21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ине мен қайшы

Ғибратнама
Жарнама

Ертеде бір қарапайым тігінші өмір кешіпті. Қасынан екі елі қалмайтын немересін де ізгілікке тәрбиелеуді ұмытпапты. Бір күні өте қымбат тұратын өткір қайшысымен асыл матаны ұсақтап кесе бастайды. Болған соң қайшыны аяғының астына лақтыра салады да, инесімен кескіленген маталарды бір-біріне қосып тіге бастайды. Іс біткен соң инені бас киіміне әдемілеп қыстырып қояды.

 

Манадан бері бұл көрініске таңқала қарап тұрған немересі: "Неге ана қымбат қайшыны лақтыра салдыңыз да, болмайтын бір инені әспеттеп, басыңызға қадап қойдыңыз?", - дейді. Сонда тігінші: "Қайшы әп-әдемі матаны кескілеп, бөлшектеп тастайды. Ал ине болса нәзік әрі әлсіз болғанына қарамай, бөлінген бөлшектердің басын қосуға тырысады. Сосын олардан әдемі киімдер шығарады. Балам! Қандай биік деңгейден көрінсе де, ешуақытта бөліп-бөлшектеуге, бірлікке сына қағып, сызат түсіруге ұмтылып жүргендерге болыспа. Олардың дәрежесін көтерме. Керісінше, әлсіз болса да бірлікке шақырып, ауызбіршілікке жұмылдырып жүргендердің абыройын артырып, демеп-көтермелеп, қасынан табыл" - деген екен.

Бөлісу: