15
Сәрсенбі,
Шілде

һижри

Құрандағы мұсылманның 7 сипаты

Құрандағы мұсылманның 7 сипаты

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Хақ Тағала қасиетті Құранның толықтай бір сүресін «Муминун» яғни, «мүміндер» деген атаумен атап, аталмыш сүренің алғашқы аяттары мұсылман мүминдерге тән сипаттармен басталған.

Омар ибн Хаттаб (р.ғ.)-дан, Алланың Елшісі (с.ғ.с.):

 لَقَدْ أُنْزِلَ عَلَيَّ عَشْر آيَات مَنْ أَقَامَهُنَّ دَخَلَ الْجَنَّة " ثُمَّ قَرَأَ " قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ " حَتَّى خَتَمَ عَشْر  آياتٍ

«Маған он аят түсті. Кім оларды орындаса жәннәтқа кіреді»,-деп, содан соң, «Шынында иман келтіргендер құтылды»,-дегеннен (бастап) оныншы аятты тәмамдағанға дейін оқыды». (Хадисті имам Тирмизи риуаят етті).

Құранның тәпсіршісі Ибн Кәсир (р.х.) «Муминун» сүресінің бірінші аятын төмендегідей тәпсірлеген:

«Алла Тағаланың:

" قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ "

«Шынында мүминдер құтылды»,-дегені, яғни, жетістікке жетіп, бақытқа және құтылуға қол жеткізді. Олар мына сипаттармен сипатталған мүминдер»,-деп кейінгі аяттарда айтылған мүминдердің сипаттарына меңзеген.   

         Бірінші сипат:

* الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ

Олар, сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. (2)

Сахаба Ибн Аббас (р.х.)  " خَاشِعُونَ "деген  сөзді «Намаздарында қорқынышпен және тыныш тұрғандар»,- деп тәпсірлесе, шейх Мұхаммад Али ас-Сабуни: «Яғни, олар намаздарында Алланың ұлылығы мен құдыретінің алдында жүректерін үрей басып, мойынсұнған күйде қорқынышпен тұратындар»,-деп түсіндірген.

Мұхаммад ибн Сирин (р.х.):

كَانَ أَصْحَاب رَسُول اللَّه صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَرْفَعُونَ أَبْصَارهمْ إِلَى السَّمَاء فِي الصَّلَاة فَلَمَّا نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَة " قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتهمْ خَاشِعُونَ " خَفَضُوا أَبْصَارهمْ إِلَى مَوْضِع سُجُودهمْ

«Алланың елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары намазда көз жанарларын аспанға көтеретін еді. Алайда, " قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتهمْ خَاشِعُونَ " деген аят түскен соң көздерін сәжде орындарына бағыттайтын болды»,-деген.

Кейбір ғалымдар «Хушуғь» деген сөзді намазда денесінің бір бөлігімен ойнап тұрудан және артық қимылдан аулақ болу деп түсіндірген. Олардың келтірген дәлелі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазда өзінің сақалымен ойнап отырған кісіні көріп:

لَوْ خَشَعَ قَلْبُ هَذَا لَخَشَعَتْ جَوَارِحُهُ

«Егер мынаның жүрегі тынышталғанда дене мүшелері тынышталар еді»,-деп ескерту айтқан.

Әли ибн Әбу Толиб (р.ғ.): الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَдеген аят жайында: «Хушуғь» ол – жүректе болады. Бұл – мұсылман адамға алақаныңды иіп, намазыңда (қажетсіз қимылдар жасамауың) жан-жаққа бұрыла бермеуің»,-деп айтқан.

Екінші сипат:

             * وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ

Олар, пайдасы жоқ, бос нәрселерден бас тартатындар. (3)

Аяттағы  اللَّغْوُ «Әл-Лағу» сөзді Ибн Кәсир (р.х.) тәпсірінде: «Ширк пен күнәні қамтыған (батыл) жалған істер, сондай-ақ, пайдасыз сөздер мен істер жатады»,- деп тәпсірлеген. «Софуату әт-Тәфәсир» тәпсір кітабында: «Өтірік, балағат, әзіл сөздер», деп түсіндірілген.

Хадисте: «Жаман сөз айтушы мен оны басқаларға жеткізуші күнәда тең» дейді.

Тағы бір хадисте: «Мүмин жәннатқа кірмейінше жақсы сөзді тыңдаудан жалықпайды». «Мүмин басқаларды масқараламайды, әдепсіздік істемейді, ұятсыз болмайды және лағынет айтпайды».

Демек, мүмин тек жақсы сөз сөйлеп, оған құлақ асып, өсек-аяңнан т.б. жаман сөздерден аулақ болады.

Жаратқан Иеміз Фурқан сүресінің 72-ші аятында мүминдер жайлы былай деген:

وَإِذَا مَرُّوا بِاللَّغْوِ مَرُّوا كِرَامً

«Әрі олар өтірік нәрселерге қатыспайты және бос нәрселердің (пайдасыз бос сөздер мен істердің) жанынан өткенде, өз қадыр-абыройын сақтап өтеді»

 Үшінші сипат:

 * وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ

Олар, зекеттерін береді. (4)

 Төртінші сипат:

 * وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ

Олар, ұятты жерлерін сақтайды. (5)

Нағыз мүмин ары мен ұятты жерін зинадан сақтайды.

Зина жасау мүміннің рухани жан дүниесін құрдымға жетелейтін арсыз іс. Адам зина жасаған сәтінде мүмін ретінде зина етпейді және шынайы мұсылман мұндай әрекетке бармайтыны жайында хадисте былай дейді: «Зина жасаған кісі зина жасаған кезде мүмін ретінде зина етпейді». ( Имам Бұхари).

Ардақты пайғамбарымыздың ﴾с.ғ.с.) кепілдік берген өсиетіне аса мән беріп, жұмаққа жетелейтін амалды орындауға талпынайық. Ол жайында мына хадисте былай дейді:

مَنْ يَضْمَنْ لِي مَا بَيْنَ لَحْيَيْهِ وَمَا بَيْنَ رِجْلَيْهِ أَضْمَنْ لَهُ الْجَنَّةَ

«Маған мына екі нәрседе: екі жақ арасындағы тіліне және екі аяқтың арасына (әуретіне) жамандық жасамауға кепілдік берсеңдер, мен сендерге жәннатқа баратындарыңа кепілдік етемін».

 Бесінші сипат:

 * إِلَّا عَلَى أَزْوَاجِهِمْ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُمْ فَإِنَّهُمْ غَيْرُ مَلُومِينَ

Бірақ жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ. (6)

Яғни, мүминдер тек ұятты жерлерін некелі жұбайларына ғана арнайды.

* فَمَنِ ابْتَغَى وَرَاءَ ذَلِكَ فَأُولَئِكَ هُمُ الْعَادُونَ

Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне солар, шектен шығушылар. (7)

Яғни, кімде-кім адал некелі әйелінен басқа ойнас пен зинаны қаласа Алланың дінінде шектен шығып, зор күнәға бой алдырады.

Алтыншы сипат:

 * وَالَّذِينَ هُمْ لِأَمَانَاتِهِمْ وَعَهْدِهِمْ رَاعُونَ

Олар, аманаттарын, уәделерін қорғаушы. (8)

Хадисте: «Мүминнің әдептілігінен: сөйлегенде дұрыс сөз сөйлеу, сөйлеушінің сөзіне құлақ асу, кездескенде жайдары болу, уәде берсе уәдесінде тұру»,-делінген.

Жетінші сипат:

 * وَالَّذِينَ هُمْ عَلَى صَلَوَاتِهِمْ يُحَافِظُونَ

Олар, намаздарына ұқыпты. (9)

Мүмин мұсылмандар намаздарына аса ұқыптылық танытып, өз уақытында  өтейді.

Абдулла ибн Масғуд (р.ғ.) айтты: «Мен пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Алла Тағаланың алдындағы ең сүйікті амал қайсысы?- деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): - Уақытында оқылған намаз,- деді.

Міне, бойында осындай сипаттар табылған мүминдерді Алла Тағала фирдауыс жәннәтімен сүйіншілейді.

 * أُولَئِكَ هُمُ الْوَارِثُونَ

Міне солар, мұрагерлер. (10)

* الَّذِينَ يَرِثُونَ الْفِرْدَوْسَ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ

Олар онда мәңгі қалатын фердауыс жәннатына мұрагер болады. (11)

Бір хадисінде Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген еді:

«Жәннатта жүз дәреже бар. Ол дәрежелердің бірі мен екіншісінің арасы жер мен көк арасының ұзақтығындай. "Фирдаус жәннаты" – олардың ең үстіңгі қабатында тұрғаны. Жәннаттың төрт өзені осы жерден шығады. Оның үстінде Аршы бар. Егер Алладан жәннат сұрасаңдар, осы Фирдаусты сұраңдар».

Жаратушы Хақ Тағала мүмінге тән сипаттар бойымыздан табылуын және фирдаус жәннатымен сүйіншіленген құлдардың қатарында болуды нәсіп етсін!

Нұрлан Рамазанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы

 

Бөлісу: