16
Сейсенбі,
Сәуір

һижри

Жақсылықты шартсыз жаса

Ғибратнама
Жарнама

Ибраһим пайғамбардың бойындағы ең тамаша ерекшеліктердің бірі, жомарттығы мен қонақжайлылығы еді. Оның дастарханында күн сайын танитын яки танымайтын қонақтардың келуін қалайтын.

Осы қалауы орындалса төбесі көкке жетердей қуанып, өзін бақытты сезінетін-ді. Хазіреті Ибраһимнің бойындағы осы жақсы қасиетіне орай тарихта жомарттық пен қонақжайлылықтың озық үлгісі ретінде аты қалған. Алла да оның дастарханына дәм беріп, еңбегіне береке нәсіп еткен.

Бір күні кешкісін хазіреті Ибраһимнің үйіне жасы жетпістен асқан, сақалы ұзын, белі бүгілген бұрын-соңды көрмеген бейтаныс бір адам қонақ болады. Ибраһим пайғамбар да әдеттегідей кімсің, не істеп жүрсің деп сұрамай, ерекше бір ықыласпен күтіп алды.

Кешкі ас дайын болғанша әлгі қонақты әңгімеге тартып, не қылған жан екенін, жөн сұрасып танысып отырды. Екеуі бір-біріне кезек-кезек сұрақ қойысып, әңгіменің қызығына берілді.

Ибраһим пайғамбар әңгіме барысында қонақтың пұтқа табынатынын байқады да біраз іркіліп қалды. Кішкене үнсіздіктен кейін әңгімесін былай жалғастырды: «Ей, бауырым! Мен Алланың жіберген елшісімін. Адамдарды Аллаға құлшылық жасауға шақырамын. Сені қонақ қылуым үшін менің дінімді қабыл етуің керек».

Қонақ оған ішіндегісін жасырмай қарсылығын білдірді: «Ренжіме мырза! Маған бір күн тамақ берді екен деп жетпіс жыл бойы ұстанып келген дінімді өзгерте алмаймын». Сөзін бітірер бітірмес орнынан тұрдыда үйден шығып кетті.

Көп уақыт өтпей Алла Ибраһим пайғамбарға Жәбірейілді жіберді де «Ей, Ибраһим! Үйіңде бір күн қонақ қылғаныңды міндетсініп, оған дініңді өзгерт деп қалайша шарт қоясың? Мен оған, Маған құлшылық қылмаса да жетпіс жыл бойы рызықтандырып келемін», - деп айтқызады.

Ибраһим пайғамбар Раббысынан ескерту алғанына қатты мұңаяды. Дереу үйінен шықты да әлгі адамға жетіп алды. Оны үйіне қайта шақырып өтініш жасады. Саған ешқандай шарт қоймай қонақ қыламын. Дініңді өзгерт дегенім үшін кешірім өтінем.

Әлгі адам Ибраһим пайғамбардың аз уақыттың ішінде өзгеріп шыға келгеніне таңырқап қалады. Сөйтіп, неге бұлай өзгергенін, қойған шартынан не үшін бас тартып тұрғандығының себебін сұрады.

Ибраһим пайғамбар: «Раббым, саған шарт қойғаным үшін маған ескерту жасады. «Сен менің жетпіс жыл бойы тамақтандырып келген адамыма, бір күн тамақ беріп дініңді өзгерт деп шарт қойғаның қалай?» - деді. Мен істеген ісіме қатты ұялдым», - деп түсіндірді.

Оның айтқандары қарияға қатты әсер етті. Сөйтіп: Рас айтасың ба? Раббың мен сияқты қарапайым бір адам үшін саған ескерту жасаған болса, Ол нағыз Тәңір екен. Мен сенің дініңді қабыл етемін», - деп Ибраһим пайғамбардың өтінішін қабылдады да оның құтты қонағы болды.

Бөлісу: