тамаша да тартымды қасиеттерінің бірі – жомарттығы мен қонақжайлылығы болатын.

Ол кісі танысын, танымасын әр күні дастарханынан қонақ үзілмеуін қалайтын. Осы қалауы орындалса, төбесі көкке жеткендей қуанатын. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) бойындағы осы бір жақсы қасиетіне орай тарихта жомарттық және қонақжайлылықпен аты қалған адам. Алла Тағала да оның дастарханына толы дәм беріп, еңбегіне қарай береке нәсіп еткен. Бірде хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) үйіне жасы жетпістен асқан, ұзын сақалды, белі бүгілген, бұрын-соңды көрмеген бейтаныс бір адам қонақ болады.

Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар да бәз баяғы әдетінше қонағын ерекше ықыласпен күтіп, бәйек болады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар әлгі адамды әңгімеге тартып, екеуі бір-біріне алма-кезек сұрақ қоя отырып, әңгіме дүкеннің тиегін ағытады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар әңгіме барысында қонақтың пұтқа табынатынын байқайды да, біраз тосылып қалады. Аз-кем үзілістен кейін әңгімесін сабақтап, былайша өрбітеді:

«Әй, бауырым! Мен Алланың жіберген елшісімін. Адамдарды Аллаға құлшылық жасауға шақырамын. Сені қонақ еткенім үшін менің дінімді қабылдауың керек», – дейді. Қонағы оған қарсылық көрсетіп:

«Ренжімеңіз, мырза! Маған бір күн тамақ бергенің үшін, жетпіс жыл бойы ұстанып келген дінімді тәрк ете алмаймын», – деп сөзі бітер-бітпестен үйден шығып кетеді. Көп өтпей Алла Тағала Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға Жәбірейілді (ғ.с.) жібереді де: «Ей, Ибраһим! Үйіңде бір күн қонақ еткеніңді міндетсініп, оған дініңді өзгерт деп неге шарт қоясың? Маған құлшылық етпесе де, Мен оған жетпіс жыл бойы ризық беріп келемін», – дейді. Ибраһим (ғ.с.) жасаған қателігіне қатты қайғырады. Дереу үйінен шығып, әлгі кісінің соңынан қуып жетеді де: «Саған ешқандай шарт қоймаймын, дініңді өзгерт дегенім үшін кешірім өтінемін», – деп оны үйіне қайта шақырады.

Әлгі адам Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аз ғана уақыт ішінде өзгеріп шыға келгеніне таң қалып, неге бұлай өзгергенін, не се- бепті қойған шарттарынан бас тартқанын сұрайды. Сонда Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар: «Раббым, саған шарт қойғаным үшін маған ескерту жасап: «Сен менің жетпіс жыл бойы тамақтандырып келген адамыма бір күн тамақ беріп, дініңді өзгерт деп шарт қойғаның қалай?» – деді. Мен істеген ісіме қатты ұялдым», – дейді.

Бұл жағдай әлгі кісіге қатты әсер етеді. Сөйтіп ол: «Рас айтасың ба? Раббың мен сияқты қарапайым бір адам үшін саған ескерту жасаған болса, Ол нағыз Тәңір екен. Мен сенің дініңді қабылдадым» – деп, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың өтінішін қабылдайды да, оның құтты қонағы болады. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың басынан өткен осы бір хикая бізге қайырымдылық қылушы қарымтасыз қалмайтындығын түсіндіргендей. Байқап қарасақ, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар қонақжайлылықпен, қайырымдылықпен қонағын құрметтесе де, пенделік қателікке бой алдырып, қонағына жетпіс жыл ұстанып келген дінін тәрк етіп, өз дінін қабылдауды бірден ұсынды.

Нәтижеде, қонағы ат-тонын ала қашты. Алайда, Рақымды Алла Ибраһимнің (ғ.с.) қайырымдылығының қарымтасына оның қонағын тура жолға салып, Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарды қонағының хидаят табуына себепші етіп қойды. Бір адамның, жетпіс жыл бойы санасына сіңіп, жүрегінен орын алып келген жалған дінінен қайтып, хақиқи дінге қадам қоюына себепші болудың бақыты бұйырды.

материал «Ғибратты оқиғалар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: