21
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Жеңілдік

Ғибратнама
Жарнама

Он екі мүшеміз сау бола тұра біз көп жағдайда өзгелерге қол ұшын беруге, көмектесуге келгенде немқұрайлылық танытамыз. Ал егер басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, тіпті де өзімізді дәрменсіз есептеп, өзгелердің бізге көмек беруін міндет деп білеміз. Негізінде, бұл – рухани әлсіздіктің белгісі.

Пенденің бұл дүниедегі басты мақсаты – иманды өтіп, ізгі амал арқылы Алла Тағаланың разылығына лайық болу. Ал, бұл үшін Жаратушы Иеміз бізге он екі мүшеміздің сау болуын міндеттемеген. Басты мәселе – пенде өзін түрлі ахуалдан жоғары сезіне білуінде. Осы айтылғанға мына әңгіме дәлел:

Аяқ киім дүкеніне келген тауарларын сөрелерге орналастырып жатқан дүкеншінің ісін көшеден бір бала бақылап тұрды.

Жазғы демалыс таяп қалғандықтан, спорт аяқ киіміне сұраныс көп еді. Олардың ең әдемілерін жұртшылық назарына түссін деп қойып жатқанда, сатушының көзі балдаққа сүйеніп тұрған балаға түсті. Байқап қараса, сол аяғы тізесінен шолақ екен.

Бала аяқ-киімдерге қызыға қарап тұр. Сатушының соны байқап қойғанын сезген ол бұрылып кете бермекші еді, сатушы сыртқа жүгіріп шықты.

- Балақай! Аяқ киім керек пе? Биылғы аяқ киімдер өте әдемі, байқадың ба? - деді.

Бала оған:

- Иә, шынында да, өте әдемі екен,-деп жауап қатты. - Бірақ менің бір аяғым туылғалы кеміс.

- Оның оқасы жоқ! Мына пәниде кемшіліксіз адам жоқ шығар. Біреудің тәнінде, енді біреудің ақылы мен иманында кемшілік болады.

Бала үнсіз тұрып қалды. Ал дүкенші сөзін сабақтап:

- Әттең, кемшілік иманымызда емес, аяғымызда ғана болса еді,-деп күрсінді.

Бала сатушыға жақындап келіп:

 - Сөзіңізді түсінбедім. Неге олай дейсіз?-деді.

- Өйткені, иманымыз болмаса жұмаққа кіре алмаймыз. Ал аяғымыздың жоқ болғаны жәннатқа кіруімізге кедергі бола алмайды. Ол жақта бүкіл кемшіліктеріміз түзеледі. Сонымен қатар, мына дүниедегі қиыншылықтарға сабыр еткендерге мол сыйлықтар бар, - деді.

Дүкеншінің сөздерін мұқият тыңдап тұрған бала осы күнге дейін қинап жүрген жарасы жазыла бастағандай сезінді.

Сатушы сөрелерді нұсқап:

- Сен көрген аяқ киім саған жарасады! Киіп көресің бе?-деді.

Бала:

- Оның бағасы 30 доллар. Оны алуға ақшам жетпейді-деді.

- Саған арзандатып беремін. Оған қоса сен біреуін ғана аласың. Бұл саған одан сайын жеңілдік болады.

Бала біраз ойланып:

- Екінші жұбы іске аспай қалады ғой. Сосын оны кім алады?-деді.

-Сен оған қам жемей-ақ қой. Мен оны оң аяғы жоқ адамға сатамын. Сен оқушы шығарсың?

- Әрине, 4-ші сыныпты бітіріп, 5-ші сыныпқа өтемін.

- О-о-о, бұл тіптен жақсы ғой. Біз оқушыларға жеңілдік жасаймыз. Сонда саған аяқ киім 5 долларға түсіп тұр. Ал ендеше осыны саттым саған.

Дүкенші баланың таңырқап тұрған сәтін пайдаланып, дүкенге дереу кіріп, әдемі аяқ киімді алып шықты да баланың аяғына кигізді. Сонан соң:

- Ал енді сен маған ескі аяқ киіміңді сат! - деп жабыса кетті: - Маған соны сатсаң, саған шексіз риза боламын.

- Қалжыңдап тұрсыз ба? Мұның табаны түсуге айналған. Ескі аяқ киім ақша болушы ма еді? - деді бала таңданып.

Сатушы:

- Досым сенің антикалық заттардан хабарың жоқ сияқты. Зат қаншалықты ескі болса, соншалықты қымбат болады. Сондықтан да, сенің аяқ киімің кемінде 30-40 доллардан кем болмайды – деді де, баланың қолына ақшаны ұстатты.

Бала аң-таң. Болып жатқан іс өңі ме, түсі ме. Өміріндегі ең тамаша кезі – дүкеншінің оған ақша ұстатып жатқаны болды.

Бала өз-өзіне келіп, есін жиғаннан соң сатушыға 10 долларды беріп тұрып:

- Маған 30 да жетеді. Өзіңіз айтқандай, қазір жеңілдікпен сату науқаны емес пе? - деп күлімсіреді.

Оның көңілін аулаған сатушы 10 долларды қайтып алды да баланың маңдайынан сүйді. Осы сәтте ол өзін өте бақытты сезінді. 

Бөлісу: