21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Қу дүние

Ғибратнама
Жарнама

Бір күні Иса пайғамбар (а.с.) жолға шықпақ болып жиналады. Кенет оған бір адам келіп өзін де ала кетуін өтінеді. Пайғамбар келіседі. Екеуі жолдас боп, бірге сапар шегеді.

 

Ұзақ жүріп бір өзеннің жағасына демалып, сол жерде ауқаттанып, аяқ суытады. Дастарханға қойылған үш нанның екеуін жеп, біреуі қалады. Хазірет Иса (а.с.) өзеннен су ішіп келгенде, үшінші нан жоғын байқайды.

–  Нанды кім алды? – деп серігінен сұрайды.

–  Білмеймін, – деп жауап береді жолдасы.

Иса (а.с.) қайталап сұрамай, тұрып жүре береді. Жолдасы еріп отырады. Олар ұзақ жүреді. Жолда егіз лағымен бір киік жайылып жүреді. Иса (а.с.) лақтың біреуін ұстап сойып, екеуі еттің жартысын асып жеп алады. Иса пайғамбар (а.с.) қалған шикі етке:«Алланың рұқсатымен қайтадан тіріл», – дегенде, ет дереу баяғы сүйкімді лақ қалпына келіп, енесіне қосылып жортып кетеді. Иса (а.с.) жолдасына қайтадан:

–  Осы мұғжизаны көрсеткен Алланың атымен сұраймын, нанды кім алды? – дейді. Жолдасы тағы да білмейтінін қайталайды. Иса (а.с.) қазбалап сұрамастан ары қарай қадам басады, жолдасы еріп отырады. Біраз жүргеннен кейін алдарынан үлкен көл шығады. Пайғамбар серігін қолынан жетектеп, өзеннің арғы бетіне су үстімен жер басып жүргендей адымдап өте шығады. Сосын тағы да:

– Осы мұғжизаны көрсеткен Алланың атымен сұраймын, нанды кім алды? – дейді. Жолдасы әдеттегідей жарытып жауап бермейді. Екеуі ұзақ жерді бағындырады. Алдарынан шөл дала кездеседі. Иса (а.с.) сусыған құмды уыстап бір жерге жинап, көлемі біршама үлкен бір төмпешік жасайды. Одан соң пайғамбар: «Алланың рұқсатымен алтын бол», – дегенде, жаңағы үйінді әп-сәтте алтынға айналады. Иса (а.с.) серігіне баяғы сұрақты тағы қояды.

Серігі бастапқы жауабынан танбайды. «Ендеше, – дейді Иса пайғамбар, – мына алтынның үштен бірі менікі, үштен бірі сенікі, қалған үштен бірі нанды алғандікі». Бұл жолы жолдасы беті бүлк етпестен нанды өзі алғанын айтады. Ерткен адамының арсыздығына қынжылған Иса (а.с.) дүниенің құлы болған өтірікші жол серігін алтындардың жанына тастап жеке кетіп қалады. Ұры болса ойланбастан оңай олжаға мәз боп қала береді.

Кенет алыстан екі адамның қарасы көрінеді. Олар жақындап келіп төбе боп үйілген алтынды көріп, иелене қалған арсыздан тартып алмақ болады. Алтын иесі қарақшылардың әрқайсысына алтынның үштен бірін беріп әйтеуір жанын алып қалады. Бірігіп, алтынды қалаға апару жағын ойластырып үшеуі бір шешімге келеді. Қарақшылардың біреуі қаладан көлік пен азық-түлік әкелмек болып аттанады.

Алайда жолда арам бір ойдың жетегімен өзіне тиесілі алтынды азырқанып, қалған екеуін өлтіріп байлығын еселей түскісі келеді. Сол ниетпен әкелетін тамағына у қосуды жөн көреді. Мына жақта алтынды күзетіп қалған екеу де нашар пиғылдарын жоспарлап, іске асырмаққа келісіп алады. Мақсаттары ананың әкелген асын ішіп, көлігін пайдаланбақ, өзін өлтіріп, алтынды үшке емес екіге бөлмек.

Көп ұзамай қалаға кеткен серіктері келді де, сол жерде екі досының қолынан қаза тапты. Дүние мен байлыққа тоймаған екі сорлы да марқұмның әкелген асын қомағайлана ішіп, артынша уланып, жан тапсырды.

Біраздан соң еліне қайтып келе жатқан Иса (а.с.) үш бірдей адамды жұтып тынған үйінді алтын мен үш ашкөздің өлігін көрді. Тамағына кептелген өксіктен даусы дірілдеп жанындағыларға:

– Міне, қу дүниеге құштар болған адамдардың тағдыры. Мұндайдан сақ болыңдар. Түсінген адамға бұдан артық қандай ғибрат керек?! – деді.    

 

 Құдайберді БАҒАША

Бөлісу: