22
Жұма,
Қараша

һижри

Алыста не алыс?

Алыста не алыс?

Ғибратнама
Жарнама

Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп  Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.

- Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой! – дей беріпті.

Мұса қонып, қонағасын жеп, таңертең жүрмек болады.

- Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? – депті Байдалы.

- Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін дағы, - депті Мұса.

- Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! – дейді қарт. Мұса: «айтыңыз» деп тыңдайды.

Байдалы қарт сонда:

- Алыста не алыс?

Жақында не жақын?

Тәтті де не тәтті? – дейді.

Мұса ойланып отырып:

- Жер мен көктің арасы алыс,

Кісіге туыс жақын,

Бала тәтті, - депті.

Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:

- Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында – ажал жақын, - депті.

Ummet.kz

Бөлісу: