23
Сейсенбі,
Шілде

һижри

Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді

Бір аят тәпсірі
Жарнама

         Расында Алла Тағала жер бетіне Құран Кәрімді түсіріп адамдардың жүректерін бір-біріне жібітті, араларын  إِنَّمَا الْمُؤْمِنُونَ إِخْوَةٌ (Расында иман иелері бауырлар) деген ақиқатпен бауырластырды. Бұл ақиқат әрі қарай отбасын, қоғамды, діндес адамдарды одан әрі тығыз байланыстырды. Әділдік, ынсаптылық, мейірімділік сынды болымды сипаттар белең алып, адамзат бұрын соңды көрмеген кемел қоғамға куә болды.

 

Ол қоғамның адамдары бір-біріне тірек, әлсіздерге сүйеу,  жетім-жесірлеріне қамқор бола білген. Бұл кемел қоғамның арқасында кемел Құран бар еді. Ол ешкімнің ақысын нақақтан жегізбейтін, әлсіздің үлесін айырып беретін.

         Осы әлсіздердің қатарында жетімдер де бар. Ендеше Құранның жетімдерге қатысты не дегеніне қарайық...

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен...

Сонымен қатар Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауаттар мен сәлемдер болсын...

«Жетім» сөзінің тілдік мағынасы – жалғызсыраған деген мағынада. Мысалға: жетім үй–тұрғыны жоқ үй, жетім дала–халқы кетіп қусыраған жер, жетім мал–шешесі жоқ төл, жетім адам–әкесі мен шешесінен айырылған адам.

Фиқх ілімінде «жетім» деген–балиғатқа толмаған, әкесінен айырылған адам. Егер ол балиғатқа толса оған жетім делінбейді. Пайғамбар (с.а.с) осыған қатысты: لَا يُتْمَ بَعْدَ احْتِلَامٍ "балиғатқа толған соң жетімдік жоқ" дейді.

Құран Кәрімде «жетім» сөзі 23 рет қайталанған, олар 22 аятта кездеседі, оның сегізі жекеше түрде, бір рет екілік түрде және де 14 рет көпше түрде келген. Құран Кәрімде жетімдер туралы айтылған аяттарды мына үш топқа бөліп қарастыруға болады:

  • Ислам шариғаты мен оған дейінгі шариғаттарда жетімге жасалынар жақсылық пен өсиеттер;
  • Рухани құндылықтары мен қоғамдық құқықтары;
  • Материалдық құқықтарына көңіл бөлу.

Біріншісі: Ислам шариғаты мен оған дейінгі шариғаттарда жетімге жасалынар жақсылық пен өсиеттер.

Жетім бала өзіне бас-көз болатын, жылулық көрсетіп, мейірімділік танытатын әкесін жоғалтса да, Алла Тағала ешуақытта оны өз мейірімділігі мен қадағалауынан жырақ қалдырған емес. Алла Тағала:

وَاعْبُدُواْ اللّهَ وَلاَ تُشْرِكُواْ بِهِ شَيْئاً وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ

«Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге жақсылық қылыңдар...»–деп әмір етті (Ниса 36).

وَيُطْعِمُونَ الطَّعَامَ عَلَى حُبِّهِ مِسْكِيناً وَيَتِيماً وَأَسِيراً

«Тамағын жақсы көре тұра міскінге, жетімге және тұтқынға жегізеді»–деп қызықтырды (Инсан 8). Және де мұсылмандарға жарасатын сипат екенін көрсетіп:

أوْ إطْعَامٌ فِي يَوْمٍ ذِي مَسْغَبَةٍ يَتِيمًا ذَا مَقْرَبَةٍ

«Немесе ашаршылық күнде тамақтандыру, жақындағы болған бір жетімді (тамақтандыру)» (Бәләд 14-15) және де

وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْيَتَامَى قُلْ إِصْلاَحٌ لَّهُمْ خَيْرٌ

«...(Мұхаммед с.а.с.) олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды.  «Оларға жақсылық жасау қайырлы іс» де...» деп хабар берді.

Жетімдерге жақсылық жасау тек соңғы дін исламмен ғана шектелмеген. Алла Тағала алғашқы келген пайғамбарларына да осыны әмір еткен, демек ол бізге дейінгі шариғаттарға да тән нәрсе. Мысалға Исраил ұрпақтарына қатысты аятта Алла Тағала:

وَإِذْ أَخَذْنَا مِيثَاقَ بَنِي إِسْرَائِيلَ لاَ تَعْبُدُونَ إِلاَّ اللّهَ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَقُولُواْ لِلنَّاسِ حُسْناً وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ ثُمَّ تَوَلَّيْتُمْ إِلاَّ قَلِيلاً مِّنكُمْ وَأَنتُم مِّعْرِضُونَ

«Бір заманда, Исраил ұрпақтарынан: «Алладан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар, адамдарға көркем сөз сөйлеңдер, намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер» деп ант алған едік. Содан кейін бет бұрдыңдар. Сендерден аз-ақ адам қалды. Өйткені сендер ежелден бет бұрушысыңдар» деп ант алғанын баяндайды (Бақара 83).

Екіншісі: Рухани құндылықтары мен қоғамдық құқықтары.

Алла Тағала шариғатында әкесінен айрылған жетім балаға қамқоршы табылып, жетімдіктің қиындығын көрмей, дұрыс тәрбие мен білім алып, қоғамның кәміл азаматы болып өсуін қамтамасыз еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жетім болып өскен, алайда Алла Тағала Пайғамбарына (с.ғ.с):

أَلَمْ يَجِدْكَ يَتِيماً فَآوَى* وَوَجَدَكَ ضَالّاً فَهَدَى* وَوَجَدَكَ عَائِلاً فَأَغْنَى

«Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма? Сені кедей көріп, байытпады ма?» деп, жетім болса да Алланың жақсылығынан еш жырақ болмағанын баяндайды. (Духа 6-8)

Бұл аятта жетім баланың қоғамнан талап етілетін қажеттіліктері толықтай баяндалған, оны белгілі адам, немесе сол бала үшін жауапты мекемелер орындайды. Олар:

  • Балаға керек баспана; ол аяттың «Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма?» деген бөлігінде көрсетілген;
  • Бала жаман жолға түсіп құрдымға кетпесі үшін берілетін тәлім-тәрбие, ол аяттың «Сені абыржуда көріп, жолға салмады ма?» деген бөлігі;
  • Және де балаға жұмсалатын қаржы-қаражат, яғни «Сені кедей көріп, байытпады ма?» деген аят.

Өз қоғамында салиқалы да дара азаматтардың жетілгенін қалаған адамдар жетімдеріне осылай бас-көз болулары керек. Себебі олар да қоғамның бір тірегі, болашақта қолына қоғам тізгінін алатын адамдар. 

Алла Тағала бұл аятта ислам үмметіне жетімге қамқорлық танытуы үшін жетімнің мысалын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  мысалында баяндаған. Әрбір мұсылман үшін Пайғамбар (с.ғ.с) ұлы тұлға болып табылады, әлбетте ешкім Оны (с.ғ.с) қорламасы анық, ендеше жетім балаға да қабақ шытып, ауыр сөз айтудан сақ болуы керек.

Сонымен қатар жетім баланың қоғамда толыққанды азамат болып өсуі үшін оның рухани құндылығына да көңіл бөлген. Оның еңсесін сындырмай, барынша жұмсақ қарым-қатынаста болуға бұйырады. Алла Тағала Дұха сүресінің 9-шы аятында:

فَأَمَّا الْيَتِيمَ فَلَا تَقْهَرْ

«Ендеше жетімді қорлама!»–дейді. Алла Тағала жетімге қорлық көрсетпе деп тыйым салу үшін де Пайғамбарымызды (с.а.с.) ортаға қойған. Ал Пайғамбардың (с.ғ.с) зәредей болса қиянат жасамасы белгілі. Демек, аманатқа ең берік адамға ескеру жасалса, онда үмметі ол аманаттың қаншалықты маңызды екеніне тағы бір ой жүгірткені жөн.

Ал кімде-кім жетімдерге қорлық жасаса, ақысын бермей, намысын табаласа, ол адамның мұсылмандық сипаттан жұрдай екенін білгейсіз. Алла Тағала ондай кұлдарын сөгіске алып қарғайды. Өзге мұсылмандардың бұл сынды адамдарға ұқсағанын қаламайды. Олар туралы:

أَرَأَيْتَ الَّذِي يُكَذِّبُ بِالدِّينِ* فَذَلِكَ الَّذِي يَدُعُّ الْيَتِيمَ* وَلَا يَحُضُّ عَلَى طَعَامِ الْمِسْكِينِ

«(Мұхаммед Ғ.С.) Сондай дінді өтіріксінгенді көрдің бе? Ол  жетімді жақтырмайды, міскінді тамақтандыруға қызықтырмайды»–дейді (Мағун 1-3). Сол сияқты Фәжр сүресінің 17-ші аятында:

كَلَّا بَل لَّا تُكْرِمُونَ الْيَتِيمَ

«Жоқ олай емес. Сендер жетімге құрмет етпейсіңдер» – деді. Бұл аяттан жетім балаға міндетті түрде құрмет көрсетілуі керек екенін байқауға болады. Мұндағы құрметтің мағынасы – оған тиесілі барлық құқықтардың сақталуы, яғни, тәлім-тәрбиесіз қалдырмау, әр адам өз баласына үйрететін көркем мінезді үйрету, напақасын шығару т.б. Бұл құрмет көрсету деген кей адамдардың ойлағанындай напақасын шығарып қана шектелу емес, алайда үлкен өмірде өзін алып кете алатын мүмкіндіктерді жасап беру.

Құранның әмірлері орындалып, жетімнің өміріне осындай шариғат шуағы шағылысса онда ол өзіне созылған мейірімділікті сезінеді, жалғыздықта қалмайды, басы сипалады, қоғам ішінде бөтендіктен айығады, жарқын болашақты іздейтін еліне жанашыр қалаулы азамат болады.

Үшіншісі: Материалдық құқықтарына көңіл бөлу.

Құран аяттары жетімнің малына аса көп мән берген. Аяттарға амал етілер болса жетімнің малы жоғалмайды да тоналмайды.Оған қоса малы малға ұласар жолдар да көрсетілген. Мысалға Алла Тағала:

وَلَكِنَّ الْبِرَّ مَنْ آَمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآَخِرِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالْكِتَابِ وَالنَّبِيِّينَ وَآَتَى الْمَالَ عَلَى حُبِّهِ ذَوِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينَ

«Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге жақсы көрген малынан берсе...» – дейді (Бақара 177).

Бұл бапта Құранның аяттары өте көп. Жетімдерді Құран Кәрім жақсылық атаулының ешбірінен тыс қалдырмаған. Алла Тағала құлдарына жетімнің малына қол сұғуға да қатаң тиым салған, мысалға:

وَلاَ تَقْرَبُواْ مَالَ الْيَتِيمِ إِلاَّ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ حَتَّى يَبْلُغَ أَشُدَّهُ

«Жетімнің малына жақындамаңдар; бірақ ол, есейгенге дейін жақсы басқаруға болады» (Әнғам 152) аяты. Бұл аятта жетімнің малына қол сұғуға үзілді-кесілді тиым салынған. Тек егер баланы бағушы адам өзі кедей болып, баланың малынан өзіне жетерлік мөлшерде қолданса, немесе баланың малын көбейту үшін айналымға салып дұрыс пайдаланар болса, сонда ғана баланың малынан қолдануға рұқсат беріледі.

Ал енді бала ер жетіп, балиғатқа толып, ақылы толықсыған кезде, оған малы қайтарылады, және де үйлендіру қамы жасалады. Бұл туралы Құран былай дейді:

وَابْتَلُواْ الْيَتَامَى حَتَّىَ إِذَا بَلَغُواْ النِّكَاحَ فَإِنْ آنَسْتُم مِّنْهُمْ رُشْداً فَادْفَعُواْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَأْكُلُوهَا إِسْرَافاً وَبِدَارًا أَن يَكْبَرُواْ وَمَن كَانَ غَنِيّاً فَلْيَسْتَعْفِفْ وَمَن كَانَ فَقِيراً فَلْيَأْكُلْ بِالْمَعْرُوفِ فَإِذَا دَفَعْتُمْ إِلَيْهِمْ أَمْوَالَهُمْ فَأَشْهِدُواْ عَلَيْهِمْ وَكَفَى بِاللّهِ حَسِيباً

«Жетімдерді үйлену шағына жеткенше сынаңдар. Сонда егер олардан бір естиярлық көрсеңдер, дереу олардың малдарын өздеріне беріңдер. Сондай-ақ олардың ержетуінен қорқып, ысыраптап, тездетіп жемеңдер. Ал және біреу бай болса, онда тартынсын да, біреу жарлы болса, онда да орнымен жесін. Қашан олардың малдарын өздеріне тапсырсаңдар, оларға айғақ қойыңдар. Алла есеп көруде жеткілікті» (Ниса 6)

Міне, осылайша Құран Кәрім жетім балаға қатысты адамдардың борышын білдірген. Ал жетім баланы қамқорлығына алып, құшағына басқан адамға келсек, оның да Алланың назарынан тыс қалмасы, зор сауапқа кенелері белгілі. Алайда оны өз алдына жеке тақырыпта баяндайтын боламыз.

Ummet.kz

Бөлісу: