23
Сенбі,
Қараша

һижри

Жәннатқа кіру жолын жеңілдететін амал

Ғибратнама
Жарнама

Білім – адамның құлағы естіген, аузы айтқан ең жақсы сөз. Білім – ең жақсы мақсат, ал сол мақсатқа ұмтылушы жер бетін басқан адамдардың ардақтысы. Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталатынын баршамыз білеміз. 

Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы Исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Адам баласының қоғамдық ортадағы дәрежесі де білім деңгейіне қарай анықталады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, кейін оны өзге мұсылман бауырына үйреткені» деді. (Ибн Мәжаһ)

Асыл дініміз білім алуға және сол алған білімді басқаларға да үйретуге шақыратын дін. Әдетте, біз садақа сөзін естігенде міндетті түрде қолдағы барымызды жарлы адамдарға үлестіру деп қана ұғынамыз. Ал, Исламда садақаның түрі көп. Сіздің адамдарға жылылық танытып, жымиғаныңыздың өзі садақа болып саналады.   Адамдар арасында жымиып жүру Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізгі амалдарынан. Ал, үздіксіз білім іздеу де оның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі аларлық игі істерінен. Хадистердің тағы бірінде адам баласы қайтыс болған уақытта оның үш амалынан басқа барлық амалдары тоқтатылады: соның екіншісі ретінде «өзге адамға үйреткен білімі тоқтамайды» деп ғылымның үздіксіз жалғасып тұратындығы туралы айтылған. Жазушы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деп айтқанындай, қай заманда болмасын ілім алу бірінші орында тұру қажет. Сондықтан бабаларымыз: «Білім инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаса керек. Раббымыз бізге: «Раббым! Менің білімімді арттыр!» деп дұға жасауды да үйретті. («Таһа» сүресі, 114). Келесі аятта: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» – деп білім иелерін ардақтайды («Зумар» сүресі, 9). Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кім білім іздеу жолына түссе, Алла Тағала оған сол арқылы Жәннатқа бару жолын жеңілдетеді»  (Муслим) деп білім ізденушілерді Жәннатқа жақындатуға сүйіншіледі.  Кез-келген адамды біліммен сусындандырушы – бір Алла.  Біз  әрбір намазда, әрбір дұға қабыл болатын сәтте Алла Тағаладан екі дүниеге пайдалы білімді сұрауымыз қажет. Жаратушы Иеміз бізді және сіздерді жақсы білімге дұрыс амал жасауымызды нәсіп етсін!

ummet.kz

Бөлісу: