30
Дүйсенбі,
Желтоқсан

һижри

Абақты

Ғибратнама
Жарнама

- Тілдесуге небәрі 20 минут уақытыңыз бар.

- Рахмет. Конвой, сөзімнен сөкеттік көрмесеңіз,  бізді оңаша қалдыра тұрсаңыз екен,- деп кезекшінің жүзіне бақұл әрекетті күткендей телмірді. Түрме ішіндегі шендінің шығысымен бөлме іші аздап есеңгіреп қалғандай үнсіздікке көмілді.

- Хәлің қалай, досым?

- Аллаға шүкір, жақсымын.

 - О тоба, мынаны қара! Төрт қабырғаға тұншығып отырған жайың мынау, Тәңіріңді ұмытпапсың ғой,- деді де жымысқы күлкісімен жымиып алды. Мұндай тоқ күлкінің астарына үңіле қоймаған Мансұр елемеген күйі әңгімесін ауыстыруды жөн көріп еді.

- Иә, бауырым, өз хәлің қалай Бүтінбісің? Әке-шешең, екі қарындасың қалай?

- Түуһһ, досым, олардан неге сұрайсың! Әйтеуір, абақтыда емес қой. Әлденені шырамытсақ та мал табамыз. Бізді мейлің, сенің жағдайыңды нашар деп естідім. Қиналып жүрген секілдісің. Рас па?!

- Әли, осы тұсыма да разымын. Тумаластарға осылай жеткіз. Сен ойлағандай бостандығымнан арылғам жоқ. Тек алғашында түрме атауынан жасқанғаным болмаса. алайда,  мұнда келгелі өмірім күрт өзгерді.

- Өміріңді қайдам, аздап бітімің жақсарыпты. Оныңа таласым жоқ. Дегенмен, мұндағы өмір тозақ қой, бауырым. Бір-бірімізді алдап қайтеміз Бастысы -  мейлінше шыдап бақ. Күн көзін көрер мезгілің де алыс емес. Аман болсақ, бір мәнісін қарастырармыз, - деп сабырлы үнмен отырған досының қолынан ұстады.

- Сен де бір пендесің-ау, достым. Білместікпен не айтып, не қойып жатқаныңды ұғар емессің. Сабыр қыл дегеніңе мойынсұнсам да, темір тор өмірін арғы тозақпен салыстырғаныңа көне алмадым. Әуелі Алла барлығымызға жар болсын! Біліп-білмей, жасын-жария істеген күнәларымызды кешсін деп тілейік.

- Ой сен де бір пәтуашы, ғалымси саласың-ей. Қамауға түсем деп молда болып кеткенің қалай?! Тәәәк... Мұнда бір гәптың бары анық. Әлде, түрме әкімшілігі жасырын күйінде террористер әзірлеп жүр ме - деп досын түрткендей болып еді,  оқтаулы сөзге шыдас бермей Мансұр сөзін бөлді. 

- Астапыралла, досым! Сабыр сақта! Әрбір сөзімізге түптің-түбінде жауап береріміз хақ. Күнә қылма. Сенің де мүмкіндігің бар. Неге түсінбейсің?! Баста.  Жығыл. Сол да қиын ба?

- Мансұұр! Осы әңгімеңді тыңдап жалықтым. Тағы да қайталайын, менің қазір намаз оқуға уақытым жоқ. Таңертеңнен кешке дейін ғибадат жасап қана жүрсем, ауру шешемнің еміне кім ақша табады Айтшы. Одан да шынайы көзбен қара.

- Айту – парызым. Бірақ, түсінесің бе, өзгенің ала жібін аттаймын деп темір тор ар жағындағы тартқан тауқыметіме еш бармақ тістемедім. Шенділердің қолына ілінгеніме-ақ мәз екенмін. Себебін білесің бе? Мұнда түспегенімде істеген қылығымнан есеп сұрауды білмес екенмін. Жоқшылықтың кебін киген сол бір шақтардағы ұрлығымды күнәға баламаған болар ем. Ал қазір ше? Бәрі басқаша. Хақты танығалы көп болмаса да өмірдің шын мәнін түсіндім. Шынтуайтына келгенде менің емес, мына сенің сүріп отырған ортаң абақты. Әнеубіреуді соққыға жығып, теңгесін аларсың, өзгесін тақырға отырғызып, обалына қаларсың.. сөйтесің де өмір бойы үрейлене әлдекімдерден қашып-ақ жүресің. Тығылып, тыныш өміріңнен үзілерсің. Айтшы, қане, қайсысы абақты. Әлбетте, мұнымен абақтыны жақтап, сырттағы өмірді балағат тұтып жатқаным емес. Тек, әр нәрсенің байыбына бара білу керек екен. Төрт қабырғаға қамалсам да, көрер күнім қараңғы емес. Біл, досым. Бәрін ысырып қарашы. Намаз - жәннаттың кілті деген.  Ал сен анаңды жақсы көресің. Солай емес пе?

- Иә...

- Ал анаң Хақты таныды деп ойлаймысың? Сәждеге маңдайы тиді ме?

- Жоқ...

- Ендеше, өзіңді қойшы, жаның ашымауы мүмкін. Ал анаңның құлшылық қылмаса жәннат төрінен орын ала алмайтынын біле тұра қалайша тыным тауып ұйықтай аласың? Мұндай оймен қалайша тамағыңнан ас өтеді Сырқаттанған анаң үшін дұға етші! Мейірімі шексіз Жаратушы Аллам міндетті түрде ниетіңе қарай несібеңді берер. Тек, күдер үзбе. Нәпақаны ұрлық-қарлықсыз-ақ табуға міндеттісің. Жауап берші. Әрбір тәулікте бір сәт уақытыңды Құдайыңа арнау соншалықты қиын ба? Неге үндемейсің? Жауап берші, қане.   

Досының сөзі өтті білем, Әли жылап жіберді. Екі қолын кеудесіне қойып тұрып "анашым" деп еңіреуден басқа әрекетке дәрмені жете қоймады.  Ал төбелеп, төтесінен айтылған сөзіне өзі күрсініп Мансұр тағы да сөзін жалғады.

- Солай, досым.Мен кетейін, уақытым келді, - дегені сол еді,  сөзін күтпестен Әли қалуын өтіне берді.

- Қалшы, досым.Тағы да сөзіңді естігім келед. Кетпеші. Әлі 10 минут уақытымыз бар емес пе!

- Иә, кезекшінің алып кетуіне 10 минут бар. Дегенмен, бесін намазының уақыты да таяп қалды. Оны оқымай жаным жай таппас. Ал біз тағы да жүздесеміз. Келесі келгеніңде діни кітаптарымды сүйрей келемін.Тек, сен айтылған әңгімеден ой түй. Ғибадатыңды бастар уақ келді.

- Иә... Алла бұйырса, бастауға ниеттімін.. Сау боп тұр!

- Көріскенше, бауырым! Конвой.

Сағым МАТҚАЛИ

 

 

 

Бөлісу: